KazNARU

KazNARU мен СЫЧУАНЬ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ ҒЫЛЫМДАРЫ АКАДЕМИЯСЫ (ҚХР) БАСШЫЛЫҒЫ КЕЗДЕСТІ

2024 жылы 28 наурызда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті Басқарма төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары Пірімқұл Ибрагимов Қытайдың Сычуань ауылшаруашылық ғылымдары академиясының (SAAS) делегациясымен кездесу өткізді.

✅ Пірімқұл Ибрагимов жақында Қытайда іссапарда болғанын және ауыл шаруашылық саласы өте дамыған маңызды аймақтардағы инновациялық технологиялық оқу орындары басшыларымен кездескенін еске алып, өзара ынтымақтастықты одан ары дамыту мүмкіндіктері мен перспективалы жобалар қарастырылып жатқанын атап өтті.

«Біздің басты мақсатымыз – цифрлы университет құру, халықаралық талаптарға сай ғылыми зерттеу оқу орнына айналу. Осы бағытта Қытайдың озық қатардағы бірқатар ЖООлармен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға кірісіп отырмыз. Атап айтқанда, Хынань аграрлық университеті басшылығының қолдауымен Алматыда бірлескен Ветеринарлық ғылыми зертхана құру жөнінде Меморандумға қол қойылды. ҚХР Солтүстік-Батыс университетімен су үнемдеу және сортаңдалған топырақтарды қалпына келтіру бойынша KazNARU базасында сынақ алаңын жасауға келістік. Бүгінгі кездесу барысында сол бағыттағы ғылыми жұмыстарды одан ары дамытып, бірлесе жүргізуге үміт артамыз», - деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.

Сонымен қатар, ол KazNARU мен Сычуань ауылшаруашылық ғылымдары академиясы арасындағы ғылыми зерттеулер нәтижелерін агроөндіріске енгізу, екі дипломды білім беру бағдарламаларын бірлесіп әзірлеу және сапалы кадрлар даярлау бағыттарына тереңірек көңіл бөлуге шақырды.

✅ Делегация басшысы, ҚХР компартиясының Сычуань ауылшаруашылық ғылымдары академиясындағы хатшысының орынбасары/аға инженер Чжонг И мырза Қытайдың ауыл шаруашылығы мен өндірісі дамыған ірі провинцияының бірі болып табылатын аймақтың ерекшеліктері туралы айтып өтті. Бұл провинцияда 95 млн. халық тұрады.

Сычуань ауыл шаруашылығы академиясы 80 түрлі бағыттар бойынша озық позицияларды иеленетін, көптеген университеттермен серіктескен жетекші ғылыми-зерттеу орталығы болып табылады.

«Академияға қарасты 20 ҒЗИ бар, онда 1600-дей қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде егін, көкөніс, тұқым шаруашылығы, мал және су шаруашылығы (балық өсіру), экология, табиғи ресурстарды басқару сияқты жеткеші салалардағы ғылыми-зерттеулерді жүргізетін танымал ғалымдар шоғыры бар. Сондай-ақ, бізде ғылым ардагерлері мен тәжірибесі мол аға мамандармен қатар, жас таланттарды тарутға және іріктеуге ерекше мән беріледі. Осыған байланысты, Академия KazNARU-мен өзара қарым-қатынасты дамытуға мүдделі, ғылыми және ауыл шаруашылығы кадрларын бірлесе даярлау және қайта даярлау мәселелері бойынша өзінің бай тәжірибесімен бөлісуге дайын», - деді Чжонг И өз сөзінде.

✅ Кездесуге SAAS пен KazNARU тарапынан құрылымдық басшылары, проректорлар мен Қазақ-Қытай орталығының жетекшісі қатысты.

✅ Тараптар ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жан-жақты уағдаластыққа қол қоюға дайындық қажеттілігі туралы келісімге келді. Бұл келісім жоғары технологиялар бойынша жұмысты оңтайландыруға және жасанды интеллект пен шаруашылықты басқарудың цифрлық технологияларын тезірек игеруге, әрі бәсекеге қабілетті кадрларды бірлесе дайындауға мүмкіндік беретіні сөзсіз.

✅ Сычуань ауылшаруашылық ғылымдары академиясының өкілдері айтылған ұсыныстарды қолдай отырып, оларды жан-жақты келісу үшін KazNARU басшылығы мен танымал ғалымдарды Қытай еліне арнайы іссапарға шақырды.

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник