КӘСІБИ БАҒДАР БЕРУ ЖҰМЫСЫН ЖЕТІЛДІРУ БАСТЫ НАЗАРДА
2025 жылғы 12 ақпанда KazNARU Басқарма Төрағасы-Ректордың орынбасары, п.ғ.д., профессор Абдыров Айтжан Мұхамеджанұлының төрағалығымен «Кәсіби бағдар беру жұмысын жетілдіру» бойынша факультет декандары, кафедра меңгерушілері, профессор-оқытушылар құрамы, профориентологтар мен құрылым басшыларымен алқалы жиын болып өтті.
Өз сөзінде Айтжан Абдыров кәсіби бағдар беру – бүгінгі қоғамның қажеттілігіне қарай әрбір мектеп бітірушінің бойындағы қабілеттілігі мен бейімділігін ескере отырып, белгілі бір кәсіпке қызығушылығын қалыптастыруға және болашақ мамандығын дұрыс таңдауға ықпал ету үшін атқарылатын мақсатты жұмыс екеніне назар аударды.
«Бұл бағыттағы міндеттерді жүзеге асыруға оқу ордамыздың Қабылдау комиссиясы, профессор-оқытушылар құрамы, белсенді студенттер, облыстар мен аудандардағы Білім басқармалары мен бөлімдерінің жауапты тұлғалары, мектеп директорлары, профориентологтар, сынып жетекшілері мен ата-аналар тартылуда, - деді Айтжан Мұхамеджанұлы.
Кәсіби бағдар беру жұмысын жетілдіру үшін заман талабына сай, жаңа форматта онлайн кездесулер өткізу тәжірибесі енгізілді. Мысалы, Алматы облысының, Балқаш, Еңбекшіқазақ аудандары мен Қонаев қаласының және Қарағанды облысы, Балқаш қаласы мен Ұлытау облысының Жезқазған, Сәтпаев қалаларының жоғары сынып оқушыларымен «Мамандықты дұрыс таңдау – болашаққа бастар жол» атты кәсіби бағдар беру бағытында офлайн және онлайн форматында кездесу жоғары деңгейде өтті. Бұл жаңа формат барлық қатысушыларға тиімді, әрі қолайлы екенін уақыт көрсетіп отыр. Сондықтан, бұл үрдіс оқу жылы бойы үздіксіз жалғасады.
Қабылдау комиссиясының директоры, э.ғ.к., профессор Қайырбаева Айнұр Елтайқызы кәсіби бағдар беру жұмысын жүргізудің Жол картасы, 2025-2026 оқу жылына білім алушыларды қабылдау жоспары жасалынып, бірқатар облыстардың мектептері мен колледждеріне жолданғанын жеткізді. Сондай-ақ, облыстардағы 95 колледж бен 2985 мектептерге бекітілген профессор-оқытушылар құрамының өңірлерге шығып, кәсіби бағдар беру жұмыстары бойынша тұрақты есеп беріп, ақпараттармен бөлісіп отыратыны айтылды.
Осы орайда, басшылық тарапынан бұл бағыттағы іс-шаралар аясын кеңейту мақсатында және мектеп бітіруші түлектерді оқуға тарту бойынша факультет декандары мен кафедра меңгерушілеріне, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді.
Атап айтқанда, ҰБТ кезеңдерін өткізу барысында Юстади орталықтарында кәсіби бағдар беру жұмысын тұрақты жүргізу; университеттегі «Ашық есік-күні» іс шарасын барлық факультеттерде ұйымдастыру; БАҚ-тарда үгіт-насихаттық жарнамалау шараларын, әлеуметтік желілерде Таргет жүргізуді күшейту; факультеттер туралы буклеттерді қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жаңарту, толықтыру белгіленді.
Жиын қортындысында еліміздің алыс өңірлеріндегі мектеп бітіруші әрбір түлек пен олардың ата-анасына Қабылдау комиссиясының мүшелері әрқашан виртуалды кеңес беруге әзір екендігі хабарланды.
КazNARU Баспасөз қызметі