ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕ КАНДИДАТ ЖИГУЛИ ДАЙРАБАЕВ ҚАЗҰАЗУ ҰЖЫМЫМЕН ЖӘНЕ СТУДЕНТТЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
2022 жылғы 5 қарашада Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің акт залында Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Жигули Молдақалықұлы Дайрабаевтың университет ұжымы және студентермен кездесуі болып өтті.
Іс-шараға Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма төрағасы-ректорының м.а., ҚР ҰҒА академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Ақылбек Күрішбаев, белгілі ғалымдар, қызметкерлер және университет студенттері қатысты.
Модераторлық тізгінді "Ауыл" ХДПП төрағасының орынбасары Анас Баққожаев ұстады.
Жигули Дайрабаев өз сөзінде қатысушыларды өзінің сайлауалды бағдарламасымен кеңінен таныстыра отырып, өзінің осы университеттің түлегі екенін мақтанышпен атап өтті. «Менің сайлауалды бағдарламам: дала демократиясының принциптеріне: жоғары рухани-адами мәдениетке, қуатты аграрлық сала және бақуатты өңірлер тәрізді біздің басты ұлттық артықшылықтарымызды барынша іске асыруға негізделген жаңа Қазақстанды құруға бағытталған. Мен Қазақстан Республикасын алақандай жер де бос жатпайтын, егілетін, әр дастархан сапалы және бағасы қолжетімді отандық өніммен толтырылатын аграрлық державаға айналдыруға нық бекіндім. Ата-баба мұрасын қастерлей құрметтейтін және ұлт болашағы үшін бар пейілімен алаңдайтын әрбір қазақстандық менің бастамаларымды қолдайтынына және Қазақстан Республикасын одан әрі дамыту жолындағы ортақ істе қозғаушы күшке айналатынына сенімдімін», - деді ол.
Алдағы президенттік сайлау – бұл бүкіл халық үлкен үмітпен күтетін өте жауапты науқан. Президенттікке кандидат студенттер мен оқытушылардың қойылған сұрақтарына толық жауап берді. Ал сұрақтар әртүрлі әрі маңызды болды: Қазақстандағы аграрлық білім мен ғылымның білім сапасын арттыру жолдары, ауыл жастары үшін мемлекеттік квота деңгейін көтеру, білім алушылар үшін жатақхананы ұлғайту, жас мамандарды жұмысқа орналастыру, шет елдерде кадрлар даярлау, ауыл шаруашылығы саласының мамандары үшін жалақыны арттыру және т. б. Спикердің айтуынша, оның сайлауалды бағдарламасында осы мәселелердің барлығының жолдары мен шешімдері жан-жақты қамтылған.
"Қазіргі заманғы ашықтықтың орасан зор әлеуетін пайдаланып, соңғы онжылдықтарда республиканың саяси, әлеуметтік және экономикалық өміріндегі жинақталған өзекті мәселелерді шешетін кез келді. Жеке өзім, менің кандидатурамды ұсынған "Ауыл" партиясы сияқты, осы тарихи мүмкіндікті барынша пайдалануға ниеттімін!", - деп атап өтті Президенттікке кандидат Ж. Дайрабаев.
ҚазҰАЗУ Басқарма төрағасы – ректордың м.а. Ақылбек Күрішбаев өз сөзінде "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлік палатасының мәліметін алға тартып, ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша мемлекеттік гранттың 52% - ы ғана игерілгенін жариялады. Қазіргі уақытта ауыл жастары үшін мемлекеттік білім беру гранттарының квотасы 30 пайызды құрайды, бұл өте аз. Себебі, ауыл жастарының ҰБТ көрсеткіштері қала жастарымен салыстырғанда төмен болып келеді, нәтижесінде ауыл шаруашылығы мамандықтарына қалалық жігіттер мен қыздар көбірек түседі, ал олар кейіннен ауылдық жерлерге бармайды.
"Ауыл жастары үшін квота деңгейін 70 пайызға дейін арттыру қажет деп санаймыз. Армиядан кейінгі жастарды ауылшаруашылық мамандықтарына конкурстан тыс қабылдаған жөн. Кадрларды даярлау мәселесіне келетін болсақ, бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы оқу орны студенттерінің бакалавриат бойынша стипендиясы – 36 660 теңгені құрайтындығына назар аударғымыз келеді, ал педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша – 58 800 тг. Бұл ретте біздің университетте білім алушылардың 90 пайызы ауылдық жерлерден келетінін ескергеніміз жөн. Олардың арасында жатақханада тұратын студенттер аз емес. Сондықтан біздің білім алушыларымыздың стипендияларын педагогикалық жоғары оқу орындарында оқитын стипендиялармен теңестіруді ұсынамыз! Осы маңызды мәселені Үкімет мүшелерінің назарына жеткізуіңізді сұраймын", - деп атап өтті А. Күрішбаев.
Сөзінің соңында Ақылбек Қажығұлұлы ҚазҰАЗУ ұжымы атынан кезедсуге келіп, ашық әңгіме өткізген "Ауыл" партиясының өкілдеріне алғысын білдіріп, сайлауалды науқанына сәттілік тіледі.
Кездесу аясында қонақтар университеттің ғылыми-инновациялық инфрақұрылымымен, атап айтқанда Вагенинген университетімен жұмыс институтымен, Микроклоналды көбею зертханасымен, Қазақстан-Жапон инновациялық орталығымен, ҚазҰАЗУ жанындағы Халықаралық зерттеу орталығы – Су хабымен танысты және жоғары білікті мамандарды даярлау бойынша ЖОО аясында жүргізіліп жатқан ғылыми жұмыстар мен білім беру қызметіне оң көзқарастарын білдірді.
ҚазҰАЗУ баспасөз қызметі.