KazNARU

АГРАРЛЫҚ ҒЫЛЫМ МЕН ТЕХНОЛОГИЯНЫҢ БОЛАШАҒЫ

✅ 12 сәуір – Ғылым күні қарсаңында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде офлайн/онлайн форматында «Ғылыми диалог: аграрлық ғылым мен технологияның болашағы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

✅ KazNARU Басқарма төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары, в.ғ.д., профессор Пірімқұл Ибрагимов Ғылым академиясының тұңғыш Президенті, көрнекті ғалым-геолог Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келген мерекеге орай ұйымдастырылған дөңгелек үстелге қатысушыларды құттықтай отырып, университет ғалымдарының да отандық ғылымды дамытуға айырықша үлес қосып келе жатқанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда ғалымдармен өткен кездесуде «Біз көшке ілесетін емес, көшті бастайтын елдердің қатарында болуымыз керек. Бір сөзбен түйіндегенде, ғылыми әлеуетімізді арттыру қажет» дей келе, ғылым мен жоғары білім салаларын дамыту үшін нақты тапсырмалар берген еді. Бүгінде елімізде кешенді шаралар іс жүзіне асырылып жатыр. Білікті кадрлар әзірлеуге арналған грант саны соңғы жылдары бір жарым есе көбейді. Зерттеу жұмыстарымен айналысатын университеттер қатары өсуде. Мұның бәрі – ғылымды дамытуға оң ықпалын тигізуде», - деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.

✅ Атап айтқанда, елімізде ғылым саласында 25 473 ғалым еңбек етсе, соның 46%-ы жас ғалымдар. Алты жыл ішінде ғылымды республикалық бюджет есебінен қаржыландыру көлемі 6 есеге ұлғайып, биыл 252,5 млрд теңгені құрады. Осы қолдаудың нәтижесінде 2094 ғылыми жоба, 241 ғылыми-техникалық бағдарлама, 208 коммерцияландыру жобасы іске асырылуда. Ғылымды дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, саланы қаржыландыру ЖІӨ-нің 1%-на дейін артады деп күтілуде.

✅ «Біздің Университетіміздің ғалымдары да қазіргі таңда 5,3 млрд. теңге көлемінде 58 ғылыми жоба, 1,4 млрд теңгеге 5 коммерцияландыру аясында жобалар орындауда. Бағдарламалы-нысаналы қаржыландыру аясында орындалып жатқан 10 жобаның 4-уі сенімгерлік басқаруымыздағы ғылыми-зерттеу институттарымен және 5 жоба өзге да ҒЗИ, ЖОО-мен бірлесіп атқарылып жатыр. 4 ғылыми-зерттеу институтында гранттық және бағдарламалы-нысаналы қаржыландыру аясында 13 млрд тг аса сомаға 41 жоба, ал, ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландыру бойынша 4 млрд тг. жуық сомаға 14 жоба орындалуда. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жемісті жалғасатынына сенімдіміз», - деді Пірімқұл Ибрагимов.

✅ Биылғы жыл да жемісті басталды деуге болады. 2025-2027 жылдарға арналған «Жас ғалым» және жас ғалымдардың зерттеулерін гранттық қаржыландыру конкурстары аясында жас ғалымдарымыз жалпы сомасы 298 млн. тг. болатын 7 ғылыми жоба ұтып алды. Ал гранттық қаржыландыру конкурсына берілген 24 өтінімнің 21-і формалдық тексерістен сараптамаға өтті. Осының бәрі ғылым мен инновация бәсекеге қабілетті экономиканың басты тірегі болатын алғышарттардың негізін қалады.

✅ Бұдан кейін Қазақстан-Жапония инновациялық орталығының директоры Нұрлан Сандыбаев, Халықаралық вакцинология орталығының жетекшісі Қайсар Табынов, Өсімдіктерді микроклоналды көбейту зертханасының меңгерушісі Қуаныш Қасен аграрлық ғылым мен технологияның бүгіні мен болашағы туралы, халықаралық ғылыми байланыстардың көбеюі, жаңа ғылыми зерттеулер принциптерінің енгізілуі, халықаралық ақпараттық ресурстарға қол жеткізудің кеңеюі, жоғары оқу орындарының ғылыми қызметке белсене тартылуы және ғылыми жарияланымдар санының өсуі сияқты оң өзгерістерді өз баяндамаларында таратып көрсетті.

✅ Жиын соңында ауыл шаруашылық ғылымы саласында үздік нәтижелер көрсеткен бір топ ғалымға университет Басқарма төрағасы – Ректор Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлының атынан марапаттар тапсырылды.

***

«Аграрлық білімге, ғылымға және өндіріске қосқан үлесі үшін» медалімен:

• Айгерим Аспандиярқызы Сейсенова – Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ҒЗИ in vitro генофонд зертханасының аға ғылыми қызметкері.

• Бакытгүл Магданқызы Башабаева – Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ аға ғылыми қызметкері.

• Жасұлан Ертайұлы Қожанов – Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ҒЗИ жылқы және түйе шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі.

• Гүлмира Серікбайқызы Кененбай – Қазақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі ҒЗИ жетекші ғылыми қызметкері.

• Біржан Қадырұлы Бияшев – Ветеринария және зооинженерия факультетінің профессоры.

• Ерлан Бозанбайұлы Дүтбаев – Агробиология факультетінің қауымдастырылған профессоры.

• Қайрат Қазыбайұлы Табынов – Халықаралық вакцинология орталығының жетекші ғылыми қызметкері.

Алғыс хаттармен:

• Қанат Мухатұлы Хазимов – инженерлік технологиялар факультетінің профессоры.

• Айнур Есіркепқызы Алдиярова – «Су ресурстары және мелиорация» кафедрасының меңгерушісі.

• Мақсат Рисбекұлы Тойшиманов – Қазақстан-Жапония инновациялық орталығының ғылыми қызметкері.

Марапат иелерін және барша ғалымдарды төл мерекесімен құттықтаймыз!

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник