Кафедра тарихы мал шаруашылығының кең қанат жайып, дамуына және бұл пәнді тереңірек оқыту қажеттігіне орай 1953 жылы кафедра ұйымдастырылды да, оның тұңғыш меңгерушісі доцент Е.Е. Волченко болды. Бұл кезеңде қаракөл қой сүтінің химиялық құрамы мен қасиеті зерттеледі.
1954 жылы кафедраның ассистенті болып З.С. Сейітов қабылданды. Ал 1960 жылдан бастап ол кафедраның меңгерушісі болды.
1973 жылдан 1983 жылға дейін кафедраны доцент У.Ж. Мустафин басқарды. Бұл жылдары кафедра жаңа жабдықтармен жабдықталды.
1984 жылдан бастап кафедраға доцент Ж.К. Кәрімов меңгерушілік етті.
1998 жылы «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы, қайта өңдеу және стандарттау» кафедрасы құрылып, меңгерушісі болып А.К. Смагулов тағайындалды.
2001 жылы «Ауыл шаруашылық өнімдерін стандарттау және сапа» атты кафедра болып құрылды. Кафедраның қалыптасуы мен дамуына Смағұлов А.Қ., Баракбаев Б.Б., Альжанова А.С., Жомартов М.Т., Бупебаева Л.К., Исаева Г.С. және т.б. ғалымдар үлкен үлес қосты. Кафедраның меңгерушісі Смағұлов Ағыбай Құсманұлы болған.
2010 жылы «Тамақ өнімдерінің технологиясы», «Қайта өңдеу өндірістерінің технологиясы» және «Стандарттау және сертификаттау» мамандықтары ерекше маңызға ие болып, университеттің ғылыми кеңесінің шешімімен «Азық-түлік өнімдерінің технологиясы және азық-түлік қауіпсіздігі» бағыты бойынша кафедраны қайта ұйымдастыру туралы шешім қабылданды. Кафеданың меңгерушісі болып профессор Ә.Ә. Оспанов тағайындалды. Ол «Қайта өңдеу өндірістерінің технологиясы» бағыты бойынша ғылыми мектебі бар белгілі ғалым. 2012-2014 жж. профессор Оспанов Ә.Ә. ҚР Білім және ғылым министрлігінің гранттық қаржыландыруы бойынша екі жобаның жетекшісі болды. Осы жобалардың нәтижелері оған ҚазҰАУ-де алғаш рет үш зертханадан тұратын (1 - астық және астық өнімдерінің технологиясы мен сапасы; 2 - нан және нан-тоқаш өнімдерін пісіру технологиясы және 3 - тамақ өнімдерін экструзиялау технологиясы) «Қайта өңдеу өндірістерінің технологиясы» атты оқу ғылыми-өндірістік Орталығын құруға мүмкіндік берді.
2011 жылы магистратураның ашылуы және оқу үрдісі аумағының кеңеюіне байланысты кафедра «Биотехнология және азық-түлік қауіпсіздігі» деп аталып, кафедраның жаңа меңгерушісі болып профессор А. Серікбаева тағайындалды. Профессор А. Серікбаеваның ғылыми бағыты – «Биотехнология, ауыл шаруашылығы жануарларының сүт және ет сапасы мен қауіпсіздігі». Оның басшылығымен түйе сүтіне негізделген пробиотикалық өнімдерді өндірудің биотехнологиясы әзірленіп, ол «Даулет-Бекет» ЖШС және «Ермаханов» ЖК өндірісіне енгізілді.
2016 жылдан "Азық түлік өнімдерінің технологиясы және тағам қауіпсіздігі" кафедрасы мен "Тағам инженериясы" кафедрасының бірігуі нәтижесінде «Тағам өнімдерінің технологиясы және қауіпсіздігі» атты жаңа дербес кафедра құрылды. Кафедраны қазіргі таңда б.ғ.к., қауымдастырылған профессор Л.А. Мамаева басқарып келеді.
Кафедрада үш білім беру деңгейінде: «Стандарттау және сертификаттау (сала бойынша)», «Технологиялық машиналар және жабдықтар (сала бойынша)», «Биотехнология», «Қайта өңдеу өндірістерінің технологиясы (салалар бойынша)», «Азық-түлік өнімдерінің технологиясы» білім беру бағдарламалары арқылы мамандар дайындалады. Барлық білім беру деңгейінің мемлекеттік лицензиялары бар. Студенттердің білім өрісін кеңейтуде интернет желісіне қосылған компьютерлік сыныптарда жұмыс жасайды. Мұнда студенттер мен магистранттар өзіндік жұмыстарын орындап, әлемдік ғылыми жаңалықтармен танысады. Кафедрада сонымен бірге кітап қоры жабдықталған оқу бөлмесі бар.
Кафедраны дамытудың заманауи стратегиялық жоспары және миссиясы университеттің – халықтың сандық және сапалық қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында кең ауқымды бәсекеге қабілетті отандық тамақ өнімдерімен қамтамасыз ету жоспарына сәйкес келеді.
Кафедрада 38 оқытушы, оның ішінде 7 ғылым докторы, 18 ғылым кандидаты бар.
Студенттердің, магистранттардың және докторанттардың ғылыми-ізденістік жұмыстарын жүргізуі үшін, сонымен қатар, кафедрада оқу және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беретін, арнаулы құралдар-жабдықтармен жабдықталған мамандандырылған зертханалар бар. Олар: «Тамақ өнімдерінің сапасы және қауіпсіздігі» зертханасы (проф.Серикбаева А.Д.) және «Қайта өңдеу өндірісінің технологиясы» ғылыми-зерттеу орталығы (проф. А.Оспанов).
Жыл сайын кафедраның жеке жоғары оқу орындарымен және шетел мемлекеттерінің ғылыми мекемелерімен халықаралық байланыстары нығайып келеді: Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Франция, Малайзия, Финляндия, Болгария, Италия, Словакия, Румыния және т.б. елдермен ғылыми байланыстар даму үстінде. Халықаралық ғылыми байланыстар әртүрлі формада, соның ішінде ғылыми әдебиеттермен алмасу, шетел ғалымдарымен бірлесіп дайындалған монографиялар мен оқулықтар шығару, ғылыми конференцияларға қатысу, басқа елдердің ірі ғалымдарымен кездесулер ұйымдастыруда көрініс табуда.