2nd International Congress of Veterinary Medicinal Plants and Traditional Medicine
2025 жылғы 29-30 қыркүйекте Түркияның Эрзурум қаласында Ататүрік университетінің ветеринария факультетінде ветеринарлық дәрілік өсімдіктер мен халық медицинасының II Халықаралық конгресі өтті. Бұл халықаралық ғылыми шара Түркия, Иран, Қазақстан және басқа елдерден келген зерттеушілерді, мал дәрігерлерін және аграрлық жоғары оқу орындарының өкілдерін біріктіріп, жануарлар ауруларының алдын алу мен емдеудегі дәрілік өсімдіктер мен биопрепараттардың рөлін талқылауға мүмкіндік берді.
Конгрестің мақсаттары мен міндеттері
Конгрестің басты мақсаты фитотерапия және биотехнология саласындағы ғылыми жұмыстармен алмасуды ілгерілету, қазіргі заманғы ветеринариялық бағдарламалардың құрамдас бөлігі ретінде табиғи емдеу құралдарына қызығушылықты арттыру, сондай-ақ түрлі елдердің ғалымдары арасындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту болды. Талқылаудың негізгі бағыттары фитохимия, өсімдік тектес фармакология, пробиотиктер және жануарларды табиғи емдеудің инновациялық әдістерін қамтыды.
Қазақстандық ғалымдардың қатысуы
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу универсиететінен Мықтыбаева Рая, Сансызбай Абылай және Өтебаев Жасұлан ғалымдары "Бұзаулар қанының кейбір морфологиялық және биохимиялық көрсеткіштерінің динамикасына "Lactobact-ARZ" пробиотикалық препаратының әсері" тақырыбында баяндама жасады. Авторлар өз зерттеулерінде әзірленген пробиотикалық препараттың бұзаулар қанының көрсеткіштеріне, оның ішінде жалпы ақуыз, альбумин, глобулин көрсеткіштеріне және ферменттер белсенділігіне әсерін көрсетті. Пробиотикті қолдану зат алмасу үдерістерін қалыпқа келтіруге, иммундық жағдайды жақсартуға және төл қанының морфологиялық сипаттамаларын жетілдіруге септігін тигізгені атап өтілді. Бұл мал шаруашылығында лактобактерияларды қолдану жөніндегі әлемдік зерттеулердің үрдістеріне сәйкес келеді.
Іс-шараның қорытындылары мен маңызы
Форум табиғи препараттар мен биотехнологиялар саласындағы мамандар арасында жаңа халықаралық ынтымақтастықтар орнатуға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Қазақстандық зерттеушілердің қатысуы отандық ғылымның жануарлардың денсаулығын сақтаудың экологиялық қауіпсіз әдістерін дамытуға қосқан үлесін көрсетіп, пробиотикалық технологияларды ветеринария тәжірибесіне енгізудің өзектілігін растады.