KazNARU МАГИСТРАНТТАРЫ ЛИТВА ДЕНСАУЛЫҚ ҒЫЛЫМЫ УНИВЕРСИТЕТІНЕ ОҚУҒА БАРАДЫ
2025 жылғы 6 қаңтарда KazNARU Басқарма Төрағасы - Ректордың бірінші орынбасары, в.ғ.д., профессор Пірімқұл Ибрагимов Литва денсаулық ғылымдары университетінің (Lithuanian University of Health Sciences) өкілдерімен кездесіп, «Орталық Азиядағы экономикалық өсу секторлары үшін Кәсіптік оқыту» тақырыбында халықаралық жобаны іске асыру мәселелерін талқылады.
Пірімқұл Ибрагимов соңғы жылдары KazNARU мен Литва білім беру және ғылыми ұйымдарымен, соның ішінде Литва денсаулық ғылымдары университетімен ынтымақтастық байланыстың қарқынды дамып келе жатқанын айтып берді.
Lithuanian University of Health Sciences 2010 жылы Каунас медициналық университеті мен Литва ветеринарлық академиясының бірігуі нәтижесінде пайда болған Литвадағы медицина мамандарын дайындайтын ең үлкен оқу орны болып табылады. Медицина, стоматология, фармацевтика, ветеринарлық медицина сияқты заман сұранысына ие білікті маман иелерін оқытады.
Әлемнің 140-тан астам ЖООларымен әріптестік байланыс орнатқан, Еуропалық университеттер қауымдастығы (EUA), Еуропадағы медициналық мектептер қауымдастығы (AMEE) және басқа көптеген беделді халықаралық ұйымдардың мүшесі болып табылады.
«Бүгін біз Орталық Азиядағы нарықта сұранысқа ие білікті мамандарды даярлау бойынша кәсіптік білім беруді жаңғырту процестеріне тың серпін беретін Жобаны талқылау үшін арнайы бас қосып отырмыз. Жобаны Erasmus+ арқылы халықаралық ынтымақтастық жөніндегі (GIZ) Герман қоғамы қаржыландырады. Бәсекеге қабілетті медицина кадрларын, оның ішінде ветеринарлық медицина мамандарын даярлау мақсатындағы ортақ істің жалғасуына біз де мүдделіміз. Жаңа жобаның болашағы зор деп сенеміз», - деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.
Сонымен бірге, тараптар «Тағам қауіпсіздігі» жөніндегі бірлескен білім беру бағдарламасын әзірлеу, екі университет ғалымдарының бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын қолға алу, ПОҚ және магистранттардың академиялық ұтқырлығын іске асыру сияқты мәселелерді талқылады.
Жоба аясында KazNARU-дың 9 магистранты 2024-2025 оқу жылында Литва денсаулық ғылымдары университетіне оқуға баратын болды. Оларға литвалық белгілі профессорлар, ғылым докторлары және халықаралық ұйымдардың сарапшылары ағылшын тілінде дәріс береді.
KazNARU Баспасөз қызметі