KazNARU МЕН ШЫҢЖАҢ АКАДЕМИЯСЫ ОРТАҚ ҒЫЛЫМИ ЖОБАЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРАДЫ

KazNARU МЕН ШЫҢЖАҢ АКАДЕМИЯСЫ ОРТАҚ ҒЫЛЫМИ ЖОБАЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРАДЫ

KazNARU-да Қытай Халық Республикасының Шыңжаң мал шаруашылығы ғылымдары академиясының делегациясымен ресми кездесу өтті.

Делегацияны Шыңжаң мал шаруашылығы ғылымдары академиясының вице-президенті, PhD докторы, ғылыми қызметкер Гао Вэймин бастап келді. Делегация құрамында Ұлттық түйе өсірушілер қауымдастығының президенті, PhD докторы Азати Зулипикар, мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу жөніндегі ғылыми топтың жетекшісі, PhD докторы Ван Цзин, ғылыми қызметкер Лазат Айнивар және биологиялық селекция саласының PhD докторы, қауымдастырылған ғылыми қызметкер Лю Чэньси болды.

KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректорының бірінші орынбасары, профессор Пірімқұл Ибрагимов қытайлық делегацияны қарсы алып, кездесудің екі ел арасындағы ғылыми ынтымақтастықты дамытудағы маңызын атап өтті.

«Бүгінгі кездесу Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылым және білім салаларындағы достық байланыстарды нығайтып, мал шаруашылығы бағытындағы өзара тиімді ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретініне сенімдімін», – деді Пірімқұл Ибрагимов.

Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықтың негізгі бағыттары ретінде түйе шаруашылығын дамыту, жануарлардың генетикалық ресурстарын сақтау және жетілдіру, селекциялық-асылдандыру жұмыстарын жүргізу, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударды. Сондай-ақ түйе сүті мен басқа да мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу, олардың сапасы мен тағамдық құндылығын арттыру бағытында бірлескен зерттеулер жүргізу ұсынылды.

Жиында бірлескен ғылыми зертхана немесе түйе шаруашылығын зерттеу орталығын құру мүмкіндігі де қарастырылды. Мұндай орталық екі ел ғалымдарының ғылыми әлеуетін біріктіріп, зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізуге ықпал етпек.

KazNARU мен Шыңжаң мал шаруашылығы ғылымдары академиясы арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Құжат екі ұйым арасындағы ұзақ мерзімді ғылыми-техникалық әріптестікті дамытуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға негіз болады.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник