БИОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КАФЕДРАСЫ
«Биологиялық қауіпсіздік» кафедрасы Қазақстанның оңтүстік, батыс және орталық аймақтары үшін мамандарды дайындаудың жоғары деңгейін қамтамасыз етеді. Бұл аймақтарда ветеринариялық және биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша жұмыс істейтін мамандарға деген сұраныс ерекше өзекті.
Кафедраның оқу қызметі Қазақстан Республикасы мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкес 6В09101-«Ветеринариялық медицина», 6В09102-«Ветеринариялық санитария», 6В09103 – «Ветеринариялық-азық-түлік қауіпсіздігі және технологиясы», 6В08201 – «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы», 6В09104 – «Ветеринария», сондай-ақ 7М09101-«Ветеринариялық медицина», 8D09101-«Ветеринариялық медицина» білім беру бағдарламалары негізінде жүргізіледі.
Кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамында 7 ғылым докторы, 10 ғылым кандидаты, 3 PhD докторы және 4 магистр бар. «Ветеринария» бағыты бойынша кафедрада 1477 студент оқиды. Сонымен қатар, 19 магистрант және 16 докторант, оның ішінде мақсатты дайындық бойынша 8 докторант білім алуда.
Кафедраның зертханалары, атап айтқанда, академик Т. Сайдулдин атындағы «Серология», профессор Н. Ғ. Асанов атындағы «Молекулалық вирусология және вирусқа қарсы биотехнология», «Паразитке қарсы биотехнология», «Микробиоценоздар және пробиотиктер құрастыру», «Ветеринариялық қауіпсіздік» зертханалары жас ғалымдарға теориялық білімді тәжірибеде қолдануға және күрделі ғылыми-зерттеу әдістерін білікті мамандардың жетекшілігімен қазіргі заманғы аналитикалық құралдарда игеруге мүмкіндік береді. Зертханалардың қызметі университет ғылымын жетілдіруге, ғылым мен тәжірибені интеграциялауға, жоғары білікті ветеринар мамандар мен ғылыми қызметкерлерді даярлауға бағытталған. Зертханаларда ғылыми-зерттеу жұмыстарының бөлімдерін оқытушылар, студенттер, магистранттар және PhD докторанттар орындайды.
Кафедрада Қазақстанда теңдесі жоқ академик, профессор Г.С. Шабдарбаева атындағы «Патологиялық анатомия және паразитология» мұражайы жұмыс істейді. Мұражайда 800-ден астам паразитологиялық және патологиялық анатомиялық препараттар бар.
Кафедрада дуальді оқыту жүйесі енгізілген. Бұл жүйе «Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринариялық институты» ЖШС (ҚазҒЗВИ), ветеринариялық мекемелер (Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық, Республикалық ветеринариялық зертхана, «Антиген» ЖШС және т.б.), Алматы қаласының ветеринариялық клиникалары, сондай-ақ «Байсерке АГРО» сияқты ірі шаруашылықтармен келісімшарт негізінде жүзеге асырылады. 2023-2024 оқу жылында дуальді оқыту жүйесінен 84 студент өтті.
Білім алушыларды кәсіби даярлауда практикалық дайындық маңызды рөл атқарады. Бұл практикалық оқыту және «Антиген» ЖШС, ҚазҒЗВИ, Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық, «У Лукоморья», «Ветеринариялық медицина орталығы», «Dog premium», «Барыс» және басқа да мекемелермен ынтымақтастық арқылы жүзеге асырылады.
Кафедра оқытушылары жыл сайын жақын және алыс шетелдердің жетекші университеттері мен ғылыми-зерттеу институттарында ғылыми тағылымдамадан өтеді. Мәселен, осы жылы 2 оқытушы Қытайда, 2 оқытушы «Болашақ» бағдарламасы бойынша Литвада тағылымдамадан өтті.
Кафедра қызметкерлері жыл сайын университеттің халықаралық жазғы ветеринария мектебін ұйымдастыруға қатысады. Мектепке Еуропа университеттерінің ғалымдары, шетелдік және қазақстандық магистранттар қатысады. Самарқанд мемлекеттік ветеринария, мал шаруашылығы және биотехнология университетінің арнайы шақыруымен кафедра оқытушылары ветеринария пәндерінен дәрістер оқыды.
Кафедраның стратегиялық серіктестері: Ланьчжоу университеті, Ланьчжоу ветеринария ғылыми-зерттеу институты, Ланьчжоу мал шаруашылығы және фармацевтика институты, Янлин қаласындағы Солтүстік-Батыс A&F университеті, Тарым университеті (Қытай); Самарқанд мемлекеттік мал шаруашылығы, ветеринария және биотехнология институты (Өзбекстан).
Кафедрадағы ғылыми-зерттеу жұмыстары Қазақстан Республикасы ветеринария ғылымының басым бағыттарына сәйкес жүргізіледі. Жыл сайын кафедра гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобаларын жүзеге асырады. Ғылыми-зерттеу жұмыстарына кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамының 80%-ы, магистранттар мен PhD докторанттар қатысады.
Ғылыми зерттеулер жануарлардың ауруларын диагностикалау, алдын алу және емдеу үшін жаңа және заманауи биопрепараттарды әзірлеуге, эпизоотологияны зерттеуге және ГАЖ технологияларын енгізуге бағытталған. Кафедра ғалымдары түйе шешегіне қарсы инактивтендірілген культуральді вакцина, жылқы тұмауына қарсы вакцина, родококк экви ауруына қарсы вакцина, жылқылардың мыт ауруына қарсы вакцина, жылқы ринопневмониясына қарсы инактивтендірілген культуральді вакцина, ИНАН-ды диагностикалауға арналған РДП жинағы, жылқылар мен түйелердің трипаносомоздарын (жыныс аурулары) диагностикалауға арналған РИФ жинағы және аллергияға қарсы арнайы иммунотерапия үшін вакцина сияқты биологиялық препараттарды әзірледі.
Ғылыми зерттеулердің нәтижелері бойынша кафедра ғалымдары ҚР Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған басылымдарда 6 мақала және Web of Science және Scopus дерекқорына кіретін шетелдік ғылыми журналдарда 25 мақала жариялады. Қызметкерлердің жалпы Хирш индексі – 55, орташа есеппен 2,75.
Кафедрада зияткерлік меншік нысандары мен ғылыми әзірлемелерді қорғау бойынша патенттік қызмет жүргізіледі. Қызметкерлердің ғылыми-зерттеу қызметіндегі белсенділігін көрсететін 60-тан астам қорғау құжаттары бар.
Профессорлық-оқытушылық құрам халықаралық конференцияларға, ақпараттық семинарларға, дөңгелек үстелдер мен тренингтерге белсенді қатысады. Қазіргі уақытта кафедра қызметкерлері ҚР ҒЖБМ және ҚР АШМ 7 ғылыми жобасына қатысуда.
Кафедраның тарихы 1929 жылы Алматы зооветеринарлық институты ашылып, микробиология, эпизоотология, паразитология кафедралары, ал 1931 жылы эпизоотология және ветеринария ісін ұйымдастыру кафедрасы ұйымдастырылған кезден басталады.
2011 жылдың қыркүйек айында «Микробиология, вирусология және иммунология», «Эпизоотология және ветеринария ісін ұйымдастыру», «Патология және паразитология» кафедраларын біріктіріп «Биолгиялық қауіпсіздік» кафедрасы құрылды. Бұл жұқпалы аурулардан туындайтын қауіптің күшеюі, инновациялық биотехнологиялық процестерді құру және дамыту және ветеринариялық препараттарды әзірлеу, экологиялық таза мал шаруашылығы өнімдерін өндіру, зоонотропанозды аурулар алдын алу мен халықтың денсаулығын қорғау мәселелерін шешудің өзектілігіне байланысты кафедраның құрылу қажеттілігі туындады.
Микробиология, вирусология және иммунология кафедрасы. Алғашқы кафедра меңгерушісі Алматы зоотехникалық малдәрігерлік институтының ректоры және белгілі ғалым-микробиолог Иероним Васильевич Сайкович болған.
1934 жылдан 1961 жылға дейін кафедраны ҚазКСР ҒА корреспондент-мүшесі, профессор П.А. Буланов басқарды. Ол жыландар уының физиологиялық қасиеттерін зерттеген және осының негізінде жылан уына қарсы сарысу және вакцина алу әдісін жасаған. Жылан уына қарсы сарысу алу әдістемесі биопрепараттарды мемлекеттік бақылау институтының (Мәскеу қ.) мақұлданған. Осыдан кейін бұл жұмыс жалғасын тапты, ал препараттар оның аспиранты, кейіннен кафедра доценті болған . Е.Н. Наурызбаевпен жетілдендірілді.
Сонымен қатар, профессор П.А. Буланов ірі қараның бруцеллезіне қарсы вакцина жасалған. Бруцеллез профилактикасына арналып алынған аттенуирленген штамм (А6–1) тәжірибелік жағдайда оң нәтижесімен апробациядан өтті (П.А. Буланов, Б.А. Матвиенко, Е. Наурызбаев және А.А. Мякушен). 1961 жылдан 1988 жылға дейін кафедрада биология ғылымдарының докторы, профессор Б.А. Матвиенко жетекшілік етті. Ол малдардың сальмонеллезіне қарсы тірі вакцинаны қолдану саласының пионері болды. Бірнеше жылдар бойы вакциналар Қазақстанның шаруашылықтарында малдардың көптеген басына сыналды. Тәжірибе жүзінде шошқа сальмонеллезіне қарсы тірі вакцина енгізілді. 1972 жылы шошқа және қой сальмонеллезінің спецификалық профилактикалық заттарды ойлап тапқаны үшін профессор Б.А. Матвиенко мен доцент О.Ш. Байтуринаға Қазақ КСОР Мемлекеттік премиясы берілді. 1989 жылдан 1996 жылға дейін кафедраны биология ғылымдарының докторы, профессор Б.Т. Толысбаев басқарды. Оның жетекшілік етуімен бағалы өндірістік штаммдары алынды. Өндірістік микроорганизмдердің генетикасы және селекциясы Бүкілодақтық ғылыми-зерттеулер институтында депонирленген. Тиімді жаңалықтардың қатарына профессор Б.Т. Толысбаев пен оның шәкірті, в.ғ.к. О.Б. Бисенбаевтің уробактериялардан құстарға арналып жасалған биологиялық азықтық препараты жатады. Препараттар Мемлекеттік агроөндірісінің өнеркәсібіне оны өндіру үшін ұсынылған. Б.Толысбаевтың басшылығымен 5 кандидаттық диссертация қорғалған. Кафедраның дамуына профессор Г. М. Иванова және доцент О. Ш. Байтуринаның қосқан үлесі мол. Профессор Г. М. Иванова балықтардың аэромоноз ауруының алдын алу үшін препарат, ацидофильді бактериялардың стрептомицинге және тетрациклинге төзімді штамдарын алған. Доценттер О.Ш. Байтурина, Ш.Б.Мырзабекова, Д.Е. Арзымбетов Қазақстанда бірінші рет қойдың хламидиоздық іш тастауына балау жасаған. Аурудың эпизоотологиясы республика бойынша анықталып, инфекцияның негізгі көзін анықтаған. 1996 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы және Алматы зооветериарлық институттары базасында Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті құрылып, университет құрылымының реорганизациясына байланысты кафедра атауы «Микробиология және жұқпалы аурулар» (1997 ж) болып өзгертілді.
1997-2002 жылдар аралығында кафедраны профессорлар М.С. Сабаншиев және Т. Сайдулдин басқарды. 2002 жылдан бастап микробиология және инфекциялық аурулар кафедрасы микробиология, вирусология және иммунология болып ауыстырылды. 2002 жылдан 2009 жылдың қыркүйегіне дейін микробиология, вирусология және иммунология кафедрасын ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Қ.Б. Бияшев басқарды. Бияшев Қ.Б. Профессор Қ.Б.Бияшевтың зерттеулері ветеринария саласында, атап айтқанда биотехнология мен гендік инженерия, оның ішінде экологиялық таза, өте жоғары тиімді вакциналар мен қан сары суларын алуға бағытталған. Сонымен қатар оның зерттеулері микроорганизмдерді аттенуациялау әдістеріне, потенциальді вакцина штамдарының генетикалық сипаттамасын жасаған. Өзгерістерге дейін кафедраны биология ғылымдарының докторы, профессор Төлемісова Жанара Кенесқызы басқарды. «ЖОО үздік оқытушысы» Мемлекеттік грант (2006) иегері және есімі «Алматының ең озық 100 әйелдері» каталогына енген.
Патология және паразитология кафедрасы. «Паразитология» кафедрасын: 1931- 1963 ж. профессор Н.П. Орлов, 1963- 1973 ж. доцент Н.У. Базанова, 1973- 1984 ж. доцент М.Қ. Жантөреев, 1984- 1995 ж. профессор М.В. Хван, 1995-1996 жж. доцент Т.Т. Сүлейменов, 1996 - 2001 ж. профессор М.С. Сабаншиев, 2001 – 2009 ж. академик Г.С. Шабдарбаева, 2009-2011 – доцент Б.Ө.Нұрғазы басқарды. «Патофизиология» кафедрасын 1931-1939 ж. профессор С.А. Аманжолов, 1939-1964 ж. профессор П.А.Карасев,1964-1978 ж. профессор С.М. Севастьянов,1978-1983ж. профессор А.В. Прокудин, 1983-1986 ж. академик З.К.Кожебеков, ал 1986-1997 ж. профессор Ә.М. Утянов меңгеріп қызмет атқарды. «Патологиялық анатомия» кафедрасын 1930-1937 ж. доцент Б.П. Приселкова, 1937 - 1981 ж. профессор Б.П.Всеволодов, 1981- 1996 ж. профессор Ө.Ы.Ығылманов басқарды.
2005-2009 жылдар аралығында кафедраны биология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Гүлнар Сабыровна Шабдарбаева басқарды.
Эпизоотология және ветеринария ісін ұйымдастыру кафедрасы. 1931 жылы Алматы ветеринарлық зоотехникалық институтында кеңес індеттануның негізін қалаушы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, мал дәрігері ғылымдарының докторы, профессор С.Н. Вышелевский эпизоотология кафедрасын ашып, оның алғашқы меңгерушісі болды. Ол топалаң, сиыр обасы, бұғы некробактериозы, жылқы және жабайы аңдар маңқасы, сиырдың жұқпалы плевропневмониясы, жылқы делбесі, қылау, туберкулез, бруцеллез бойынша ғылыми зерттеулер жүргізіп, көптеген індеттанулық, балау сұрақтарын шешті, аталған жұқпалы ауруларға қарсы шараларды жасады. Ол кеңес дәуірінде шыққан алғашқы «Жеке індеттану» оқулығының авторы (1935).
С.Н. Вышелевскийден кейін, 1933-1938 жылдары бірінен кейін бірі Г.П. Бычков, М.И. Иванов, А.А. Фрепфельд, В.П. Обуховский, А.С. Щепетов кафедраның меңгерді, ал 1938 жылдан 1958 жылға дейін кафедраны мал дәрігері ғылымының докторы, профессор М.И. Иванов меңгерді. Ол бруцеллез, сиырдың жұқпалы плевропневмониясының серологиялық балау және вакцинамен алдын алу бойынша зерттеулер жүргізіп, Қазақстан ветеринариясының дамуына үлкен үлес қосты. оның жетекшілігімен Я.М. Скорняков, П.Ф. Романов, А.М. Булгаков, Я.К. Баяхунов, Л.К. Даниловтар кандидаттық диссертация қорғады.
1958 жылдан 1960 жылға дейін кафедраны доцент К.С. Омаров, ал 1960 жылдан 1986 жылға дейін – мал дәрігері ғылымының докторы, профессор К.Н. Бучнев басқарды. Оған ғылымда және жоғары білікті мамандарды дайындауда жеткен жетістіктері үшін «Қазақ ССР-і жоғары мектебінің еңбек сіңірген қызметкері», Қазақ ССР-нің ғылым мен техника саласындағы «Мемлекеттік сыйлықтың» лауреаты атты құрметті атақтар берілді. Оның тікелей басшылыңымен және қатысуымен Қиыр Терістікте Ауески ауруының көптеген індеттік сұрақтары зерттелінді, дерттік микроорганизмдерді өсіру үшін өсімдік тектес қоректік орта жасалынды, қойдың жұғымтал эктимасының індеттанулық ерекшеліктері анықталды және оған қарсы вакцинамен алдын алу ұсынылды (Г.И. Лопатников, Р. Тулемисов, Е.Х. Балганбаев), Қазақстандағы сиыр бруцеллезы және безноитиозының індеттануы (И.У. Увалиев), листериоздың індеттануы және балауы (Р.А. Хабибуллин, Т.Ф. Омаров), сиыр вирустық диареясының індеттануы және балауы (К.К. Керимбеков), құтырық індеттануы, балауы және вакцинамен алдын алуы (гипериммунды антирабиялық қан сарысуы, әр түрлі жануарлардың гомологиялық антирабиялық вакцинасы сынақтан өтті) зерттелінді, РДП реакциясын қою әдісі әзірленді, экспресс-балау үшін люминесценттік және электрондық микроскопия жүргізу әдістері ұсынылды (А.А. Росляков, М.И. Глухов, Х.М. Илибаев, Ю.М .Макаров, Т.Б. Жангельдин, И.Л. Квасов, Н.Г. Асанов, Ф.А. Миловидова, Г.Г. Смаковская, С. Сагинова, Б.Г. Рожаева, А. Пашала, Т.А. Махышев, Л.И. Попова, Ш.Ж. Тұрсынқұлов ж.б.). Алғаш рет түйелердің «қара өкпе» (МХР-нан С. Ойнакбаев), «ауыздық» (С.Тулепбаев), күл (Р.Г. Садыков, Е.С. Сатбеков), стафилококкоз (Ж. Дадабаева) ауруыларының және бруцеллездің (Б.И. Софиев, Б.П. Зиновьев) және шошқа обасының (В.Л. Титов) індеттанулық ерекшеліктері зерттелініп, оларды балау және күресу шаралары жасалынды. 1967 жылы кафедраның жанынан вирустық індеттерді және құтырықты зерттеу зертханасы құрылды. Кафедра құтырықты зерттеуде ХЭБ референт орталығы ретінде бекітілді. 1972 жылы қой мен ешкі жұғымтал эктимасының және түйе шешегінің балау және алдын алу шаралары әдістерін жасағаны үшін К.Н.Бучневке, Г.И.Лопатниковке және Р.Г. Садықовқа Қазақ ССР-нің Мемлекеттік сыйлығы берілді. 1975 жылдан 1985 жылға дейінгі аралықта профессор К.Н. Бучневтің жетекшілігімен сиыр туберкулезінің індеттік ерекшеліктері зерттелініп, оның алдын алу шаралары жасалынып, Қарағанды облысында өндіріске ендірілді (Х.М. Илибаев). Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 15 ферма және 8 шаруашылық, оның ішінде екі асыл тұқымды зауыт бруцеллезден және туберкуледен сауықтырылды (Х.М. Илибаев, О.М. Молдашев, З.А. Қонайдарова). 1987 жылы жоғары иммуногенді антирабиялық вакцинаны әзірлеп, ауыл шаруашылық малдарын құтырықтан алдын алу жұмыстарын ұйымдастырып, қолданысқа енгізгені үшін К.Н.Бучневке, А.А.Росляковке, Т.Б.Жангельдинге, Т.Ф.Омаровқа, И.Л. Квасовқа, И.А. Миловидоваға және О.С. Трабаевқа КСРО-ның Министрлер Кеңесінің сыйлығы берілді.
1986 жылы кафедра меңгерушісі болып доцент И.У. Увалиев тағайндалды, ал 1987 жылдың ақпан айынан бұл лауазымға конкурс бойынша мал дәрігері ғылымының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Т.С. Сайдулдин сайланды. Оның негізгі ғылыми зерттеулері – серологияның теориялық мәселелері мен әдістері. Антиген мен антиденелердің бір кешенге бірігумен шектелмей, бұл кешендердің әрі қарай да өзара әрекеттесетіндігін ашты.
1997 жылы кафедра жаңадан ашылған микробиология және жұқпалы аурулар кафедрасының құрамына енгізілді.
2005 жылы жаңа эпизоотология және ветеринария ісін ұйымдастыру кафедрасы ашылып, оны қазіргі кезде ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Ахметсадықов Н.Н. басқарады. Оның жетекшілігімен 20-дан астам ғылыми-зерттеу жұмыстары және халықаралық гранттар орындалуда, жануарлардың жұқпалы ауруларын алдын-алу және емдеу, балауға арналған 20-дан астам биопрепараттар қоладынсқа енгізілді.
2000 жылдан 2022 жылға дейін кафедрада ветеринария ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Иванов Николай Петрович қызмет жасады. Ғылыми зерттеулерін білім беру қызметімен ұштастыра отырып, Иванов Н.П., бруцеллезге қарсы әр түрлі вакциналардың әсерлігін анықтады, аттенуацияланған бруцелла штамдарының биологиялық қасиеттерін зерттеді, жануарлар бруцеллезіне қарсы қазіргі таңда қолданылатын бірқатар диагностикалық препараттардың авторы.
“Биологиялық қауіпсіздік” кафедрасын 2011-2020 жылдары биология ғылымдарының докторы, профессор Тулемисова Ж.К. басқарды.
2011-2020 жылдар аралығында биологиялық қауіпсіздік кафедрасын биология ғылымдарының докторы, профессор Тулемисова Ж. К. басқарды.
2017 жылы «Биологиялық қауіпсіздік» кафедрасының құрамынан «Микробиология және вирусология» кафедрасы бөлініп, құрылды.
2020 жылдың қараша айынан бастап кафедраны ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Сансызбай А.Р. басқарды.
2022 жылдың қараша айынан бастап «Биологиялық қауіпсіздік» кафедрасын ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Ибрагимов П.Ш. басқарды.
2023 жылдың ақпан айынан бастап PhD қауым профессор Мусоев А.М. кафедра меңгерушісі болды.
2024 жылдың 9 қазанынан бастап «Биологиялық қауіпсіздік» кафедрасында ветеринария ғылымдарының кандидаты, қауым профессор Батанова Ж.М кафедра меңгерушісі міндетін атқарады.