ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІ МЕН ҚАЗҰАЗУ АРАСЫНДАҒЫ ӘРІПТЕСТІК АЯСЫ КЕҢІМЕК
Біліктілікті арттыру – маманның өз қызметін нәтижелі атқару үшін және кәсіби деңгейін көтеру мақсатында арнайы оқу бағдарламалары арқылы оқыту. Осыған орай, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Ветеринария» факультетінің «Акушерлік, хирургия және өсіп-өну биотехнологиясы» кафедрасының оқытушылары: ветеринария ғылымдарының докторы, профессор М. Н. Джуланов, ветеринария ғылымдарының кандидаты, профессор К. А. Орынханов және аға оқытушы С. Хизат Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Жетісу облысы бойынша департаментіне қарасты Панфилов ауданы «Текелі» оқу-жаттығу, үйрету кавалериялық тобына барып әскери ветеринарларға 27 наурыз мен 01 сәуір аралығында «Жылқыларды қолдан ұрықтандыру және хирургиялық патологияларды емдеу» оқу бағдарламасы бойынша дәріс оқып, шеберлік сабағын өткізіп келді.
Шекара ветеринарлық қызметкерлері арасында өткен біліктілікті арттыру тағылымдамасын жіті бақылап отырған әскери тілші Т. Дәулетбаеваның «OTAN SAQSHYSY» атты газетке берген «Шекараға тау тұрпатты тұлпарлар қажет» мақаласында «Шараға Қазақ Ұлттық Аграрлық зерттеу университетінің бір топ ғалымдар арнайы қатысып, мамандарға дәріс оқып, шеберлік сабағын өткізді. Лайықты бағасын беру керек, аталған жоғары оқу орнының Басқарма Төрағасы – Ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ақылбек Күрішбаевтың арқасында университет пен Шекара қызметінің арасындағы әріптестікті дамыту бір ізге қойылған» деп өз мақаласын бастай келе, «ҰҚК Шекара қызметінде алғаш рет ұйымдастырылған шара туралы Панфилов ауданы бойынша шекара басқармасы бастығының орынбасары подполковник М. Тлеукенов бізге берген сұхбатында былай дейді: – Бүгінгі семинар-тренингті өткізудегі мақсатымыз, Шекара қызметіне қажетті мініс аттарын дайындау сапасын көтеру және қолдан ұрықтандыру арқылы шекарашылардың қызметіне толыққанды жауап беретін жаңа төлге қол жеткізу. Бұл үшін ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Мардан Нұрмұхамбетұлы Джуланов бастаған ғалымдар біздің мамандарға дәріс оқып қана қойған жоқ, аталған тақырыпқа сай тәжірибе жүзінде көп нәрсе көрсетті. Атап айтар болсақ, ғалымдар қызметтік жылқыларды қолдан ұрықтандыруға арналған заманауи үлгідегі құрал-жабдықтарды қалай пайдалану керектігін, сондай-ақ хирургиялық ем-шараларды жүргізу түрлерін үйретті» деп шекара қызметі басшылығының берген сұхбатын тілге тиек етеді.
Әскери ветеринарларға біліктілікті арттыру тағылымдамасынан өткені туралы сертификаттарды в. ғ. д., профессор Джуланов Мардан Нұрмұхамедұлы тапсырды, сондай-ақ университет атынан ҰҚК Шекара қызметінің Директоры, генерал-лейтенант Е. Алдажуманов пен Жетісу облысы бойынша департамент бастығы, полковник М. Нарбаевқа өзара ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс хаты табыс етілді.
Сөз соңында, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жетісу облысы бойынша департаментіне қарасты Панфилов аудандық Шекара қызметі мен Университет арасындағы ынтымақтастық өз жалғасын табатынына сенімдіміз.
Ұйымдастырушылар: Біліктілікті арттыру кеңсесі