KazNARU ӨКІЛДЕРІНІҢ МЕКТЕП БІТІРУШІ ОҚУШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСУЛЕРІ ЖАЛҒАСУДА
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің өкілдері кәсіби бағдар беру жұмыстары аясында мектеп бітіруші оқушылармен кездесулерін белсенді жалғастыруда.
Кездесулер барысында KazNARU спикерлері оқушыларға жоғары білім алудың маңыздылығын, университеттегі білім беру бағдарламаларының ерекшеліктерін түсіндіріп, екі дипломға ие болғысы келетін талапкерлерді оқу ордамызға шақыруды басты назарда ұстайды. Бұл іс-шаралар жас өрендердің өз мамандықтарын дұрыс таңдауына, болашағын айқындауына тікелей ықпалы тиетіні анық.
Атап айтқанда, И.В.Сахаров атындағы «Көлік техникасы және технологиялар» кафедрасының меңгерушісі Шуренов Марат Кенжалыұлы және осы кафедраның аға оқытушысы Құрбаналиев Болат Бұлдырықұлы «Алматы теміржол көліктері колледжінде» болып, 2024-2025 оқу жылы колледж бітіретін 130 түлекпен кездесіп қайтты. Кәсіби бағдар жұмысына қолдау көрсеткен колледж басшысы Қалиев Алмаз Айдарбекұлына Университеттің Басқарма төрағасы-Ректор Ақылбек Күрішбаевтың Алғыс хаты тапсырылды. Сонымен қатар, екіжақты ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Колледжде білім алушылар QR код бойынша университет базасына тіркелді.
Сондай-ақ, «Дене тәрбиесі және спорт» кафедрасының оқытушысы Мұрат Нокишев Бостандық ауданындағы №140 гимназия мектебінде, «Фармакология және жануарлар патологиясы» кафедрасының қауымдастырылған профессорлары Шырын Тұржигитова мен Салтанат Нусупова Жетісу ауданындағы Сүйінбай атындағы 143 мектеп-лицейде, Әскери кафедрасының оқытушысы майор Ерлан Қуатбаев Бостандық ауданындағы №65 орта мектепте, «Орман ресурстары, аңшылықтану және балық шаруашылығы» кафедрасының аға оқытушысы, PhD доктор Арайлым Қопабаева Алматы облысы, Райымбек ауданы Сарыжаз ауылындағы А.Сәрсенбайұлы атындағы орта мектебінде кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізді.
Сонымен бірге, университет оқытушылары ЮСТАДИ базасында кәсіби бағдар беру жұмысын қоса жүргізуде. Кездесу барысында мектеп бітірушілерге университеттің факультеттері мен түрлі мамандықтар туралы мәліметтер таратылып, бейнебаян көрсетілді. Оларды қызықтырған сұрақтарға жауаптар қайтарылып, қосымша әскери мамандықтар жайлы тиімді кеңестер берілді. Оқушылар QR код арқылы сауалнамадан өтіп, арнайы базаға тіркелді.
KazNARU Баспасөз қызметі