KazNARU

ҚазҰАЗУ БИШІЛЕР ТОБЫ «ХОРЕОГРАФИЯ» БАҒЫТЫ БОЙЫНША ҚАЛАЛЫҚ БАЙҚАУ ЖҮЛДЕГЕРІ АТАНДЫ

Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен «Алматы студенттер Альянсы» корпоративті қоры ұйымдастырған қаладағы жоғары оқу орындары арасында «JAS GALA» шығармашылық байқауы өз мәресіне жетті.

2023 жылдың 14-23 желтоқсан аралығында Алматы қаласының дарынды студенттері вокал, хореография, аспаптық байқау, театр бағыттары бойынша бақ сынасты.

✅ Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің бишілер тобы «Хореография» бағыты бойынша бақ сынады. Жалпы, бұл номинация бойынша қаладағы 22 жоғары оқу орны сайысқа түскенін және олардың арасында хореографиялық факультеттердің студенттері бар екенін ескерсек, бұл доданың оңай болмағаны аңғарылады.

✅ «Хореография» байқауы қорытындысында 1-ші орынды Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, 2-ші орынды Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, 3-ші орынды (100 мың теңге жүлдесімен) Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті иеленді.

Осындай би өнерінің кәсіби маманданған таланттарының арасынан оза шауып, жеңіс тұғырынан көріне білу – біздің студенттеріміздің тынымсыз ізденісі мен еңбегінің нәтижесі екені даусыз.

✅ Би тобының мүшесі, “Зооинженерия және тағам өндірісінің технологиясы” факультетінің 1-курс студенті Ақжан Бөлеген өз қуанышын былайша бөлісті.

- Біз жүлделі үшінші орын алғанымызға өте қуандық, себебі би байқауына қатысушылардың бәрі мықты, олардың көбі арнайы би бөлімінде тәлім алып жүрген жастар. Дегенмен, біз де өнер сайысына бар күшімізді салдық, көбіміз емтихан, аралық бақылау тапсырып жүрсек те, университетіміздің абыройы үшін жақсылап дайындалдық. Университет басшылығы да қолдау көрсетіп, жаңа үлгідегі би көйлектерін тіктіріп берді. Еңбегіміз ақталды, біз қала бойынша мықтылар қатарынан көріндік! KazNARU, алға!», - дейді Ақжан.

✅ Шығармашылық ізденістерімен қалалық байқауда жүлделі орыннан көрініп, университетіміздің абыройын асқақтатқан өнерпаз бишілерімізді құттықтаймыз және өнер өлкесінде жаңа биіктіктер тілейміз!

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызмет

---------Chatbot---------
виртуальный помощник