Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті білім беру және ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуды жалғастыруда
Академиялық ұтқырлық аясында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында аталған университетке қарасты «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» Ұлттық зерттеу университетінің Алматы қаласындағы филиалының 6В08604 – «Су шаруашылығы және мелиорация» білім беру бағдарламасы бойынша білім алатын 1-курс студенттерінің қазақ тілінде білім беретін топтарына дәріс өткізілді.
Дәрісті Өзбекстан Республикасынан келген профессор, «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» Ұлттық зерттеу университетінің «Ирригация және мелиорация» кафедрасының меңгерушісі Илхом Бегматов өткізді. «Креативті білім беру – инновациялық оқытуды дамыту жолы» тақырыбындағы дәріс білім беру үдерісін ұйымдастырудағы креативтілік пен инновация қағидаттарына негізделген заманауи тәсілдерге арналды.
Дәріс барысында профессор су шаруашылығы және мелиорация саласының мамандарын даярлауда инновациялық технологияларды енгізудің маңыздылығына тоқталып, креативті әдістерді білім беру бағдарламаларына ықпалдастырудың перспективалары туралы сөз қозғады.
Іс-шара барысында студенттер заманауи білім беру тәсілдерімен танысып, кәсіби бағыттағы білімдерін кеңейтуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар, дәріс білім алушылардың инновациялық ойлау қабілетін дамытуға және су шаруашылығы мен мелиорация саласындағы заманауи үрдістер туралы түсініктерін қалыптастыруға бағытталды.
Аталған дәрістің өткізілуі Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» Ұлттық зерттеу университеті арасындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және білім беру саласындағы тәжірибе алмасуды дамытуға ықпал етті. Сондай-ақ, мұндай іс-шаралар екі университет арасындағы бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.


