KazNARU БАЗАСЫНДА САМАРҚАНД АГРОИННОВАЦИЯ ЖӘНЕ ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ОҚЫТУШЫЛАРЫ ҮШІН БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ КУРСЫ ӨТКІЗІЛДІ
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Өзбекстан Республикасының Самарқанд агроинновация және зерттеу институтымен ынтымақтастық туралы меморандумы шеңберінде 2024 жылдың 02-31 қазан аралығында біліктілікті арттыру курсы өткізілді. 144 сағаттық білім тәжірибесін университеттің біліктілікті арттыру бөлімі ұйымдастырды.
«Зооинженерия және биотехнология» кафедрасында Самарқанд агроинновация және зерттеу институтының «Тағам қауіпсіздігі және технологиялар» кафедрасының профессоры Амиров Шавкат Кузибаевич және оқытушысы Норжигитов Рахимжон Собируглы «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу технологиясы» бағдарламасына сай, өндірістің заманауи технологиялары, малдардың өнімділіктің генетикалық әлеуетін арттыру, әртүрлі табиғи-климаттық аймақтары үшін бейімделген ресурс-энергияны үнемдейтін және цифрлық технологияларды қолдану негізінде сүтті ірі қара мал шаруашылығында күтіп-бағу, азықтандыру, өсіру және көбейту технологиялары бағытында тәжірибесін шыңдады.
Сонымен қатар жоғары сапалы мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және алғашқы өңдеу технологиясының инновациялық әдістері, мал шаруашылығы шикізаты мен өнімдерін өндіру технологиялары, әрі сапаға қойылатын заманауи талаптарды ескере отырып, оларды алғашқы өңдеу бойынша да бірқатар мазмұнды мағлұмат алды.
Біліктіліктерін жетілдіргендігін растайтын сертификаттарды Басқарма Төрағасы-Ректор атынан Басқарма Төрағасы-Ректордың орынбасарының міндетін атқарушысы Алпысбаева Гульмира Егизбаевна табыс етті.
«Біздің университет Өзбекстан Республикасының жоғарғы оқу орындарының бірқатарымен ынтымақтастықта. Оның ішінде Самарқанд агроинновация және зерттеу институтымен 2024 жылы ынтымақтастық құрылған. Тәжірибе алмасу бағытында біздің Университетімізді таңдағандарыңыз үшін алғыс айтамыз және ынтымақтастығымыз одан әрі жалғасады деген үміттеміз», - деп қорытындылады Гульмира Егизбаевна.
KazNARU баспасөз қызметі