«ҒЫЛЫМҒА АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ: ЖАС ЗЕРТТЕУШІНІҢ КӘСІБИ ҚАЛЫПТАСУЫ»
2026 жылғы 19 ақпанда «Зооинженерия және биотехнология» кафедрасының аға оқытушысы Ғабит Гүлзат Ғабитқызының ұйымдастыруымен ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, академик, көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз Садыкулов Төлеухан Садықұловичпен мазмұнды кездесу өтті. Кездесуге 6В08201 – «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» білім беру бағдарламасының МШ-25-01К, МШ-25-02К және МШ-25-03К академиялық топтарының студенттері қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты – болашақ мамандардың ғылыми-зерттеу қызметіне деген қызығушылығын арттыру, олардың кәсіби бағдарын айқындау және ғылымға алғашқы қадам жасауға ынталандыру болды.
Кездесу барысында академик өзінің өмір жолы мен ғылымдағы қалыптасу кезеңдеріне кеңінен тоқталып, ғылыми мектеп қалыптастыру тәжірибесі және қол жеткізген жетістіктері жөнінде мазмұнды ақпарат берді. Сонымен қатар, зоотехния ғылымындағы өзекті зерттеу бағыттарын, мал шаруашылығындағы инновациялық ізденістерін және сала дамуына қосқан үлесін баяндап, кәсіби тәжірибесімен бөлісті. Ғалым өз сөзінде жас маман үшін ғылыми ойлау мәдениетінің, академиялық адалдықтың және үздіксіз ізденістің маңызын ерекше атап өтті. Ол студенттерді ерте кезеңнен ғылыми үйірмелер мен зерттеу жобаларына қатысуға шақырып, ғылым мен өндіріс сабақтастығының маңыздылығына тоқталды. Кездесу соңында студенттер академикке өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мазмұнды пікір алмасу өтті. Іс-шара болашақ зоотехник мамандардың кәсіби қалыптасуына оң серпін берді.
«Зооинженерия және биотехнология» кафедрасының
аға оқытушысы Ғабит Гүлзат Ғабитқызы


.jpeg)
.jpeg)