KazNARU

ҚазNARU мен «ТИАШМИИ» ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ АРАСЫНДАҒЫ КЕЛІСІМ АЯСЫНДА 15 СТУДЕНТ «СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ СУДЫ ПАЙДАЛАНУ» БАҒЫТЫ  БОЙЫНША ӨЗБЕКСТАНҒА ОҚУҒА БАРАДЫ

Бұл туралы ҚазNARU Басқарма Төрағасы – Ректор, ҚР ҰҒА Вице-президенті, академик Ақылбек Күрішбаев бүгін «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» Ғылыми зерттеу университеті Ректорының кеңесшісі, Трансформациялау және стратегиялық даму бөлмінің жетекшісі, профессор Питер Макканнмен кездесу барысында айтып өтті.

✅ Еске сала кетейік, өткен 2023 жылдың 25 сәуірінде екі ЖОО басшыларының келісімі нәтижесінде, ҚазNARU базасында «ТИАШМИИ» ҒЗУ филиалын ашу бойынша «Жол картасы» талқыланып рәсімделген болатын. Бұл маңызды құжатты Өзбекстан Республикасының Жоғары білім, ғылым және инновация министрлігі мен Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі бекітіп, қолдау білдірді.

✅ «Осы қабылданған «Жол картасын» жүзеге асыруға байланысты, 2023 жылғы 14 маусымда Алматыға арнайы келген «ТИАШМИИ» ҒЗУ Ғылыми жұмыс және инновациялар жөніндегі проректоры Тохир Сұлтоновпен кездесуде біз су шаруашылығы мамандарын бірлесе даярлаудың жоспарын бекітіп, ғылыми және білім беру инфрақұрылымын жасақтаудың алғышарттарын қабылдадық. Соның аясында, алдағы ақпан айында біздің  бірінші курстың 15 студенті  «Су ресурстары және суды пайдалану» білім беру бағдарламасы бойынша Ташкентке бакалавриатта оқуға аттанбақ. Ары қарай «Жол картасында» белгіленген міндеттер аясында екіжақты қызметтерді жалғастыра беретін боламыз», - деді ҚазNARU басшысы Ақылбек Күрішбаев.

✅ Өз кезегінде профессор Питер Макканн «ТИАШМИИ» ҒЗУ ректоры Баходир Мирзаевтың қос университет арасындағы ынтымақтастықты нығайту Меморандумы 2028 жылға дейін ұзартылғанына ризашылық білдіргенін жеткізді. 

 «Сіздердің университеттегі қолға алынып жатқан нақты жұмыстардың нәтижесін көзбен көріп, су шаруашылығы мамандарының әлеуетін күшейту шараларына қуанып отырмыз. Жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және әлемдік қуатты университеттер қатарынан көріну бағытындағы инновациялық технологияларды әзірлеу бастамаларыңызды толық қолдаймыз. Студенттеріңізді келісімшарт бойынша қарсы алып, жайлы жатақханаға орналастырып, бірден оқуларын жалғастырып кетуге барлық мүмкінідктер жасалынды. Бірлескен жобамыз келешекте агросектор саласында білікті жас кадрлардың кәсіби құзыреттерін арттыру процесіне жаңа серпін беретініне сенімдіміз», - деді Питер Макканн.

✅  Тараптар филиал жұмысына қатысты бірқатар мәселелерді талқылап, қосымша Келісімшартқа қол қойды. 

Онда филиал басқармасының ұйымдық құрылымын әзірлеу және штат кестесін жасау; 
- филиал жұмысына қажетті инфрақұрылымдарды құру, оның ішінде, белгіленген оқу ғимаратын техникалық оқу құралдарымен жабдықтау; 
- оқу процесін сапалы ұйымдастыру үшін білім алушыларды заманауи оқу және ғылыми әдебиеттермен қамтамасыз ету; 
- профессор-оқытушылар құрамы пен білім алушылардың академиялық ұтқырлығын қамтамасыз ету бойынша іс-шараларды нақтылау сияқты бірқатар маңызды мәселелер қамтылды. 

✅  Сонымен қатар, профессор Питер Макканн университеттің оқу зертханаларында, ғылыми орталықтарында, кафедраларында болып, ЖООның инфрақұрылымымен және оқу процесімен, оқу-әдістемелік жұмыстарымен жақын танысты. 

Питер Макканн түрлі компанияларға және коммерциялық емес ұйымдарға консалтингтік кеңес беретін, халықаралық ғылыми қауымдасқа кеңінен танымал тұлға. Ол Канаданың жеті провинциясында, АҚШ-тың екі штатында, сондай-ақ Финляндия, Германия, Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінде  жоғары дәріскер және шақырылған ғылыми қызметкер ретіне жұмыс істеген тәжірибелі маман. «Жеке компаниялардың стратегиясы және бизнесті жоспарлау», «Төңкерістер: ми, батылдық және төзімділік» атты іскерлік тақырыбындағы кітаптары бар.

ҚазNARU Баспасөз қызметі
 

---------Chatbot---------
виртуальный помощник