ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІНЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ІС-ШАРА ӨТТІ
«Құрметті әріптестер, бұл мереке еліміздің азаттығы мен құдіретінің символы, тарихи күн болып табылады. Осы жылдар ішінде Қазақстан талай сынақты бастан кешірді, әлем таныған қуатты мемлекетке айналды. 1992 жылы нарықтық экономикаға қадам басқан сәтте елімізде Жалпы ішкі өнімі жан басына шаққанда 168 АҚШ долларын құраған болатын. Бүгінде жан басына шаққанда бұл көрсеткіш $10 мыңға дейін өсті. Еліміздің экономикасы мен ауыл шаруашылығының өсіп-өркендеуіне, руханият пен ғылым-білімнің дамуына сіздер де сүбелі үлес қосып келесіздер. Оқу ордамызда ұстаздарымыз бен студенттеріміз үшін барлық жағдайлар жасалған. Жаңа заманға лайықты білікті кадрлар даярлау мақсатында халықаралық деңгейде шетелдік оқу ордаларымен қарым-қатынасымыз артып келеді. Осының барлығы ел тәуелсіздігінің арқасы», - деген Ақылбек Қажығұлұлы өзі басшылыққа келгеннен бергі атқарылған нақты істерге тоқталып өтті.
Атап айтқанда, ҚазҰАЗУ-дың 2023 жылға арналған Даму бағдарламасы мен Мемлекеттік сатып алу жоспары қайта қаралды. Барлық тиімсіз шығындар, басқа да ұйымдарды ұстау қаражаты қысқартылды. Басқару аппараты мен қызмет көрсету персоналы айтарлықтай оңтайландырылды.
Оқытушылар құрамының жалақысы 25% - ға ұлғайды, ал 2023 жылдың басынан бастап ол орта есеппен 20% - ға өседі. AБП және қызмет көрсету персоналының жалақысы 22 желтоқсаннан бастап 15-50% - ға өседі. Бұл ретте рейтингтік жүйе енгізілмек (қосымша ақы қызметкердің еңбек үлесіне қосқан жетістігіне байланысты төленеді).
Аудиториялық қорға тексеріс жүргізілді. Университетке бұрын жеке ұйымдарға берілген 1577 шаршы метр оқу аудиториялары қайтарылды. Оқу класстарын қажетті жиһазбен және жабдықтармен жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Университеттің білім беру базасын тиімді пайдалану оқытушылар мен студенттерге жаңа жылдан бастап 5 күндік жұмыс күніне ауысуға мүмкіндік береді.
Бюджеттің негізгі бөлігі ҚазҰАЗУ материалдық-техникалық базасын нығайтуға, оның ішінде 2 студенттік жатақхананы күрделі жөндеуге, оқу ғимараттарында жылыту жүйесін нығайтуға, студенттік жатақханаларға тоңазытқыштар сатып алуға, оқу аудиторияларына жиһаз дайындау және жөндеу үшін ағаш ұстасы цехын ұйымдастыруға және т.б. тиімді шараларға бағытталатын болады.
Сондай-ақ, университеттің әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту және білім алушылардың әлеуметтік қорғалмаған санаттарын қолдау мақсатында ҚазҰАЗУ эндаумент-қоры құрылуда. Осылайша, уақыт талабына сай әділетті және бәсекеге қабілетті ЖОО қалыптастыру үшін қажетті алғашқы негіздер қаланғаны айтылды.
Алаштың айбынын асқақтатар айтулы мерекеде ҚазҰАЗУ-дың бірқатар ардагер ұстаздары, профессорлық-оқытушылық құрамы, жас ғалымдар мен қосалқы қызмет көрсетуші қатардағы қызметкерлерге мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың марапаттары табысталды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы, «Amanat» партиясы Республикалық қоғамдық штабының жетекшісі Ерлан Қошановтың ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ұлттық ғылыми-білім беру орталығы Басқарма Төрағасы Дархан Балпановтың Алғыс хаттары мен Құттықтау грамотасы, ҚР Жоғары оқу орындары Ассоциациясы мен Алматы жергілікті агроөнеркәсіп қызметкерлері кәсіподағының төс белгілері табысталып, «Еңбек ардагері», «Үздік педагок», «Университет мақтанышы», «Үздік менеджер» атанған үлкен-кіші әріптестердің мерейі өсіп, абыройлары асқақтады.
Кеш аясында университет ұжымын арнайы құттықтай келген қазақ эстрадасының белгілі өкілдері, халықаралық және республикалық ән байқауларының лауреаты Әсет Есжан, әншілер Нұрлыбай Басымбеков, Альбина Қозыбағарова, Уали Жақыпбек концерттік бағдарлама ұсынып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі.
Фото М.Ботабеков