KazNARU

«СУ, ЖЕР ЖӘНЕ ОРМАН РЕСУРСТАРЫ» ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ТҮЛЕКТЕРІ ҚАНАТ ҚАҚТЫ

Қазақ ұлттық агралық зерттеу университетінің «Су, жер және орман ресурстары» факультеті биыл 12 қаңтарда құрылғанына 75 жыл толғанын атап өткен болатын.

Қазіргі кезде: «Орман ресурстары, аңшылықтану және балық шаруашылығы», «Су ресурстары және мелиорация», «Жерге орналастыру және кадастр» сияқты үш кафедрадан құралған факультеттің абыройлы имиджі қалыптасқан.

Факультетте ҚР ҰҒА-ның 3 академигі, 15 ғылым докторы, 15 ғылым кандидаты, 17 философия докторы (PhD) қызмет атқарады. Олар су ресурстарын басқару, мелиорация, жерді қорғау, жерге орналастыру және жер кадастры, орман ресурстары және орман шаруашылығы, ағаш өңдеу негіздері мен орман шаруашылығы, ландшафтық дизайн және көгалдандыру, акваөсіруді дамыту саласына білікті мамандарды даярлайды.

✅ Бүгін Басқарма Төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары, в.ғ.д. Пірімқұл Ибрагимов факультеттің бітіруші түлектеріне оқу ордасының басшысы атынан Дипломдар мен Алғыс хаттар тапсырды.

✅ «Факультет түлектері бүгінде өндірістің, ғылымның барлық салаларында, басқару органдарында және алыс, жақын шетелдерде жұмыс істейді. Ғалымдарымыз сонымен бірге мемлекеттік және жеке орман өсіруді дамыту, жерді тұрақты басқару және сумен қамтамасыз ету мен суаруды жақсартуға барынша өз үлестерін қосып келеді. Атап айтқанда, KazNARU мен Алматы қаласының әкімдігі арасында жасыл желектерді күтіп-баптау мақсатында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылып, екі жыл мерзімге есептелген ғылыми зерттеу жұмыстары жүзеге асырылуда. Оның ішінде «Медеу» табиғи паркін басқару жоспарын әзірлеу және «Баум тоғайының» ландшафттарының эстетикалық тартымдылығын арттыру сияқты ірі іс-шаралар қамтылады», - деді Пірімқұл Ибрагимов.

Ол өз сөзінде бітіруші жас мамандардың болашақта орман ресурстарын молықтыру, орман шаруашылығын тұрақты жүргізу, аңшылық және балық шаруашылығын дамыту, суару процестерін жақсарту, жерге орналастыру және кадастр саласында теориялық білімдерін өндірісте көрсете алатынына сенім білдірді.

✅ Салтанатты іс-шарада мерекелік құттықтаулар мен ән-жырдан шашу шашылды.

✅ Диплом алған барлық түлектерді қуаныштарымен шын жүректен құттықтаймыз және жаңа өмір жолында кәсіби табыстар тілейміз!

KazNARU Баспасөз қызметі.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник