ҚАЗАҚСТАН-ҚЫТАЙ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ТЕХНОЛОГИЯНЫ ТРАНСФЕРЛЕУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясында Қытай ғылым академиясы (СAS, Қытай), Чжэцзян технологиялық университеті (ZJUT), сондай-ақ ҚХР-дың жоғары технологиялық компаниялар тобымен бірлесіп, Қазақстан-Қытай ғылым және технологияны трансферлеу орталығы ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Чжэцзян технологиялық университетімен меморандум аясында құрылған «Кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект және тұрақты даму жөніндегі халықаралық бірлескен зертхана» Қазақстан, Қытай және Орталық Азия елдері арасындағы халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайту және озық технологияларды дамыту бағытындағы маңызды қадам болмақ.
ҰҒА президенті, академик Ақылбек Күрішбаев бірлескен зертханының заманауи мүмкіндіктерін таныстырып, таяу келешекте еліміздің кеңістіктік-уақыттық деректерді талдау және тұрақты даму саласында өңірлік көшбасшыға айналуына мүмкіндік беретінін атап өтті.
Қазіргі заманғы сын-тегеуріндер, соның ішінде климаттың өзгеруі, табиғи ресурстарды басқару, табиғи апаттар және экономиканың цифрландырылуы, жасанды интеллект (ЖИ) пен кеңістіктік-уақыттық деректерді талдауға негізделген инновациялық тәсілдерді талап етеді. Зертхана жасанды интеллект, қашықтықтан зондтау, геоақпараттық жүйелер (ГАЖ) және болжамды модельдеу саласындағы озық технологияларды біріктіретін алдыңғы қатарлы зерттеулер орталығына айналады.
Зертханада алдағы уақытта:
- Жасанды интеллект (ЖИ) және геоақпараттық жүйелер (ГАЖ) технологияларын қолдану арқылы су ресурстарын мониторингтеу және басқару;
- Су тасқындары, көшкіндер мен қар көшкіндері сияқты табиғи апаттар туралы ерте ескерту жүйелерін әзірлеу;
- Қоршаған орта өзгерістерін болжауға мүмкіндік беретін кеңістіктік-уақыттық деректерді талдау үшін жасанды интеллектті (ЖИ) қолдану;
- Энергетикалық ресурстарды интеллектуалды энергия тарату жүйелері арқылы оңтайландыру;
- Ауыл шаруашылығын цифрландыру және «ақылды егіншілік» бойынша бірлескен зерттеулер іске асатын болады.
Зертхананың құрылуы еліміз ғалымдары үшін ғылыми зерттеулер мен технологиялық әзірлемелер саласында алдыңғы қатарға шығуға, халықаралық ғылыми жетістіктерді ұлттық тұрақты даму жүйесіне интеграциялауға, жасанды интеллект (ЖИ) және цифрлық технологиялар саласында отандық мамандарды даярлау деңгейін арттыруға, әлемнің жетекші ғылыми орталықтарымен халықаралық ынтымақтастықты нығайту мен табиғи апаттарға төзімділікті арттыру үшін инновациялық шешімдерді енгізуге мүмкіндік береді. Мұнымен қоса логистика және көлік, энергетика және энергия үнемдеу, табиғи апаттарды мониторингтеу және ерте ескерту, ауыл шаруашылығын талдау және шешім қабылдау салаларындағы интеллектуалды жүйелер бойынша озық технологиялар мен білімді трансферлеуге арналған платформа құрылатын болады.
Қазақстан-Қытай ғылым және технология трансфері орталығының құрылуы биыл елімізде өтетін «Қытай – Орталық Азия» екінші саммитіндегі маңызды оқиға айналмақ. Өйткені екі ел арасындағы өңірлік ғылыми-техникалық инновацияларды дамытуда, өнеркәсіп саласындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететін жобалар жүзеге асатын болады.
Егемен Қазақстан Егемен Қазақстан
09.02.2025 ж.
Азамат ҚОЙШЫҒАРА
Толық мақала сілтемесі: https://egemen.kz/.../381456-qazaqstan-qytay-ghylym-dgane...