ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУ НӘТИЖЕЛЕРІН ТАНЫСТЫРУҒА АРНАЛҒАН ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛДІ ӨТКІЗУ ТУРАЛЫ ЕСЕП
Ғылыми жобаның күнтізбелік жоспарына сәйкес 2026 жылғы 1 маусымда «Қазақстан Республикасы агроөнеркәсіптік кешенінің ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыру» тақырыбында ғылыми зерттеу нәтижелерін таныстыруға арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Дөңгелек үстелді өткізудің мақсаты – BR22883585 «Жайылымдардың өнімділік әлеуетін арттыру және оларды ұтымды пайдалану бойынша тиімді технологияларды әзірлеу» ғылыми-техникалық бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан «Қазақстанның географиялық және климаттық аймақтары бойынша ГАЖ-технологияларды қолдана отырып, жайылымдардағы сортаң жерлердің деректер базасын құру» жобасы шеңберінде алынған ғылыми зерттеу нәтижелерімен ғылыми қауымдастықты, білім алушыларды және мүдделі сала мамандарын таныстыру болды.
Іс-шара барысында зерттеу тобының мүшелері жүргізілген ғылыми жұмыстардың негізгі нәтижелерін таныстырып, сортаң жерлерді мониторингтеу кезінде геоақпараттық технологияларды қолдану мәселелерін қарастырды. Сонымен қатар жайылымдық алқаптардың жай-күйін бағалау және тұрақты жер пайдалану саласында басқарушылық шешімдер қабылдау үшін деректер базасын құру мүмкіндіктері көрсетілді.
Дөңгелек үстел Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті жыл сайын ұйымдастыратын «Климаттық өзгерістер жағдайындағы тұрақты ауыл шаруашылығы» халықаралық жазғы мектебі аясында өткізілді. Аталған іс-шараның жазғы мектеп бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылуы отандық және шетелдік мамандар арасындағы ғылыми диалогты кеңейтуге әрі тәжірибе алмасуға ықпал етті.
Дөңгелек үстелге жобаның зерттеу тобы мүшелері, шетелдік ғалымдар, докторанттар, магистранттар, жас зерттеушілер және шақырылған қонақтар қатысты. Талқылау барысында қатысушылар ұсынылған нәтижелерге жоғары қызығушылық танытып, жер ресурстарын цифрландыру, ауыл шаруашылығында ГАЖ-технологияларды қолдану және осы бағыттағы зерттеулерді одан әрі дамыту перспективалары бойынша пікір алмасты.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша алынған нәтижелердің Қазақстан Республикасындағы жайылымдық жерлерді мониторингтеу жүйесін жетілдірудегі практикалық маңызы атап өтілді. Сонымен қатар еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніндегі жер ресурстарын басқару саласына цифрлық технологияларды одан әрі енгізу қажеттігі айтылды.








