KazNARU

KazNARU 1984 ЖЫЛҒЫ ТҮЛЕКТЕРІН САЛТАНАТПЕН ҚАРСЫ АЛДЫ

✅ Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Акт залында бұрынғы Қазақ ауыл шаруашылық институтының «Механикаландыру» және «Инженерлік-педагогикалық» факультетінің 1984 жылғы түлектерінің кездесуі болып өтті.

Еліміздегі бірден-бір аграрлық жетекші оқу ордасын 40 жыл бұрын 250-ден аса жас мамандар бітіріп шығыпты. Бүгінде еліміздің әр қиырында абыройлы еңбек етіп жүрген замандастардың қатарында танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент және облыс, аудандық мәслихат депутаттары, әкімдік қызметкерлері, ғылым докторлары мен ауыл шаруашылығы мамандары бар.

✅Кездесуге келген қонақтарға KazNARU Басқарма Төрағасы-Ректоры, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының Президенті Ақылбек Күрішбаев құттықтау сөз арнап, университеттің кешегісі мен бүгінгісін салыстыра отырып, білім мен ғылымды дамыту, агрокешен үшін білікті кадрлар даярлау барысындағы игілікті істерді атап өтті.

«Әр мемлекеттің өркениеті – оның білімі мен ғылымының дамуына байланысты. Өдеріңіз оқыған кездегі қара шаңырақтың дәуірлеген заманы қандай еді? Бүкіл Қазақстанды қойып, Орта Азияның аграрлық саласындағы кадрлар ұстаханасы атандық. Бүгінгі біздің мақсатымыз – университетіміздің сол дәуірлеген даңқын қайтару! Жаңа заман талаптарына сай Университетіміздің «2024-2030 жылдарға арналған Даму бағдарламасы» қабылданып, ғылыми-зерттеу мен жоғары білім берудің біртұтас жүйесін құру үшін барлық жағдайлар жасалынуда. «Ғылым – білім – өндіріс жүйесі» негізінде KazNARU, 4 ҒЗИ және бір тәжірибелік шаруашылық қосылып, сапалы зерттеу университетінің жаңа деңгейіне қадам бастық. Мұндай бетбұрыс университет тарихында алғаш рет болып отыр», - деді Ақылбек Қажығұлұлы.

✅ Сонымен қатар, ректор оқу ордасының материалдық-техникалық базасы жаңғырғанын, жекеге өтіп кеткен активтерді, ғимараттарды қайтару жұмыстары қолға алынғанын, 9 қабатты жаңа студенттік жатақхананың құрылысы басталғанын, профессор-оқытушылар құрамының еңбекақысы екі есеге өскенін, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» білім беру топтарына қабылдаудың шекті баллы 50-ге түсірілгенін кеңінен айтып берді.

«Университетіміз әлемдік «QS Asia» рейтингісі бойынша Орталық Азия үздік жоғары оқу орындары арасында 6 орында, «QS Sustainability» рейтингісінде Қазақстан бойынша үшінші жыл қатарынан 5-ші орында көрініп келеді. Бұның бәрі университет ұжымының ортақ жетістіктері. Сіздер хабардар болсын деп айтып отырмын. Қазіргі ерекшелік – студенттеріміз әлемнің озық университеттерінде де қатар оқып, екі диплом алып шығады. Балаларыңыз бен немерелеріңізді бізге оқуға жіберіңіздер. Өздеріңіз білім алған қара шаңырақтың жаңаша қадамына осылайша қолдау көрсетіңіздер. Сіздердің ақыл-кеңестеріңіз, өмірдегі жетістіктеріңіз кейінгі жас буынға үлкен үлгі-өнеге. Мерейлі кездесулеріңіз құтты болсын!», - деді университет басшысы Ақылбек Күрішбаев.

✅ Университет түлектері «Инженерлік педагогикалық факультет» деканы Инкарбеков Асылбек Балабекұлын, «Механикалық факультет» деканы Резников Борис Наумовичті және басқа оқытқан ұстаздарын сағынышпен еске алып, өз естеліктерімен бөлісті. Өз лебізін білдіргендер арасында бүгінде Германияда тұратын төрт курстас достар да бар.

Белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, сенатор, Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің Төрағасы, ауыл шаруашылығы саласын дамытуда ерекше еңбек етіп жүрген Бектаев Әли Әбдікәрімұлы жылы қарсы алған университет басшылығына өз курстастары атынан рахмет айтып, күріштен жасалған Бас оқу ғимаратының картинасын сыйға тартты. Бітіруші түлектер Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қойды.

✅ KazNARU басшылығы ауыл шаруашылығы саласының өзекті мәселелерін шешуде үлкен белсенділік танытып, елге қызмет етудің ғибратты үлгісін көрсетіп жүрген Әли Бектаевты «Университет мақтанышы» төсбелгісімен марапаттады.

✅ Салтанатты кеш соңы қазақ эстрадасының жұлдыздары мен студенттердің күшімен әзірленген көңілді ән-күйге жалғасты.

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник