ҚазҰАЗУ-да ТІЛ АПТАЛЫҒЫ БАСТАЛДЫ
2026 жылғы 25 қыркүйек — Қазақстан Республикасында Жалпыұлттық аза тұту күні

ҚазҰАЗУ-да ТІЛ АПТАЛЫҒЫ БАСТАЛДЫ

2026 жылғы 21 қыркүйекте Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде Қазақстан халқының тілдері күніне арналған «Тіл – халықтың жүрегі, ұлттың тірегі» апталығының ашылу салтанаты өтті. Апталықты Тілдер кафедрасы мен Тәрбие жөніндегі департамент ұйымдастырды.

Апталықтың мақсаты – мемлекеттік тілді насихаттай отырып, студенттерді туған тілімізді құрметтеуге шақыру, тілді ұлттық мұра ретінде қастерлеуге үндеу, білім алушылардың елжандылық сезімдерінің қалыптасуына ықпал ету. Осы орайда апталық аясында «Толық адам – ХХІ ғасырдың азаматы // Толық адам – человек XXI века» тақырыбында эссе жұмыстарының байқауы, «Тіл – Абай, сөз және адамзат әлеміне апарар терезе // Язык – окно в мир: Абай, слово и человек» атты көркемсөз оқу байқауы, «Қазіргі сөйлеу мәдениетінің ерекшеліктері» атты Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, ф.ғ.д. Г.Смағұловамен қонақ дәріс, «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» жобасы аясында ұйымдастырылып отырған «Кітап оқитын ұлт – озық ұлт» атты республикалық кітап оқу марафонын білім алушыларға түсіндіру іс-шарасы, тіл мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Алтын қақпа» және «English Intellectual Speaking Competition «Speak to Win» зияткерлік сайыстары, «A day in my university life» бейнебаяндар байқауы, «Абайдың «Толық адам» тұжырымы: тіл, таным және өзін-өзі дамыту // Abai’s Concept of the Integral Person: Language, Knowledge and Self-Development» тақырыбындағы тілдік-танымдық жоба, сондай-ақ ауылшаруашылығы мамандығы бойынша білім алушыларға арнап әзірленген «Қазақ тілі В2-1» оқу құралының тұсаукесерін өткізу жоспарланған.

Апталықтың ашылу салтанатында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры, ветеринария ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Алпысбаева Гүлмира Егізбайқызы құттықтау сөз сөйлеп, тіл мерекесінің қоғамдағы маңызына тоқталды.

Іс-шараға университеттің Тілдер кафедрасының меңгерушісі Жонкешов Бауыржан Сейсенбекұлы, кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамы және университеттің 1 курс студенттері қатысты.

Іс-шара аясында тіл және ел тарихына байланысты викториналар өткізіліп, білімі мен біліктілігін танытқан жеңімпаздарға түрлі сыйлықтар табыс етілді. Кеш соңы күмбірлеген күй мен сырлы әуенге ұласып, жиналған жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник