KazNARU-да «СТУДЕНТТЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫ – ЗАҢ МЕН ТӘРТІПТІҢ НЕГІЗІ» ТАҚЫРЫБЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ

KazNARU-да «СТУДЕНТТЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫ – ЗАҢ МЕН ТӘРТІПТІҢ НЕГІЗІ» ТАҚЫРЫБЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ

2026 жылғы 8 қазанда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде Алматы қаласының құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен «Студенттердің құқықтық сауаттылығы – заң мен тәртіптің негізі» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Іс-шара «Заң және тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылып, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталды.

Кездесуге Алматы қаласы Бостандық ауданы Полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция бөлімшесінің аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Өркен Ахмадиев және Бостандық ауданы Полиция басқармасы Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің ювеналды полиция бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Қадыржан Есжан қатысты.

Полиция қызметкерлері студенттерге құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық орындардағы тәртіп пен жеке қауіпсіздік мәселелерін түсіндірді. Әсіресе, соңғы уақытта өзекті болып отырған дропперлікке, яғни банк карталары мен шоттарын үшінші тұлғаларға беруге байланысты алаяқтық схемаларға қатысу қаупіне, сондай-ақ мұндай әрекеттер үшін көзделген жауапкершілікке ерекше назар аударылды. Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз жүруіне қатысты заңнамалық шектеулер, интернет алаяқтықтан сақтану және қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелері қозғалды.

KazNARU Жастар ісі жөніндегі басқармасының әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі жетекші маманы Мақсат Иманбеков Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 1 сәуірдегі №200 қаулысымен бекітілген Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдаманың негізгі бағыттарына тоқталды. Ол жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мен заңға құрметпен қараудың маңызын атап өтті.

Кездесу ашық пікір алмасу форматында жалғасып, студенттер полиция қызметкерлеріне өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Мамандар күнделікті өмірде кездесетін құқықтық жағдайлар бойынша түсініктемелер беріп, қауіпсіздік шараларын сақтау жөнінде практикалық кеңестерімен бөлісті.

Іс-шара жастардың құқықтық білімін жетілдіруге, алаяқтық пен өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алуға, сондай-ақ университетте қауіпсіз әрі жауапты білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталды.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник