ҚЫТАЙ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ УНИВЕРСИТЕТІ МЕН ҚазҰАЗУ СУ ҮНЕМДЕУ БОЙЫНША ӘРІПТЕСТЕР БОЛМАҚ
2023 жылдың 17 тамызында ҚазҰАЗУ Стратегия, ғылым департаментінің директоры Серік Кененбаев, Қазақ-Қытай халықаралық орталығының директоры Думан Иманмәді, Су, жер және орман факультетінің деканы Талғат Кертешев, Су ресурстары және мелиорация кафедрасының меңгерушісі Ермеккүл Жапарқұлова Қытай ауылшаруашылығы университетінің Вице-президенті Ду Тайшенг, осы университеттің Cу ресурстары және құрылыс факультеті деканының орынбасары Ниу Жун, Халықаралық Кеңсе басшысы Тан Ингпен онлайн кездесу өткізді. Кездесуге екі жақтан беделді ғалымдар мен белгілі су мамандары қатысты.
ҚАУ Вице-президенті Ду Тайшенг болашақта екі университеттің ауыл шаруашылығы саласында су үнемдеу, смарт ауылшаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі бағыттарында бірлесе қызметтесіп, үлкен нәтижелерге қол жеткізу мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Ол Қытай ауылшаруашылығы университетінің су үнемдеу бойынша әлемдегі ең үздік зертханасына ҚазҰАЗУ ғалымдарын бірлесе зерттеу жұмыстарын жүргізуге шақырды.
Өз кезегінде ҚазҰАЗУ Стратегия, ғылым департаментінің директоры Серік Кененбаев біздің ғалымдарымыздың су ресурстарын пайдалану бойынша жеткен ғылыми жетістіктерімен бөлісіп, Су хабының қызметі жайлы кеңінен мағлұмат берді.
Тұңғыш онлайн кездесу су үнемдеу бағытындағы қызметтестікке арналғандықтан, тараптар болашақта қандай бағытта жұмыс жасайтындықтарын айқындау қажеттігін талқылады. Ең алдымен, ғалымдардың ортақ ғылыми жобалар бойынша жұмыс істеу мүмкіндіктері қарастырылды.
Сонымен қатар, тараптар су ресурстары білім беру бағыты аясында ЖООлар арасында екі дипломдық оқу бағдарламасын жасауға уағдаласты.
ҚАУ Cу ресурстары және құрылыс факультеті деканының орынбасары Ниу Жун және ҚазҰАЗУ Су және табиғи ресурстар ғылыми институтының жетекшісі Есенкүл Калыбекова арнайы презентация ұсынып, өздерінің ұжымдарының атқарып жатқан ғылыми зерттеу жобалары жайлы мәліметтерді ортаға салды.
Кездесу соңында екі жақ су үнемдеу бағыты бойынша арнайы жұмыс тобын құрып, ғалымдардың өзара нақты іс-шаралар жоспарын жасап, ынтымақтастықты одан ары жалғастыру қажеттігін атап өтті.
ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі.