«Наурыз-Фест: Ақтық сын» спорттық жарысы

«Наурыз-Фест: Ақтық сын» спорттық жарысы

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті студенттер арасында өткен ауқымды спорттық іс-шара – «Наурыз-фест: Ақтық сын» жарысы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар мен жанкүйерлерге ерекше серпін сыйлады. Жарыс «Наурыз-Фест» мамандықаралық ұлттық іс-шараның соңғы әрі қорытынды бөлімі болды. Атап айтсақ, бірінші кезеңде, командалар ұлттық тағам мен салт-дәстүрден, екінші кезеңде ұлттық ойындар мен ұлттық өнерден, үшінші кезеңде ұлттық бағыттағы видео жарыспен бәсекеге түсті. Қатысуға өтініш берген 9 команда ішінен осы кезеңдерден озып шыққан тек 3 команда ақтық сынға шықты.

Бұл дода тек спорттық бәсеке ғана емес, сонымен қатар командалық рухты, ұйымшылдықты және салауатты өмір салтын насихаттайтын маңызды алаңға айналды. Іс-шара заманауи форматта өткізіліп, әлеуметтік желілерде тікелей эфирлер жүргізіліп, қатысушылардың нәтижелері жедел жарияланып отырды.

Жарысқа үш команда қатысты: «Қайсар», «Қайрат» және «Шығыс». Әр команда өз құрамындағы белсенді, шапшаң және ұйымшыл студенттермен бірге жарысты нағыз бәсекелестік алаңына айналдырды. Олар тек жылдамдықпен ғана емес, тактикалық ойлауымен және командалық үйлесімділігімен ерекшеленді.

Жарыс бес негізгі кезеңнен тұрды: «Жылан», «Айналу», «Допты беру», «Саты» және «Секіртпе». Әр кезең қатысушылардың ептілігін, төзімділігін және жылдам шешім қабылдау қабілетін сынады. Нәтижелер ең аз уақыт көрсеткіші бойынша есептеліп, әр кезеңге сәйкес ұпайлар берілді.

Жарыстың қорытындысы бойынша «Қайрат» командасы жоғары нәтижелер көрсетіп, 27 ұпаймен бірінші орынды иеленді. Команда барлық кезеңде тұрақты өнер көрсетіп, әсіресе «Допты беру» және «Секіртпе» кезеңдерінде қарсыластарынан оқ бойы озық шықты. Екінші орынды 26 ұпаймен «Шығыс» командасы иеленді. Олар «Жылан» кезеңінде ең үздік уақытпен жанкешті ойын өрнегін көрсетті. Үшінші орын 22 ұпаймен «Қайсар» командасына бұйырды. Бұл команда да жоғары белсенділік танытып, әсіресе «Саты» кезеңінде жақсы нәтиже көрсетті.

Жарыстың әділ өтуін тәжірибелі төрешілер қадағалады. Бас төреші М. Туякбаева жалпы ұйымдастыру мен бағалау жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етті. Бас хатшы С. Кондратенко барлық нәтижелерді нақты тіркеп, жедел өңдеп отырды. Сондай-ақ төрешілер алқасында Қуанышев А.С., Манапов Я.Я. және Коспагарова Ж.С. секілді мамандар жұмыс істеп, әр кезеңнің талапқа сай орындалуын мұқият бақылап отырды.

Бұл спорттық шараның басты ерекшелігі – пәнаралық байланысты күшейте отырып, Қазақстан тарихы мен денешынықтыру сабағы аясында ұйымдастырлуы. Жалпы алғанда, «Наурыз-фест: Ақтық сын» жарысы – тек спорттық бәсеке емес, тиімді коммуникация, командалық мәдениет және жастарды біріктіретін маңызды құрал екенін дәлелдеді. Мұндай форматтағы іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, ауқымы кеңейе беретіні сөзсіз. Іс-шараны өткізуге ат салысқан «Дене тәрбиесі және спорт» кафедрасы ұжымына алғысымыз шексіз.

 

---------Chatbot---------
виртуальный помощник