«ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАЗҒЫ МЕКТЕП – 2024» РЕСМИ АШЫЛУЫ БОЛЫП ӨТТІ
Бүгін Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде «Халықаралық жазғы мектеп – 2024» жұмысының ресми ашылуы болып өтті. Оған алыс-жақын 14 шетелден, атап айтқанда АҚШ, Малайзия, Қытай, Германия, Польша, Румыния, Түркия, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан т.б., KazNARU проректорлары мен жетекші профессор-оқытушылары, отандық серіктес ЖОО-лардың жетекші ғалымдары, 400-ден астам білім алушылар оффлайн және онлайн режимде қатысты.
Мектептің ашылу салтанатында сөз сөйлеген KazNARU Басқарма Төрағасы-Ректоры, ҚР ҰҒА Президенті, академик Ақылбек Күрішбаев оқу ордамызда «цифрлық университетке» айналдыру жұмысы қарқынды жүргізіліп жатқанына тоқталды. Мысалы, Қытай аграрлық университетімен бірлесе су ресурстарын ақылды басқару үшін «Цифрлық зертхана», Ланьчжоу университетімен «Ақылды ауыл шаруашылығы» орталығын құру жөніндегі жұмыстар қолға алынды. Аталған жобалар су ресурстарын басқару және жаһандық климаттық өзгерістердің салдарымен күресу үшін ең озық әлемдік тәжірибені зерттеу жөніндегі тың бағдарлама болып табылады.
Университет басшысы сонымен бірге, жақсы дәстүрге айналған жазғы мектепте биыл 10 бағыт бойынша дәрістер оқытылатынын, білім мен ғылымның озық инновациялық жетістіктері қарастырылатынын атап өтті.
«Халықаралық мектептің басты мақсаты – жаңа білім беру, практикалық дағдыларды, инновациялық технологиялар мен ғылыми зерттеулер жүргізу әдістемелерін үйрету. Арнайы шақыртылған шетелдік ғалымдар университеттің инновациялық орталықтары мен зертханаларында тәжірибелік сабақтар өткізді. Мектептің бағдарлама басшылары АӨК саласындағы өзекті мәселелері бойынша дәрістер мен практикалық дәрістер жүргізеді. Тыңдаушылар үшін, бұл деген – әлемдік деңгейдегі ғалым жетістіктерімен жақын танысу, сабақтарды өткізудің жаңа тақырыптары мен нысандарын меңгеру болып табылады. Дәрістердің өте жоғары деңгейде өтетініне сенімдімін», - деді Ақылбек Күрішбаев.
Ғылыми зерттеулер жүргізуде және бәсекеге қабілетті кадрлар даярлауда халықаралық ынтымақтастық маңызды рөл атқаратынын тәжірибе көрсетіп отыр. KazNARU-дың негізгі серіктестері – Небраска-Линкольн университеті (АҚШ), Вагенинген университеті (Нидерланды), АгроПарижТех (Франция), Қытай ауылшаруашылық университеті, Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру университеті және басқа жоғары оқу орындарының оқытушылары жазғы мектепке белсене қатысады деп күтілуде.
Биылғы халықаралық «Жазғы мектеп-2024» су ресурстарын бағалау және суды тиімді басқару, биотехнология және аймақтық азық-түлік қауіпсіздігі, инновациялық цифрландыру жағдайындағы ауыл шаруашылығының технологиялары мен техникалық құралдарын пайдалану, жаһандық климаттық өзгерістердің салдарымен күресу жолдарын зерделеуге арналған.
Жиында сөз сөйлеген шетелдік озық университеттердің өкілдері алдағы дәрістер мен шеберлік-класстар, ғылыми-зерттеу жұмыстары мен презентациялардың, практикалық сабақтардың мазмұны өте бай екендігін айта отырып, білім беру жүйесіндегі интернационалдандыру өз нәтижесін беретініне сенім білдірді.
Халықаралық жазғы мектептің қонақтары мен тыңдаушылары бұдан кейін университететтің Музейінде болып, оқу ордасының 95 жылдық тарихымен танысты және түрлі секцияларда дәрістік жұмыстарын бастады.
KazNARU Баспасөз қызметі