Білім алушылардың оқу үлгерімін ағымдағы бақылау оқу пәнінің әрбір тақырыбы бойынша жүргізіледі, ол аудиториялық және аудиториядан тыс сабақтарда алған білімді бақылауды қамтиды. Ағымдағы бақылауды бағалау (рұқсат беру рейтингін бағалау) аудиториялық сабақтар мен аудиториядан тыс сабақтардағы ағымдағы бақылау бағаларынан және аралық бақылау бағаларынан «Platonus» ААЖ-да автоматты түрде құралады.
Аралық бақылау – бір оқу пәнінің бөлімі (модулі) аяқталғаннан кейін жүзеге асырылатын оқу жетістіктерін бақылау. Бір оқу пәні бойынша аралық бақылау бір академиялық кезең ішінде кемінде екі рет өткізіледі (теориялық оқытудың 7-ші және 15-ші апталарында).
Пәннің ерекшелігіне байланысты ағымдағы және аралық бақылауды өткізу түрін бағдарлама жетекшісі белгілейді. Мәселен, оны ағымдағы және аралық бақылау коллоквиум, компьютерлік немесе бланкіге шығарылған тест, жазбаша бақылау жұмыстары, білім алушылардың пікірсайыстарға, дөңгелек үстелдерге, іскерлік ойындарға, жағдаяттық міндеттерді шешуге қатысуын бағалау және т.б. түрлерінде өткізуге болады. Оқу жетістіктеріне ағымдағы және аралық бақылау жүргізу түрлері, тапсырмалардың түрлері, оларды орындау мерзімдері және пән бойынша рейтингтік балдарды бөлу туралы толық ақпарат пән силлабусына енгізіледі және семестрдің бірінші аптасында білім алушыларға хабарланады.