KazNARU

ЕЛІМІЗДІҢ ӘРТҮРЛІ АЙМАҚТАРЫНДА ТҮЙЕЛЕРДІҢ РЕПРОДУКТИВТІК ҚЫЗМЕТІНІҢ ӨТУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІН ЗЕРТТЕУДІҢ ПРАКТИКАЛЫҚ МАҢЫЗЫ

Қазақстан Республикасында соңғы 10 жылда түйе санының өсуі байқалады, шұбат пен ет өндіру көлемі ұлғаюда, кейбір фермерлер түйе сүтін өңдеу технологиясын енгізуде, соған байланысты халықтың тағамдық құндылығы жоғары, экологиялық таза шұбат өнімін тұтынуы мен оның экспортының өсуі байқалуда. Табиғи-климаттық жағдайлары, жайылым алқаптарының болуы және түйе өсірудің дәстүрлі технологиясы біздің фермерлерімізге осы сала бойынша жоғары рентабельділігіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Алайда, түйе малы жөнінде жалпы деректер көп емес, оған қоса түйелердің репродуктивтік жүйесі туралы ақпараттар жоқтың қасы, болса да өте аз зерттелген және шашыраңқы болып қала бермек. Түйенің репродуктивтік жүйесінің көбею маусымдылығы, кешірек жыныстық жетілу, репродуктивтік органдардың анатомиясы, шырыш ағудың және күйлеудің әлсіз байқалуы, рефлекторлық овуляция сияқты қызықты ерекшеліктері бар. Түйелердің репродуктивтік қызметін зерттеу бойынша шетелдік ғалымдардың үлкен тәжірибесі бар, атап айтсақ-түйелерді қолдан ұрықтандыру технологиясы, эмбриондарын көшіріп-қондыру, түйе шәуетін криконсервациялау технологиясын әзірлеу бойынша зерттеулер жүргізілуде. Алайда, өкінішке орай, біздің елімізде 2001 жылғы бір ғана, яғни ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Құрманов Бауыржан Ауғанұлының диссертациялық жұмысы бар, онда эстралдық цикл ағымының маусымдық ерекшеліктері, эстралдық цикл кезіндегі кейбір жыныстық гормондардың динамикасы және түйелерді тік ішек арқылы тексеру әдістемесі қолданылған.

Түйелердің репродуктивтік қызметінің өзекті мәселелерін шешу мақсатында университет ғалымдары шетелдік ғалымдар: PhD доктор, профессор, түйелерді көбейту саласындағы белгілі ғалым, БАӘ «Түйелердің репродукциясы орталығының» ғылыми директоры Lulu Skidmore, ғылым докторы, профессор, Үндістанның Орталық құрғақ аймақты зерттеу институтының мал шаруашылығы және жайылымдарды басқару бөлімінің басшысы Sumant Vyas, А.С. Пушкин атындағы Ленинград мемлекеттік университеті (Ресей) «Жаратылыстану және география» кафедрасының профессоры, биология ғылымдарының докторы Терлецкий Валерий Павловичтің қатысуымен «Буаздықты қолдауға байланысты гендердің экспрессиясының профилін зерттеу және дромедар түйелерінде овуляцияны индукциялау үшін OIF қолдану тиімділігін зерттеу» тақырыбында (AP23484301, іске асыру мерзімдері 2024-2026 жж.) ҚР МҒМ МФ ғылыми жобасы іске асырылуда, жоба жетекшісі биология ғылымдарының кандидаты, «Клиникалық пәндер» кафедрасының профессоры Усенбеков Есенгали Серікұлы.

Өткен 2024 жылдың 17-21 желтоқсан аралығында Дубай қаласындағы «Түйелердің репродукциясы орталығында» шетелдік іссапар барысында профессор Lulu Skidmore-мен осы жобаны іске асыру жоспары талқыланды, кездейсоқ таңдалған түйелердегі прогестерон мен эстрадиол гормонының  динамикасын зерттеу үшін түйелерден қан сарысуының үлгілерін арасына 48 сағат салып 24 күн ішінде алу әдістемесі жоспарланды. ФСГ және ЛГ гормондарының динамикасын зерттеу үшін 1 сағат аралықпен екі рет коитус алдында және 1 сағат аралықпен және 10 сағат ішінде коитустан кейін қан үлгілерін алу жоспарланды.

Зерттеу тобы бүгінгі күні Түркістан облысы, Отырар ауданы «Үсенов М» шаруа қожалығына қарасты Дромедар тұқымды түйелерден қан сарысуының үлгілерін жинау бойынша жұмысты аяқтады, мұнда буаздықтың әр түрлі мерзіміндегі түйелерден бір рет қан алынып, барлығы 12 қансарысуы үлгілері жинақталды. Бұл үлгілерден түйелердегі буаздық мерзіміне байланысты прогестерон мөлшері ИФТ диагностикалық әдісімен зерттеледі және анықталады, бұл болашақта түйелердегі буаздық мерзімін балау үшін пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «Меккенбай М» ЖШС-қарасты сауылымдағы 9 бас қысыр түйеден, түйелердің репродуктивтік қызметінде маңызды рөл атқаратын прогестерон және эстрадиол гормондары мөлшерінің динамикасының өзгеруін зерттеу үшін 48 сағат аралықпен қансарысу үлгілері жиналды. Осыған ұқсас жұмыс Атырау облысы Исатай ауданы, «Салихов Н.З» жеке қосалқы шаруашылығында жүргізіліп, буаз емес 5 бас Бактриан тұқымды түйе мен 1 бас Дромедар тұқымды түйеден 48 сағат аралықпен қан сарысуы үлгілері алынды.

2024 жылғы 1 желтоқсан мен 2025 жылғы 31 қаңтар аралығында еліміздің үш географиялық өңірінде, яғни Алматы, Түркістан және Атырау облыстарында түйелерге бақылау және олар жөнінде ақпараттар жинау арқылы түйелерде жыныстық қызметінің өту  ерекшеліктерін зерделеу жүргізілді. Біздің зерттеулеріміздің нәтижелеріне сәйкес, түйелерде жыныстық маусым 15 қаңтардан басталады, ауа-райы жағдайлары шешуші рөл атқарады, температураның төмендеуі түйелерде, әсіресе аталық түйелерде (бура, лөк) жыныстық қозу үдерістерін жеделдетеді. Қазақстандық фермерлер шағылыстырудың екі нұсқасын пайдаланады, бірі қорада, адамның бақылауымен, ал екіншісі еркін шағылысу, яғни түйелер тәулік бойы жайылымда болады және жыныстық қатынас бақылаусыз жүреді, мұнда әрине, зоотехникалық есепке алу қиын. Шұбат өндірумен айналысатын ірі түйе шаруашылықтарында шағылыстыру 1 ақпаннан бастап жоспарлы түрде жүргізіледі, түйелердің боталауы сондықтан жылдың жылы мезгілінде, наурыз және сәуір айларында болады. Аталық бураға немесе лөкке жыныстық жүктеме бір келеде 30-40 түйеге дейін бекітіледі. Түйе инбридингін болдырмау мақсатында бураны ең көп дегенде 5 жыл пайдаланады, содан кейін бураны ауыстырады.

Біздің алдын-ала нәтижелеріміздің нәтижелері бойынша «эстралдық цикл», «жыныстық цикл» терминдері түйелердегі биологиялық үдерістің мәнін көрсетпейді, өйткені біздің тәжірибеміз түйелерде жыныстық циклдің кезеңдерін анықтау мүмкін еместігін көрсетеді, біз тәжірибелік топқа түйелердің жыныстық цикл кезеңін ескермей кездейсоқ алдық. Біз прогестерон мен эстрадиол гормондарының концентрациясын ИФТ зерттеу әдісімен анықтау нәтижесінде қызықты нәтижелер күтеміз. Зерттеу кезеңінде түйелерде прогестерон концентрациясының жоғарылауының бір немесе екі шыңы, ал эстрадиол гормонының бір шыңы болады деп болжап отырмыз.

Біз түйелердің репродуктивтік жүйесінің ерекшеліктерін зерттеу үшін үлкен практикалық тәжірибесі бар түйеші фермерлерге арнап алғаш рет сауалнама дайындадық. Сонымен, сауалнама нәтижелері бойынша практикалық маңызы бар бірқатар ақпараттар анықталды: түйелердегі «күйлеу» белгілері-түйеде аздап мазасыздану, кейде сүтінің азаюы, мінез-құлқының өзгеруі, егер жайылымда түйе лөкке жақындаса, ол шағылысуға дайын, кейбір түйешілер түйенің көзқарасының өзгеруін атап өтеді, түйе жиі-жиі зәр бөле бастайды, күйлей бастаған түйе лөктің науасынан келіп жем-шөп жейді, өзі жақындайды, тәжірибелі түйешілер түйелердің «күйлеуін» дәл анықтап, шағылыстырады.

Түйелерде «жыныстық циклдің» ұзақтығы қандай деген сұраққа көбінесе 7-10-14 күн, деп жауап берілді, сондықтан сәйкесінше «жыныстық циклдің» немесе «эстралдық циклдің» ұзақтығы 7-10-14 күн деп болжауға болады. Сондай-ақ, біз түйелерде репродуктивтік қызметінің келесі параметрлерін анықтадық: мысалы, жыныстық қатынастың ұзақтығы 7-ден 20 минутқа дейін, туар алдындағы толғақтың ұзақтығы 5-8 сағат, туу актінің ұзақтығы 10-15 минут, шудың бөліну ұзақтығы ең көбі 30 минут, буаздықтың ұзақтығы жас түйелерде 12 айдан асады, ересек түйелерде 13 ай, лактация ұзақтығы 10 айдан 14 айға дейін, түйелерде буаздықтың алғашқы белгісі-құйрықғын тік көтеру, әдетте бұл көрініс шағылысудан кейін 15-ші күні байқалады.

Жоба орындаушылары факультет клиникасында түйеге ректалдық зерттеу, түйенің аналық безіне ультрадыбыстық сканерлеу жүргізуде, субдоминантты және доминантты фолликулдарды анықтауда, «Ветеринариялық медицина» мамандығының 3 курс студенттерінің қатысуымен ИФТ үшін қан алып, қан сарысуы үлгілері алынды. Сондай-ақ, 2025 жылдың 26 ақпаны мен 7 наурызы аралығында Үндістаннан профессор Sumant Vyas келуі жоспарланған, ол кісі Қазақстандық ғалымдарды ҚазҰАЗУ клиникасы жағдайында түйеге ректалды зерттеу жүргізу, түйенің репродуктивтік органдарын ультрадыбыстық сканерлеу әдістерін, сондай-ақ Алматы облысының фермерлік шаруашылықтары жағдайында аталық түйелерден жасанды қынаптың көмегімен шәует алу әдістерін үйретеді. Клиника жағдайында түйеге арнайы дайындаған тұрақ (раскол)  және ультрадыбыстық құрылғылар бар.

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ғылыми жұмысты қаржыландырудағы негізгі міндеттерінің бірі ғылыми мамандарды даярлау болып табылады. Осы жобаны жүзеге асыру аясында екі диссертациялық жұмыс жүргізілуде, Сахариев Ернұр Семей қ., Қ.Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің 2 курс PhD докторанты, диссертациялық жұмысының тақырыбы: «Дромедар тұқымдас інгендерде  жыныстық гормондарының динамикасын, буаздықпен  байланысты гендер экспрессиясын зерттеу  және овуляция индукциясын  тудыру жолдарын құрастыру», ҚазҰАЗУ 1 курс PhD докторанты Баймирзаев Б.К., диссертациялық жұмысының тақырыбы: «Түйе шаруашылықтарында бураларға андрологиялық зерттеу жүргізудің маңызы және інгендердің фертилдігін көтеру әдістерін жетілдіру». «Ветеринария және зооинженерия» факультетінің  деканы, қауымдастырылған профессор Мусоев А.М., «Клиникалық пәндер» кафедрасының меңгерушісі , қауымдастырылған профессор Махмутов А.К. оқу үрдісінің сапасына баса назар аударады және осы жоба көлеміндегі зерттеу жүмыстарын «Ветеринариялық медицина» мамандығының 3 курс студенттерінің қатысуымен жүргізу туралы шешім қабылданды. Зерттеу тобының мүшелері құрамында  4 курс студенттері А.Н. Зейнелғабиден ИФТ зерттеу үшін түйелерден биологиялық үлгілерді жинауға тікелей қатысты, 4 курс студенті А.Сатыбалдиева мРНҚ-ны бөліп алу процесіне қатысып, көлденең электрофорез әдістемесін және ДНҚ, РНҚ концентрациясын өлшеуді меңгеруде.

