Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті – еліміздің белгілі, өзіндік тарихы бар екі жоғары оқу орны – Алматы зооветеринарлық институты және Қазақ ауылшаруашылық институты негізінде құрылды.
Алматы зооветеринарлық институты
1929 жылы РКФСР Халық комиссарлар кеңесінің қаулысымен Ветеринарлық институты құрылды. Бұл Қазақстандағы алғашқы ауылшаруашылық әрі екінші жоғары оқу орны еді. Ол бұрынғы Верный ерлер гимназиясының (қазіргі Әйтеке би, 28) ғимаратында орналасқан. Ветеринарлық институттың негізінде Алматы зооветеринарлық институты құрылды. Институт құрамында зоология, ботаника, физика және математика, бейорганикалық және аналитикалық химия, ауылшаруашылығы жануарларының физиологиясы сынды кафедралар болған.
Кафедраларды ұйымдастыруға профессор И. В. Сайкович (микробиология), профессор И. Г. Васильков (ботаника), профессор В. В. Авербург (гистология және эмбриология), профессор Б. А. Домбровский (анатомия), академик И. П. Павловтың шәкірті – Киевтен бір топ оқытушылармен бірге келген профессор М. П. Калмыков (жануарлар физиологиясы), Омбыдан шақырылған профессор Н. Л. Караваев (бейорганикалық және аналитикалық химия), профессор В. А. Клер (зоология), профессор В. В. Келлерман (физика және математика) және басқа да көрнекті ғалымдар баға жетпес үлес қосты.
Көп ұзамай БКП(б) Қазақ өлкелік комитеті бюросының шешімі негізінде Ветеринарлық институт Ветеринарлық-зоотехникалық институт болып қайта құрылды. Ветеринарлық институттың алғашқы директоры микробиолог ғалым И. В. Сайкович болған, ал кейінгі жылдары институтты Л. М. Атаянц (1930-1932 жж.), С. Арғыншиев (1932-1933 жж.), М. Т. Юнусов (1933-1934 жж), Е. В. Байгаскин (1934-1936 жж.) А. Ф. Антипенко (1936-1937 жж.), М.Ф. Рудаков (1938-1940 жж.), С.Я. Ефимов (1940-1942 жж.), Д.А.Зыков (1941-1946 жж.), А. Я. Дзержинский (1946-1951 жж.), Ф. М. Мұхамедғалиев (1951-1958 жж.), Г. К. Қонақбаев (1958-1963 жж.), М. А. Ермеков (1963-1972 жж.), З. К. Қожебеков (1972-1983 жж.) және К. С. Сәбденов (1983-1996 жж.) басқарды.
1933 жылы институт Алматы зооветеринарлық институты болып атауын өзгертті. Осы жоғары оқу орнының беделін арттыруға, институттың қалыптасуы мен өркендеуіне белсенді түрде атсалысқан қазақ зиялыларының да рөлі зор болды. Зиялылар қатарында әлемге әйгілі жазушы, Ленин сыйлығының лауреаты, орыс және қазақ тілдерінен сабақ берген ҚазКСР ҒА академигі М. О. Әуезов, профессорлар А. А. Ермеков пен Х. Н. Нұрмұхамедов, доценттер М. Д. Жолдыбаев пен Т. А. Ахметов, оқытушылар М. Ж. Жиенқұлов, С. Б. Бейсалиев, Х. А. Әбішев, Р. А. Бөкейханов, Б. А. Бірімжанов, Т. К. Чумбалов, А. М. Ғаббасов, С. О. Омаров, К. Д. Ділімбетов және басқалар болды.
Институтта КСРО ҒА, ЛАБАШҒА және ҚазКСР ҒА (ҚР ҰҒА) мүшелері, академиктер С. Н. Вышелесский, В. А. Бальмонт, Д. А. Зыков, Ф. М. Мұхамедқалиев, Н. У. Базанова, З. К. Қожебеков, корреспондент-мүшелері М. А. Ермеков, А. К. Росляков, А. М. Мурзамадиев, И. Н. Нечаев, М. М. Тойшыбеков, Т. С. Сайдулдин дәріс беріп, зерттеулер жүргізді.
1979 жылы мамандарды даярлаудағы орасан зор үлесі үшін Алматы зооветеринарлық институты Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.
Қазақ ауылшаруашылық институты
Қазақ ауыл шаруашылығы институты 1930 жылы құрылды. Оның құрамында егістік және жеміс-көкөніс деген екі факультет болды.
Бірінші түлектер 1933 жылы бітіріп шықты. 78 адам жоғары білім алды. Олардың 51-і агроном, 27-сі жеміс-көкөніс өсірушілер еді. Оқуды аяқтаған 78 адамның 20-сы қазақ.
Институттың қалыптасуы мен кейінгі жылдары дамуына оның басшылары қомақты үлес қосты: директорлары О.К. Жандосов (1930-1932 жж.), Х.Д. Чурин (1932-1937 жж.), Н.М. Бекетов (1937-1939 жж.), С.С. Сыздықов (1939-1940 жж.), А.И. Сембаев (1940-1941 жж.), Д.А. Андриянов (1941-1943 жж.), А. Жұматов (1943-1959 жж.), А.И. Дорофеев (1960-1961 жж.), Е.Б. Тайбеков (1961-1963 жж.) және ректорлары Х.А. Арыстанбеков (1963-1981 жж.), Т.Т. Тазабеков (1981-1985 жж.), Б.П. Шах (1985-1992 жж.), Е.Ж. Жұмабеков (1992-1996 жж.).
ҚазАШИ КСРО-ның ірі және жетекші ауылшаруашылық жоғары оқу орындарының қатарына енді. Бұл бағытта институттың профессор-оқытушылар құрамының еңбегі зор болды. Атап айтқанда, әртүрлі жылдары институттың негізгі қызметі жөніндегі проректор қызметін атқарған академиктер Р.Е. Елешев, С.Б. Байзақовтарды, профессорлар А.А. Әуезов, А.Қ. Қойшыбаев, М.Ж. Сабыров, Б.Д. Дүйсенов, Ж.К. Қорғасбаевтарды және тағы басқа қызметкерлерді ерекше атап өткен жөн.
1971 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институты ауылшаруашылығы мамандарын даярлауға барынша үлес қосқаны үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.
Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті
1996 жылы Қазақстандағы ең көне екі жоғары оқу орны – Алматы зооветеринарлық институты мен Қазақ ауыл шаруашылығы институтының негізінде Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті құрылып, ҚР ҰҒА академигі Қ. А. Сағадиев университеттің ректоры болып тағайындалды.
Қазақ ұлттық аграрлық университеті
2001 жылдың 5 шілдесінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен Қазақ мемлекеттік аграрлық университетіне ұлттық жоғары оқу орны мәртебесі берілді. Бұл өз кезегінде оның имиджін, беделін көтеріп, білікті мамандарды даярлау жауапкершілігін арттырды.
2001 жылы әл-Фараби атындағы ғылым және техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, академик Т.И. Есполов университет ректоры болып тағайындалды.
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті
2020 жылы 23 қазанда Үкімет Қаулысымен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мәртебесі берілді.
2022 жылы ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі А.Қ. Күрішбаев Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ректоры болып тағайындалды.
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті өзінің мәртебесіне сәйкес, оқу барысында инновациялық және озық әдістерді пайдалана отырып, ауылшаруашылығы мамандарын даярлау, сапасын арттыру дәстүрін берік ұстанып келеді.
Білім берудің әлемдік деңгейіне жету бағытында жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Соның арқасында университет Еуропалық білім беру кеңістігіне еніп, Болон декларациясына қосылды, көптеген шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы келісімдер жасасты. Университет мамандарды бакалавр – магистр – PhD докторы секілді үш деңгейде даярлау жүйесіне көшті. Оқытудың кредиттік технологиясы енгізілді. ҚазҰАЗУ негізінде зерттеу университетінің қазақстандық моделі әзірленіп, ҚР жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесіне, сондай-ақ ТМД-ның жетекші аграрлық жоғары оқу орындарына ұсынылды.
2001 жылдан бастап ЖОО білім, ғылым және өндірісті интеграциялау процесін бастады. Ол үшін республиканың 9 облысында және 88 ауданында ауыл кәсіпкерлеріне консалтингтік қызметтер көрсететін «АгроДаму» аграрлық ғылыми-өндірістік консорциумы ашылды.
Сондай-ақ аграрлық білім берудің үздіксіз жүйесін жүзеге асыратын «Агробілім беру» халықаралық қауымдастығы мен Шағын академия құрылды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 14 сәуірдегі №226 қаулысына сәйкес, 2015 жылы «Қазақ ұлттық аграрлық университеті» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны Білім және ғылым министрлігінің қарамағынан Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағына берілген кезеңнен бастап ЖОО дамуының жаңа кезеңі басталды. ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 22 тамыздағы № 659 қаулысына сәйкес, «ҚазҰАУ» РМК ҚР АШМ жанындағы «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ құрамына енді және мемлекет жарғылық капиталға 100% қатысатын КЕАҚ болып қайта құрылды. Бұл ЖОО-ға академиялық еркіндік алуға, дербестікке көшуге, мемлекеттік-жеке әріптестік тетіктерін пайдалана отырып, өзін-өзі қаржыландыру қағидаттарын іске асыруға мүмкіндік берді.
Университетте Халықаралық Агротехнологиялық хаб құрылды, оның миссиясы АӨК-те үздік инновациялық технологиялар мен жаңа білімдерді іздеу, тарту және трансферттеу болып табылады. Қазіргі уақытта Агрохаб құрамында: 4 ғылыми-зерттеу институты, 9 зерттеу зертханасы, 5 халықаралық зерттеу орталығы жұмыс істейді.
2019 жылы өсімдіктерді микроклоналды көбейту зертханасы, сүт бойынша референттік зертханасы, Жағдаяттық орталық және Қазақстан-Беларусь агроинженерлік инновациялық орталығы құрылды.
Университет ғалымдарының ғылыми зерттеулері Қазақстандағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Огайо штаты университеті (АҚШ) және Vaxine биотехнологиялық компаниясы (Австралия) сияқты шетелдік серіктестердің қолдауымен Университеттің Халықаралық вакцинология зерттеу орталығы Ұлттық аса қауіпті инфекциялар ғылыми орталығымен бірлесіп, COVID-19-ға қарсы NARUVAX-C19 және NARUVAX-C19/Nano деп аталатын 2 вакцинаны жасап шығарды. Бұл вакциналар COVID-19-ға қарсы перспективалық вакциналық үміткерлер ретінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тізіміне енгізілді.
Қазақстан-Нидерланды зерттеу орталығында Dutch Fruit Solutions компаниясымен бірлесіп голланд технологиясы бойынша қарқынды бақ құрылды. Сондай-ақ осы компаниямен жеміс сақтау қоймасын салу туралы келісімге қол қойылды.
Университетте сүт және сүт өнімдерінің сапасына талдау жүргізетін референттік зертхана ашылды, онда ауыл кәсіпкерлері өндірілген өнімнің сапасына сертификат ала алады.
Су ресурстарын тиімді басқару проблемаларын шешу үшін Қазақстан мен Орталық Азиядағы суды зерттеуші ғалымдардың күш-жігерін шоғырландыру мақсатында 11 заманауи зерттеу зертханасы бар халықаралық зерттеу орталығы – Су хабы ашылды.
Қазіргі уақытта университет әлемнің алдыңғы қатарлы 140 жоғары оқу орнымен және ғылыми орталықтарымен ынтымақтастық құруда. Төменде аталған 15 халықаралық жоғары білім және ғылым қауымдастықтары мен ұйымдарының мүшесі болып табылады:
1. GCHERA – Жаһандық аграрлық жоғары оқу орындар мен ғылымның консорциумы;
2. Еуропалық өмір туралы ғылымдар университеттерінің қауымдастығы (ICA);
3. Университеттердің Ұлы Хартиясы (Magna Charta Universitatum);
4. Вишеград университеттер қауымдастығы;
5. IREG халықаралық обсерватория форумы;
6. Еуропалық жоғары оқу орындар қауымдастығы (EUA);
7. ТМД-ға қатысушы елдердің жетекші аграрлық жоғары оқу орындары ректорларының кеңесі;
8. ISEKI-Food Association – Еуропаның азық-түлік саласындағы ғылыми және инженерлік білімді азық-түлік тізбегіне интеграциялау қауымдастығы;
9. КАСКАД – Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ ауылшаруашылық университеттері консорциумы (CASCADE);
10. «Eurasia-Pacific Uninet» университеттер қауымдастығы (Австрия);
11. Ветстамбул топтары (Vetistanbul Group);
12. Біріккен Ұлттар Ұйымының «Академиялық топтармен өзара әрекеттесу (UNAI)» бастамасы;
13. ENTER NETWORK халықаралық университеттер желісі;
14. Жібек жолы университеттер желісі (SUN);
15. Ауылшаруашылық білім беру, зерттеу және инновациялар саласындағы Silkroad альянсы (SRAERIA).
Университетте АҚШ, Еуропа, Тынық мұхиты елдерінің алдыңғы қатарлы серіктес жоғары оқу орындарымен 11 Екі дипломды бағдарлама жүзеге асырылуда. Мысалы, Варшава жаратылыстану ғылымдары университетімен (Польша) «IT-технологияларды пайдаланып, су ресурстарын басқару» Екі дипломды магистрлік бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Университет өзінің инновациялық дамуында аграрлық мамандықтар бойынша QS әлемдік рейтингінде №1 жоғары оқу орны болып табылатын Вагенинген (Нидерланды) зерттеу университетінің тәжірибесіне бағдарланады.
2019 жылдың қараша айында ҚР Премьер-Министрі А.У. Мамин бастаған Қазақстанның үкіметтік делегациясының Нидерланды Корольдігіне барған сапары кезінде екі елдің жоғары оқу орындары арасында ауыл шаруашылығы саласындағы мамандарды бірлесіп даярлау жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Университетте Вагенинген университетімен жұмыс жөніндегі Институт құрылды, онда 2020-2021 оқу жылынан бастап студенттерді «Өсімдіктер және технологиялар туралы ғылым», «Ветеринариялық-тағамдық қауіпсіздік және технологиялар» деген екі білім беру бағдарламасы бойынша ағылшын тілінде даярлау жүзеге асырылады. Мұндай білім беру бағдарламаларын іске асыру әлемдік деңгейде біліктілігі жоғары, халықаралық ауқымда бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға және жинақтаған тәжірибемізді еліміздің басқа жоғары оқу орындарына таратуға мүмкіндік береді.
Ғылыми зерттеулерге магистранттар, докторанттар, жас ғалымдар белсенді қатысуда. ҚазҰАЗУ жас ғалымдар кеңесі еліміздің жоғары оқу орындары арасында Тұңғыш президент қорының жас ғалымдарының үздік кеңесі атағын иеленді. Web of Science халықаралық ақпараттық-аналитикалық платформасының деректері бойынша, ағымдағы жылы университетіміз қатарынан екінші рет «Соңғы 3 жылдағы Web of Science Core Collection квартильдерінің Q1 және Q2 журналдарындағы жарияланымдар саны бойынша аграрлық университеттер арасындағы көшбасшы» тәуелсіз сыйлығының иегері атанды. Әл-Фараби атындағы ғылым және техника саласындағы мемлекеттік сыйлыққа университеттің 4 жетекші ғалымы, Мемлекеттік ғылыми стипендияға – Тұңғыш президент қорының грантына – 1 жас ғалымы ие болды. Бұл жайт университетте құрылған жас зерттеушілер мектебінің тиімділігін растайды.
«Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының XIV республикалық слетінде университет «Үздік оқу орны»(2007 ж.) деген атаққа ие болды.
ЖОО академиялық адалдық және оны бұзуға төзбеушілік қағидаттарын енгізу арқылы білім беру сапасын арттыру мақсатында Академиялық адалдық лигасына кірді.
10 жылдық трансформация нәтижесінде 2020 жылғы 23 қазанда Үкіметтің ЖОО-ға ұлттық зерттеу университеті мәртебесін беру туралы №707 қаулысы қабылданып, «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің 2020-2024 жылдарға арналған даму бағдарламасы» бекітілді. Бұл үлкен жауапкершілік жүктеп, жаңа міндеттерді белгіледі.
Бүгіндері 2021 жылы құрылған Қазақстан-Корея зерттеу орталығында ауылшаруашылығы дақылдарын жабық жерде өсірумен айналысатын басшылар мен мамандарға арналған тренингтер өткізіледі. Оқу шаруашылығының базасында «ақылды жылыжай» пайдалануға берілді.
Жүйелі жұмыстың арқасында университет түрлі халықаралық және ұлттық рейтингтерде лайықты орынға көтерілді. Әсіресе, соңғы жылы университет үлкен серпіліс жасап, QS университеттердің әлемдік рейтингінде 481 орынға ие болды.
2022 жылы 9 қарашада Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне QS негізін қалаушы әрі президенті Нунцио Квакварелли және Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдеріндегі QS өңірлік директоры Сергей Христолюбов жұмыс сапарымен келді. Нунцио Квакварелли жаңа шетелдік серіктес жоғары оқу орындарын тарту, сондай-ақ ғылым мен технологияның өзекті мәселелерін шешу арқылы әлемдік рейтингте ҚазҰАЗУ көрсеткіштерін жақсарту бойынша бірқатар ұсыныстар берді.
Сондай-ақ ҚазҰАЗУ-ға Канада, АҚШ, Қытай, Израиль, Венгрия, Нидерланды Корольдігі, Германия, Өзбекстан сияқты бірқатар елдердің дипломатиялық миссияларының өкілдері келді.
2023 жылы 18 сәуірде «Биоалуантүрлілік және экожүйелік қызметтер тұрақты дамудың ажырамас құрамдас бөлігі ретінде» тақырыбында халықаралық конференция өткізілді. Конференцияға Германия Федеративтік Республикасының ҚР-дағы елшісі Моника Иверсен, ҚР Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы Серік Рахметоллаұлы Егізбаев, БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властемил Самек, Қазақстан, Қырғызстан және Қытайдан келген жетекші мамандар мен ғалымдар қатысты. ҚазҰАЗУ ректоры Ақылбек Күрішбаев азық-түлік қауіпсіздігін және ауылшаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанда өсімдіктер мен жануарлардың генетикалық ресурстарының ұлттық банкін құруды ұсынды. Бұл идеяны герман тарапы қолдады. Қазіргі уақытта генетикалық банкті құруды қаржыландыру мәселелері пысықталуда.
2023 жылғы 20-28 сәуір аралығында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде ауылшаруашылығы, орманшаруашылығы және биоэкономика бойынша Еуропада 3-ші және әлемде 4-ші орында тұрған AgroParisTech (Франция) университетінің профессоры Бруно Ансельм ресми сапармен келді.
Университет 56 бакалавриат, 3 – арнайы жоғары білім, 89 – магистратура және 21 – PhD докторантура бойынша білім беру бағдарламаларын іске асырып келеді. 26 кафедраны қамтитын 6 факультетте 7 мыңға жуық адам білім алуда. Оның ішінде 449 магистрант, 167 PhD докторант бар, бұл білім алушылардың 15% құрайды. Мемлекеттік білім беру гранттары бойынша білім алушылардың үлесі 56,8%.
Кадрлар даярлауды жүзеге асыратын профессор-оқытушылар құрамы 666 адамнан тұрады, олардың ішінде: 7 ҚР ҰҒА академигі, 75 ғылым докторы, 221 ғылым кандидаты, 78 PhD докторы, 234 магистр және 58 жоғары білімді оқытушы бар. Штаттағы оқытушылар қатарындағы ғылыми дәрежелері мен атақтары бар оқытушылардың үлесі 55%-ды құрайды.
Оқу орны жұмыс істеп келе жатқан жылдар ішінде ұжым республикадағы аграрлық өндірісті, білім мен ғылымды дамытуға тиісінше үлес қосқан 150 мыңнан астам маман шығарды. Олардың қатарында 2 Кеңес Одағының Батыры, 25 Социалистік еңбек ері, КСРО және ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің, ҚР Парламентінің 70 депутаты, ҚР еңбек сіңірген қызметкерлері мен қайраткерлері, министрлер, облыс әкімдері және көрнекті мемлекеттік қызметшілер, 11000-нан астам ғылым докторы мен ғылым кандидаты бар.