БОЛАШАҚҚА БАҒДАР: KAZNARU АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҮЛЕКТЕРІМЕН ЖҮЗДЕСТІ
25 қарашада KazNARU-да Абай облысының 11-сынып оқушыларына арналған «Мамандықты дұрыс таңдау – болашаққа бастар жол!» тақырыбында кәсіби бағдар беру кездесуі өтті.
Онлайн және офлайн форматтарда ұйымдастырылған іс-шараға Абай облысы білім басқармасының басшысы, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің жетекшілері, мектеп директорлары, сынып жетекшілері, кәсіптік бағдар беруші педагогтер, мектеп оқушылары, сондай-ақ университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысты.
KazNARU-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры, ветеринария ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлмира Алпысбаева сөз сөйлеп, мамандық таңдауда саналы шешім қабылдаудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар университеттің білім беру және ғылыми-зерттеу әлеуетін таныстырып, жастардың кәсіби дамуына жасалған мүмкіндіктер туралы баяндады. Абай облысы білім басқармасының басшысы Айжан Құрманова өңірдегі кәсіби бағдар беру жұмыстарының маңызын атап өтті.
Бүгінде Абай облысында 311 мектеп бар. Оның 304-і – мемлекеттік, 7-еуі – жекеменшік. Биылғы оқу жылында өңірде 5 859 оқушы мектеп бітіреді. Қазіргі уақытта KazNARU-да осы өңірден келген 92 студент білім алуда.
Іс-шара барысында талапкерлерге университеттің білім беру бағдарламалары, халықаралық ынтымақтастық бағыттары, академиялық ұтқырлық мүмкіндіктері, әскери кафедраның қызметі мен спорттық инфрақұрылымы таныстырылды.
Университеттің бес факультеті мен «Бизнес және құқық» жоғары мектебінің студенттері өз мамандықтарының ерекшеліктері туралы баяндап, оқу үдерісі, студенттік өмір және кәсіби даму бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті.
Кездесу соңында оқушылар мамандық таңдау мен университетке түсуге қатысты өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды.
KazNARU талапкерлерге болашақ мамандығын саналы таңдауға көмектесу және жоғары білім алу мүмкіндіктерін таныстыру мақсатында еліміздің өңірлерінде кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып келеді.