ҚазҰАЗУ | КазНАИУ | KazNARU

ҚазҰАЗУ СТУДЕНТТЕРІ «RESTART» ЖОБАСЫ АЯСЫНДАҒЫ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ СЕНБІЛІККЕ ҚАТЫСТЫ

2026 жылғы 4 сәуірде Алматы қаласының Медеу ауданында, Samal Resort and Spa маңында «ReStart» жобасы аясында экологиялық сенбілік өтті. Аталған іс-шараға Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті студенттері белсенді түрде қатысты.
Сенбілікке университеттің «Агробиология» және «Орман шаруашылығы және орман ресурстары» факультеттерінің студенттерімен қатар, «Жасыл экономика» және G-Global дамыту коалициясы ЗТБ өкілдері, CCİ Kazakhstan компаниясы, сондай-ақ жобаға қатысушы жоғары оқу орындарының кураторлары мен студенттері қатысты.
Іс-шара қатысушыларды жинаудан басталып, кейін сенбіліктің ресми ашылу рәсімі өтті. Модератор, экоинфлюенсер және экоблогер Камила Акимбекова қатысушыларды қарсы алып, сенбіліктің мақсаты, қалдықтарды бөлек жинаудың маңызы және «ReStart» жобасының жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы рөлі туралы айтты.
Сондай-ақ Алматы қаласы әкімдігінің Экология басқармасы, ТКШ бөлімінің аға инспекторы Жасулан Кусаинов құттықтау сөз сөйлеп, экологиялық бастамалардың маңыздылығын атап өтті.
CCİ Kazakhstan компаниясының корпоративтік коммуникациялар және тұрақты даму жөніндегі жетекшісі Алина Абилева, сондай-ақ «Жасыл экономика» және G-Global дамыту коалициясының өкілі, «ReStart» жобасының менеджері Дина Мажитова сөз сөйлеп, жоба мақсаттары мен міндеттері, жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық және жиналған пластиктің маңызы туралы баяндады.
ҚазҰАЗУ атынан Жасыл және тұрақты даму институтының жетекші маманы Майя Суюнчалиева және «Агробиология» факультетінің «Экология» кафедрасының оқытушысы Эльмира Букенова қатысып, ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, құттықтау сөз сөйледі.
«ReStart» жобасы «Жасыл экономика» және G-Global дамыту коалициясымен Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі және CCİ Kazakhstan компаниясының қолдауымен жүзеге асырылуда.
Сенбіліктің негізгі мақсаты – жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қалдықтарды бөлек жинауды насихаттау және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне назар аудару. Іс-шара барысында қатысушылар аумақты тазалап қана қоймай, Zero Waste қағидалары, қалдықтарды сұрыптау ережелері және тұрақты тұтыну туралы экологиялық тренингке қатысты.
Сенбілік барысында студенттер арнайы аймақтарға бөлініп, қалдықтарды жинау жұмыстарын жүргізді. Әсіресе пластикті бөлек жинауға ерекше назар аударылып, қалдықтарды дұрыс сұрыптау және қайта өңдеуге дайындау жүзеге асырылды. Іс-шара соңында жиналған пластик өлшеніп, «ReStart» жобасы аясындағы қатысушылардың үлесі бағаланды.
ҚазҰАЗУ студенттерінің мұндай бастамаларға қатысуы жастардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға және қоғамда тұрақты даму қағидаларын қалыптастыруға ықпал етеді.
Ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға белсенділік танытқаны, жауапкершілігі және Алматы қаласының экологиялық жағдайын жақсартуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник