GPA 3,33-ТЕН ТӨМЕН ЕМЕС ТҮЛЕКТЕР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ КОНКУРССЫЗ ОРНАЛАСА АЛАДЫ
Жоғары оқу орнын жоғары оқу үлгерімімен аяқтаған түлектер үшін мемлекеттік қызметке орналасудың жаңа мүмкіндігі қарастырылған.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 28-бабы 6-тармағының 5) тармақшасына сәйкес, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын GPA көрсеткіші 3,33-тен төмен емес нәтижемен аяқтаған түлектер аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі, басшылық емес «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізілмей орналаса алады.
Аталған мүмкіндік жоғары оқу орнын аяқтаған күннен бастап бір жыл ішінде қолданылады.
Негізгі талаптар:
- дипломдағы GPA көрсеткіші 3,33-тен төмен болмауы тиіс;
- жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін бір жылдан аспауы қажет;
- түлектің мамандығы таңдалған лауазымның біліктілік талаптарына сәйкес келуі тиіс;
- кандидат Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес болуы қажет.
Түлектер конкурс өткізілмей:
- аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері мен мәслихаттары аппараттарындағы төменгі лауазымдарға;
- аудандық және ауылдық деңгейдегі жергілікті атқарушы органдардың басшылық емес лауазымдарына;
- ауыл, кент және ауылдық округ әкімдері аппараттарының басшылық емес лауазымдарына;
- орталық мемлекеттік органдардың аудандық және ауылдық деңгейдегі аумақтық бөлімшелерінің басшылық емес лауазымдарына орналаса алады.
Түлектерге арналған қолжетімді бос жұмыс орындарын іздеу мақсатында «Eqyzmet.gov.kz» порталында арнайы «Түлектерге арналған бос орындар» бөлімі іске қосылды.
Портал арқылы бос жұмыс орындарымен танысып, лауазымның біліктілік талаптарын қарап, қажетті ақпаратты алуға болады.
Түлектерге арналған бос жұмыс орындары:
https://eqyzmet.gov.kz/#/main/graduate/vacancies
Мемлекеттік қызмет – кәсіби тәжірибе жинауға, қоғамның дамуына үлес қосуға және еңбек жолын жауапты қызметтен бастауға мүмкіндік береді.