«ANATOM-LIDER» интеллектуалды ойыны
«ANATOM-LIDER» интеллектуалды ойыны: Кім мықты?
Ветеринария факультетінің 1-курс студенттері арасында ветеринария саласының іргетасы болып табылатын «Жануарлар және құстар анатомиясы» пәні бойынша ауқымды білім додасы өтті. Нәйлә Оразқызы Базанова атындағы жануарлар биологиясы кафедрасының оқытушысы Меруерт Мәлікқызының бастамасымен ұйымдастырылған бұл шара болашақ мамандардың теориялық дайындығын ғана емес, олардың кәсіби тапқырлығын да сынады.
Ойын үш күрделі кезеңнен тұрды, олардың әрқайсысы студенттерден ерекше дағдыларды талап етті:
- «Жылдам жауап» — бұл кезеңде қатысушылар шектеулі уақыт ішінде анатомиялық құрылымдар туралы сұрақтарға мүдірмей жауап беріп, өздерінің жедел ойлау қабілеттерін көрсетті. Бұл нағыз білім марафонына айналды.
- «Логика Әлемі» — студенттер экрандағы ребустар арқылы жасырылған терминдерді тапты. Мысалы, грек жаңғағы мен электр схемасы арқылы мидың құрылысын, ал лифт пен түтік арқылы өңештің қызметін тану керек болды. Бұл кезең биологиялық функцияларды бейнелі түрде қабылдауға негізделді.
- «Ақиқат/Жалған» — мұнда қатысушылар ұсынылған ғылыми тұжырымдардың дәлдігін тексеріп, маңызды анатомиялық деректерді қате ақпараттан ажырата білу шеберлігін паш етті.
Сайыс нәтижесі бойынша жеңімпаздарды құттықтаймыз:
1-орын: Вет-02 тобы
2-орын: Вет-12 тобы
3-орын: Вет-14 тобы
4-орын: Вет-13 тобы
Анатомия — ветеринарлық хирургия мен терапияның негізі. Сондықтан бүгінгі білім додасы студенттердің кәсіби маман ретінде қалыптасуына үлкен серпін берді. Болашақ ветеринар мамандарға ғылым жолында сәттілік тілейміз.
