KazNARU

⚜️ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ, ІСКЕР ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ, БІЛІКТІ ДЕКАН, УНИВЕРСИТЕТ МАҚТАНЫШЫ

Бүгін отандық ауыл шаруашылығы мен білімінің дамуына еңбегі сіңген ғылым қайраткері, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу  университеті «Инженерлік-техникалық» факультетінің деканы,  физика-математика ғылымдарының кандидаты, оқытушы-ұстаз Әлдібаева Ләззат Тұрғынбайқызының туған күні!

✅ Осы бір қуанышты сәтте ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президенті, KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректор  Ақылбек Күрішбаев туған күн иесіне университет басшылығы мен ұжымы атынан жылы лебіз білдіріп, Алғыс хат тапсырды.

«Сізді  әріптестеріңіз еліміздегі аграрлық жоғары оқу орындарының көшін бастаған университетімізде 1995 жылдан бері жемісті қызмет істеп келе жатқан ұлағатты ұстаз, өз ісіне жауапкершілігі мол ұйымдастырушы басшы, кәсіби білікті маман, ғылымдағы айшықты орны бар тұлға, тәлімі мол өнегелі жан ретінде қадірлейді. Университетіміздің жаңа заман талабына сай дамуына, аграрлық сала үшін білікті мамандар даярлау ісіне сіңірген еңбегіңіздің жемісін көріп, мәртебеңіз арта берсін!», - деді өз құттықтауында университет басшысы Ақылбек Күрішбаев.

✅  Ләззат Тұрғынбайқызы 1972 жылы 24 қаңтарда Хан Тәңірінің баурайында дүниеге келіп, орта мектепті «Күміс медальмен» бітіріп, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың математика факультетін тәмамдаған соң, еңбек жолын Алматы зооветеринарлық институтының  «Жоғары математика және физика» кафедрасында ассистент қызметінен бастаған. Содан бергі отыз жылдай уақыттың ішінде KazNARU Қабылдау комиссиясының техникалық хатшысы, факультет «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы, кафедра меңгерушісі, Білім алушылар контингентін қалыптастыру институтының директоры, «Инженерлік-техникалық» факультетінің деканы сияқты жауапты лауазымдарда абыройлы баспалдақтардан өтті.

✅  Оқытушылық, жауапкершілігі мол декандық қызметпен қатар, ғылыммен де терең айналысып, физика-математика ғылымдарының кандидаты ретінде 40-тан астам ғылыми мақалалардың авторы атанды. Білім беру мен тәрбиелеу үдерістерін ұйымдастыру мен жетілдірудегі, оқыту мен тәрбиелеудің біртұтастығын қамтамасыз етудегі айырықша еңбектері үшін «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталып, Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы атағына ие болды. 

✅  Университеттің мақтанышы, берекелі отбасының алтын тірегі, сүйкімді ұл мен қыз өсіріп отырған аяулы ана атанған Сізге өмірдің әрбір сәті қуаныш сыйлап, әр жылыңыз жемісті жақсылықтарға жетелей берсін! 

Сізге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға бақыт пен береке, еңбегіңізге мол табыстар тілейміз!

KazNARU Баспасөз қызметі

#ректор #универ #вуз #туганкүн #деканы #деканат

 

---------Chatbot---------
виртуальный помощник