CAREER START 2027: АГРАРЛЫҚ САЛАНЫҢ БОЛАШАҚ МАМАНДАРЫНА ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР
25 қарашада KazNARU-да «CAREER START 2027» жобасы аясында «Агробиология» факультетінің ұйымдастыруымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шараға еліміздің жетекші ғылыми-зерттеу институттары, мемлекеттік мекемелері, аграрлық кәсіпорындары мен экологиялық ұйымдарының 40-қа жуық өкілі қатысты.
Жәрмеңкеде университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры, ветеринария ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлмира Алпысбаева білім мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтудың, болашақ мамандардың кәсіби дамуына жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті. Факультет деканы, PhD, қауымдастырылған профессор Ержан Әбілдаев аграрлық саланың еңбек нарығындағы сұранысына және түлектерді жұмысқа орналастыру мәселелеріне тоқталды.
2026–2027 оқу жылында факультетті 105 білім алушы, оның ішінде 94 бакалавриат студенті мен 11 магистрант тәмамдайды. Олар агрономия, топырақтану және агрохимия, жеміс-көкөніс шаруашылығы, өсімдік қорғау және карантин, өсімдіктер туралы ғылым және технологиялар, биоинформатика, экология, селекция және тұқым шаруашылығы бағыттары бойынша білім алуда.
Жұмыс берушілер қатарында Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы, Ө.Ө. Оспанов атындағы топырақтану және агрохимия, Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы, Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институттары, Ботаника және фитоинтродукция институты, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты мекемелер, сондай-ақ «Алем Агро Холдинг», «LST AGRO», «EURASIAN GREEN PRODUCT», «Green Innovation – 2030», «MERAGRO», «Союз Агро», «Swissgrow» және басқа да ұйымдар болды.
Ғасырға жуық тарихы бар «Агробиология» факультеті еліміздің аграрлық ғылымы мен өндірісінің дамуына елеулі үлес қосып, еңбек нарығының заманауи талаптарына сай білікті кадрлар даярлап келеді.
Жәрмеңке барысында білім алушылар сала өкілдерімен тікелей байланыс орнатып, жұмыс берушілердің талаптарымен, бос жұмыс орындарымен, өндірістік тәжірибе мен тағылымдамадан өту мүмкіндіктерімен танысты.
20 қараша мен 4 желтоқсан аралығында «Жаңа мүмкіндіктерге бір қадам!» ұранымен өткізіліп жатқан «CAREER START 2027» жобасы университеттің жұмыс берушілермен стратегиялық әріптестігін нығайтуға, білім алушылардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға және түлектердің еңбек нарығына табысты қадам басуына бағытталған.