ҚазҰАЗУ | КазНАИУ | KazNARU

Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері KazNARU студенттеріне цифрлық қауіпсіздік бойынша дәріс өткізді

2025 жылғы 26 қараша күні Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің Аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Нарбаев Бейбіт Жұмабекұлы және Экономикалық тергеп тексеру департаментінің аға жедел уәкілі Бельгибаев Нұрболат Ерланұлының қатысуымен цифрлық қауіпсіздік тақырыбында ақпараттық дәріс ұйымдастырылды. Дәріс «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында ұйымдастырылып, жастардың цифрлық және қаржылық қауіпсіздік саласындағы құқықбұзушылықтардан қорғану мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.  

Шараға Ветеринария және зооинженерия факультетінің студенттері қатысып, заманауи цифрлық кеңістіктегі құқықтық тәуекелдер мен қауіптердің алдын алу жолдары жөнінде мағлұмат алды. Іс-шараның модераторы – студенттердің омбудсмені Күзен Назерке Бексейтқызы кездесудің тиімді өтуіне ықпал етіп, студенттердің сұрақтарына жауап алуға мүмкіндік жасады.

Нарбаев Бейбіт Жұмабекұлы студенттерге ҚР Қылмыстық кодексінің жаңартылған 262-бабы бойынша («Дроппер» іс-әрекеттері) түсіндіру жүргізді. Ол жеке банк шоттарын бөгде адамдарға, әсіресе 3 және одан да көп тұлғаларға берудің қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін атап өтті.

Сонымен қатар спикер қазіргі таңда кең таралып келе жатқан дипфейк технологияларының қауіптілігіне тоқталып, жалған бейне және аудиожазбалар арқылы азаматтардың жеке деректерін пайдалану, қаржылық алаяқтық жасау және беделіне нұқсан келтіру жағдайларының жиілеп кеткенін ескертті. Ол студенттерді күмәнді видеоларға сенбеуге, ақпараттың түпнұсқалығын тексеруге және жеке деректерді қорғауға ерекше назар аударуға шақырды.

Шараны қорытындылай келе, Ветеринария және зооинженерия факультетінің деканы Мусоев Асылбек Майлыбайұлы және факультет деканының орынбасары Спатай Нұрәділ Нұрбекұлы жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын атап өтіп, осындай кездесулер студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үлкен рөл атқаратынын жеткізді.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник