ҚазҰАЗУ СТУДЕНТТЕРІ ЫСТЫҚКӨЛДЕ ДЕМ АЛЫП ҚАЙТТЫ
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің белсенді білім алушылары және «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының мүшелері 2023 жылдың 1-5 тамыз аралығында Қырғызстандағы Ыстықкөлде демалып қайтты.
Университет басшылығы тарапынан Ыстықкөл айдынында студенттердің демалысы жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Осыған орай, оқуда алда, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытқан және әлеуметтік қолдауға мұқтаж білім алушылар бөлігі қамтылады. Биыл университетіміздің осындай белсенді 50 студенті «Бостері» пансионатына берілген тегін жолдамаға ие болды. Дем алушылардың барлық жол шығыны, жатын орны мен үш мезгіл тамаққа қажетті қаражат ЖОО есебінен төленді.
Демалыс кезінде қайықпен серуен, түрлі ойын-сауықтар, жағажай волейболынан жарыстар ұйымдастырылып, жастар табиғат аясында ән шырқап, тәрбиелік мәні бар семинар-тренингтер өткізді. Сондай-ақ, Ыстықкөл маңындағы көрікті жерлерге саяхат жасап, қырғыз елінің тарихи мұражайы мен өзге де мәдени орындарын аралады.
Демалушы жастар өздеріне осындай ұмтылмас керемет көңіл-күй сыйлап, жаңа оқу жылы алдында тың күш-жігермен шабыттандырғаны үшін университет басшылығына ризашылықтарын білдірді.
«Мен биыл бірінші курсты бітірдім. Өзім Қызылордаданмын. Оқуға қабылданғаннан бастап, университеттегі студенттік «Шапағат» ұйымына мүше болып, түрлі мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға белсене қатысып келемін. КВН құрамасында да өнер көрсетіп, волонтер да болдым. Ыстықкөлде тегін демалуға шақыру алған кезде, ата-анам да, өзім де қатты қуандық. Ыстықкөлде бірінші рет болуым. Тамаша демалыс ұйымдастырғаны үшін оқу орнымыздың басшылығына үлкен рахмет айтамыз», - деді «Ветеринария» факультетінің 2 курс студенті Мағжан Махмұтұлы.
Оның сөзін «Зооинженерия және тағам өндірісінің технологиясы» факультетінің 3 курс студенті, белсенді активист Күзен Назерке жалғастырды.
– Біздің ҚазҰАЗУ шаңырағында білім берумен қатар, ғылымға, техникаға, өнерге және еңбекке баулу жан-жақты жүргізілетініне қуаныштымыз. Биылғы каникулда көптеген құрбыларым «Жасыл ел» еңбек жасағында еңбек етіп, тәжірибе жинақтап, студенттік үйлер мен оқу корпустарын жөндеуге қатысып, әрі қаржылай табыс тапты. Енді, міне, сол достарыммен бірге маған да Ыстықкөлде демалу бақыты бұйырды. Көл керемет екен, демалыс тамаша өтті! Осындай әсерлі демалыс ұйымдастыруға мүмкіндік жасаған университетіміздің ректоры Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлына шын жүректен алғысымызды білдіреміз! - деді Назерке Күзен.
ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі.