ҒЫЛЫМ МЕН ТӘЖІРИБЕ ТОҒЫСҚАН КЕЗДЕСУ
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде Шихэцзы университетінің профессоры Ни Юнцинмен ғылыми-танымдық кездесу өтті.
Инженерлік технологиялар факультетінің «Тағам өнімдерінің технологиясы және қауіпсіздігі» кафедрасы ұйымдастырған іс-шара халықаралық ғылыми-білім беру байланыстарын нығайтуға, тәжірибе алмасуға және студенттерді тағам технологиясы саласындағы заманауи зерттеулермен таныстыруға арналды.
Сапар барысында профессор университеттің Қазақ-Жапон орталығы, Су хабы және Референттік зертханасының қызметімен танысты.
Ни Юнцин студенттер мен профессор-оқытушылар құрамына «Пробиотиктердің денсаулыққа әсері» тақырыбында қонақ дәріс оқыды. Ғалым пайдалы микроорганизмдердің адам денсаулығын сақтаудағы рөлін, оларды зерттеудің заманауи бағыттарын және функционалдық тағам өнімдерін әзірлеудегі маңызын баяндады.
Дәрісте ғалым тағам технологиясы мен микробиологияның өзара байланысына, дұрыс тамақтану мәселелеріне және ғылыми нәтижелерді тәжірибеде қолдануға назар аударды. Қатысушылар пробиотиктерге қатысты зерттеулермен танысып, тағам өнімдерінің адам денсаулығына әсері жөніндегі білімдерін толықтырды.
Кездесу шетелдік ғалымға өз тәжірибесімен бөлісуге, ал білім алушыларға кәсіби дүниетанымын кеңейтуге мүмкіндік берді. Мұндай іс-шаралар университетте білім беру мен ғылымның сабақтастығын нығайтып, болашақ мамандардың даярлығын жетілдіруге ықпал етеді.