«Сөз және шабыт» шығармашылық үйірмесінің алғашқы отырысы өтті
2025 жылғы 22 қарашада Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Аққайың» жатақханасында «Сөз және шабыт» шығармашылық үйірмесінің отырысы ұйымдастырылды. Бұл кездесуге қазақ әдебиеті мен сөз өнеріне қызығатын студенттер қатысты.
Кеш кіріспе дәріспен басталып, сөз өнерінің адам санасы мен мәдениеттегі орны туралы айтылды. Мазмұнды дәріс қатысушылардың қызығушылығын арттырып, дүниетанымын кеңейтуге арналған квизге ұласты. Студенттер Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсариннің өмірі, қазақ әдебиетінің жанрлары және танымал тұлғалардың шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап беріп, жан-жақтылығын көрсетті. Квиз соңында қатысушылар «Атамекен» әнін орындап, атмосфераны жандандырды.
Кештің келесі бөлімі ой ұшқырлығын дамытуға арналған тілдік ойындармен жалғасты. Орысша және ағылшынша сөздерге қазақша ұйқас табу арқылы қатысушылардың сөздік қоры молайып, шығармашылық қабілеті ұшталды. Сондай-ақ студенттер мақал-мәтел жарысына қатысып, тапқырлықтарын көрсетті.
Бағдарламаның ең қызықты бөлігі – рөлдік көріністер болды. Студенттер «Алдар көсе жатақханада», «Қыз Жібек XXI ғасырда», «Кумирмен күтпеген кездесу» атты мини-сценарийлерді сахналап, жарқын көңіл-күй сыйлады.
«Сөз және шабыт» үйірмесінің алғашқы отырысы өте мазмұнды және шабытқа толы өтті. Келесі кездесуде студенттер жаңа идеяларымен, шығармашылық бастамаларымен бөліседі деп күтілуде.
Егер сөз өнеріне қызығатын болсаңыз, шығармашылыққа баулитын келесі отырысымызды өткізіп алмаңыз!
KazNARU Баспасөз қызметі