            Өндірістік тәжірибелерді жобаны орындаушылар Хизат С., Қойбағаров Қ.У. Түркістан облысы Отырар ауданында, Туруымбеков А.А., Сахариев Е.С., Усенбеков Е.С. Атырау облысының Исатай және Махамбет аудандарында жүргізді. Шаруа қожалықтарының, аудан әкімшілігі қызметкерлерінің, ветеринария мамандарының қолдауының арқасында тәжірибелік жұмыстар сәтті жүргізілді. Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының Отырар ауданы бойынша филиалының директоры Әбдірахымов Ұлан Бестемірұлына, аудандық ветеринариялық зертханасының директоры, «Ветеринария және мал шаруашылығы» факультетінің түлектері Әбдікерім Дінмұхамедке, «Қоғам» ауылдық округінің ветеринария бөлімінің меңгерушісі Бекетов Нұралыға, түйе өсірушілерге сауалнама жүргізуге және биологиялық сынамаларды алуға көмектескені үшін үлкен алғысымызды білдіреміз. Исатай ауданында шаруа қожалығының иесі Салихов Нұргелдінің, «Ақ қыстау» ауылдық округінің ветеринария бөлімінің басшысы Салихов Алдабергеннің, Махамбет ауданында ветеринария бөлімінің меңгерушісі Сейғалиев Мұратбектің жан-жақты қолдауының арқасында жұмыс ойдағыдай өтті.

            Сауалнама Түркістан облысы, Отырар ауданындағы Маяқұм ауылдық округі «Үсенов К» шаруа қожалығынан, «Ирим» учаскесінің шаруа қожалығы– Дүйсенов Рыскелді Оңалбайұлынан, «Қоғам» ауылдық округі «Мекенбай М» ЖШС құрылтайшысы  Айдарбеков Мұхтарханнан, Атырау облысы Исатай ауданында Есеналиев Аманжол, Дәулетияров Сүйінғали шаруа қожалықтарының басшыларынан, Атырау облысының Махамбет ауданында Көбесов Асхат, Кенжеғұлов Бақытбектен шаруа қожалықтарының басшыларынан алынды. Түйе өсіру саласындағы білімді дамытуға мүмкіндік беретін ақпараттарды сауалнама арқылы бергендері үшін алғысымызды білдіреміз.

            Жобаны жүзеге асыру барысында орындаушылар шаруаларға тәжірибелік көмек көрсетті. Мәселен, 2024 жылдың қазан айында Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданындағы «Ару-Ана» шаруа қожалығының көбеюге жарамсыз түйелерін анықтады, бірақ олардың қайсысының қысыр қалғаны күмән тудырды. «Ару-Ана» шаруа қожалығынан қысыр қалған белгілі бір себебі бар 16 аналық түйе іріктелді. ҚазҰАЗУ ғалымдары түйедегі буаздықты анықтауға кешенді диагностикалық әдістермен, тік ішек арқылы зерттеу, ультрадыбыстық сканерлеу, ауру тарихы мен ИФТ диагностикасын қолданды. 16 бастан жан-жақты тексеру қорытындысы бойынша 7 бас  аналықта бедеуліктің белгілері анықталды (біреуінде созылмалы эндометрит, үш  түйеде аналық безінің гипофункциясы) нәтижесінде бедеу болып шықты. Ректальды диагностикамен ИФТ зерттеулерінің нәтижелері орындаушыларға бедеу түйелерді етке жіберу (сою) туралы дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік бергенін атап өткен жөн.

            Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде барлық қажетті инфрақұрылым, заманауи құрал-жабдықтар, білікті мамандар, шетелдік серіктестермен ынтымақтастығы, фермерлерге қажетті қызықты және сенімді нәтижелерді алуға мүмкіндік беретін, қайтымды зерттеу әдістері бар. Бұл жобаны жүзеге асырудың соңғы кезеңінде диагностикалық әдістерден: трансректалды пальпация, ультрадыбыстық диагностика, буаздық  пен бедеуліктің ИФТ диагностикасы, түйелерде овуляцияны индукциялаудың тиімді нобайларын қолдану енгізіледі.

 

«Клиникалық пәндер» кафедрасының профессоры                            Усенбеков Е.С.

 

---------Chatbot---------
виртуальный помощник