АБАЙ МҰРАСЫ – ҰЛТТЫҚ РУХАНИЯТТЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ. ОНЫ ҰЛЫҚТАУ – ӘР АЗАМАТТЫҢ ҚАСИЕТТІ БОРЫШЫ
19 қараша 2025 жылы «Ветеринария және зооинженерия» факультетінде Н.У. Базанова атындағы Жануарлар биологиясы кафедрасының ассистенті З.А. Шытырбаева жетекшілік ететін Вет-25-12 тобының ұйымдастыруымен Абай Құнанбайұлының «Толық адам» іліміне арналған тәрбиелік-танымдық іс-шара өтті. Шараның негізгі мақсаты – ұлы ойшылдың адамгершілік, рухани кемелдену, білім мен тәрбиеге қатысты қағидаттарын студенттерге терең түсіндіру, жас ұрпақты ізгілікке, парасаттылыққа және жауапкершілікке баулу болды.
Іс-шара барысында студенттер Абайдың қара сөздерінен және өлеңдерінен үзінділерді мәнерлеп оқып, «Толық адам» тұжырымдамасының қазіргі жастар үшін маңызын талдады. Сахналық көріністер, шығармашылық жұмыстар және ойтолғаулар арқылы Абай ілімінің рухани құндылықтары әсерлі түрде жеткізілді.
Шараға Н.У. Базанова атындағы Жануарлар биологиясы кафедрасының меңгерушісі Г.К. Джанабекова, факультеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысып, ұйымдастырушылардың белсенділігіне, шығармашылық қабілетіне жоғары баға берді.
Вет-25-12 тобы іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырып, жауапкершілік пен ұйымшылдық танытты. Топ тәлімгері З.А. Шытырбаева студенттердің рухани-адамгершілік дамуына ерекше көңіл бөліп, шараның мазмұнды өтуіне айтарлықтай үлес қосты.

