ВЕТЕРИНАРИЯ САЛАСЫНДА КАДРЛАР ДАЯРЛАУДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
2022 жылғы 4 қарашада ҚазҰАЗУ базасында "Ветеринария саласындағы кадрларды даярлаудың өзекті мәселелері" тақырыбында онлайн/офлайн форматта республикалық кеңес болып өтті, оған ҚР Парламентінің сенаторлары мен түрлі салалардың вице-министрлері, ҚазҰАЗУ басшылығы, факультет декандары және ветеринар-ғалымдар қатысты және сөз сөйледі.
Кеңеске ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев модераторлық жасап отырды. Жиынға ҚР АШМ «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ Басқарма төрағасы Дархан Балпанов қатысты.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында «мал басының амандығы және өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Ветеринария қызметі қазіргі заман талабына сай болмаса, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес» деп атап көрсеткен болатын. Бұл мәселені шешу үшін мемлекеттің әлеуетін арттыруда шешуші рөл атқаратын білім беру және ғылымды дамыту жүйесіне маңызды орын беріледі.
Қазақстанда бүгінде "Ветеринария" мамандығы бойынша дайындықты 9 жоғары оқу орны, оның ішінде бейінді деп саналатын 3 жоғары оқу орны жүзеге асырады.
АШМ вице-министрі Рүстем Құрмановтың айтуынша, бүгінде еліміздің аграрлық жоғары оқу орындары – Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті және Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық зерттеу университеті жыл сайын ауыл шаруашылығы және ветеринария мамандығы бойынша 1,5-нан 2 мыңға дейін түлек бітіреді екен. Бұл ретте, ҚазҰАЗУ еліміздің жетекші жоғары оқу орны, профессор-оқытушылар құрамының жоғары кәсіби әлеуеті бар ірі ғылыми орталық болып табылады, ол 90 жылдан астам уақыт бойы АӨК-ні білікті аграрлық кадрлармен, оның ішінде ветеринариялық мамандармен қамтамасыз етеді.
Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшелері, сенаторлар Мұхтар Жұмағазиев пен Дүйсенғазы Мусин, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев, ҚР Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова, ҚазҰАЗУ Басқарма төрағасы-ректордың орынбасары Пірімқұл Ибрагимов және т.б. сөйлеушілер өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Өз баяндамасында Пірімқұл Ибрагимов ҚазҰАЗУ-да ветеринарлық мамандарды сапалы даярлау үшін тиісті заманауи ғылыми-білім беру инфрақұрылымы мен кадрлық ресурстар құрылғанын атап өтті. Бүгінгі таңда ветеринария факультетінің 5 кафедрасында 1600-ден астам студент, 100-ге жуық магистрант және 32 докторант оқиды. Оқытуды 128 профессор жүргізеді, оның ішінде 31 ғылым докторы және 50 ғылым кандидаты. Педагогтерде ғылыми дәреженің болуы 63% құрайды.
Айта кету керек, ҚазҰАЗУ-да осы бағыт бойынша мамандарды даярлау сапасын жақсарту бойынша мақсатты жұмыстар жүргізілуде: "Ветеринариялық медицина" және "Ветеринариялық санитария" білім беру бағдарламалары дайындықтың үш деңгейі бойынша тәуелсіз шетелдік сарапшылардың қатысуымен халықаралық аккредиттеуден өтті;
ХЭБ, жұмыс берушілердің талаптарын ескере отырып, модульдік білім беру және жұмыс оқу бағдарламалары әзірленді және жоғары ветеринариялық мектеп (Тулуза, Франция), Ганновер Ветеринариялық медицина институты (Германия) және т. б. сияқты әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының бағдарламаларымен барынша үйлестірілді;
Вагенинген университетімен (Нидерланды) бірлесіп "Ветеринариялық-тағамдық қауіпсіздік және технологиялар" білім беру бағдарламасы әзірленді және табысты жұмыс істейді;
білім беру бағдарламаларын әзірлеуге жұмыс берушілер қатысады;
университет "Ауыл шаруашылығы және биоресурстар" және "Ветеринария" бағыттары бойынша республикалық оқу әдістемелік бәрлестік болып табылады; академиялық ұтқырлық жақсы дамыған;
Студенттер бір немесе одан да көп академиялық кезеңге оқу үшін Польша, Румыния, Словакия, Түркия, Малайзия, Пәкістан және т.б. сияқты жетекші шетелдік жоғары оқу орындарына барады.
Интеграция шеңберінде ҚазҰАЗУ ветеринария факультеті мен Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринариялық институтының ғалымдары жылына 150 млн. теңгеге жуық бірлескен ғылыми жобаларды орындайды, сондай-ақ жас ғалым-ветеринарларды дайындайды. Соңғы 3 жылда вирустық, бактериялық және паразиттік аурулар бойынша 24 магистрлік және 5 докторлық диссертация бірлесіп дайындалды.
Соңғы 3 жылда түлектерді жұмысқа орналастыру 81-87% құрайды.
Алайда, бүгінгі таңда ветеринарларды даярлау бойынша бірқатар проблемалар бар, мысалы: ветеринарларды даярлау жүргізіліп жатқан Қазақстанның жоғары оқу орындарындағы білім беру бағдарламалары үйлестірілмеген.
Әрбір ЖОО академиялық еркіндік шеңберінде білім беру бағдарламаларын дербес әзірлейді, бұл ветеринарларды даярлау сапасына әсер етеді. Ғалымдардың айтуынша, оқу-әдістемелік бірлестіктің – "Ветеринария", "Ауыл шаруашылығы және биоресурстар" білім беру салалары бойынша жобаларды басқару тобының рөлін күшейту; ветеринария бойынша мемлекеттік тапсырыс бойынша бір студенттің оқу құнын қайта қарау қажет. Бұл мамандық бойынша дайындық өте қымбат. Бүгінде бір студентті даярлауға мемлекет 1 миллион 82 мың теңге бөлуде. Нарықтық баға бойынша нормативтік шығындарды, АЕК-ті ұлғайтуды, инфляцияны ескере отырып алдын ала есептеулер олардың 1 миллион 811 мың теңгені құрауы тиіс екенін көрсетеді; еліміздің медициналық жоғары оқу орындарының тәжірибесі бойынша заманауи зерттеу зертханаларын (биологиялық қауіпсіздік және биоқорғау, ветеринарлық клиникалар) ашу үшін мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлуді көздеу; түлектерді жұмысқа орналастыруды арттыру үшін "Дипломмен - ауылға" бағдарламасын іске асыру тетіктерін қайта қарау қажет. Сондай-ақ, біржолғы көтерме жәрдемақыларды, жас мамандарға тұрғын үй салу үшін бөлінетін кредит сомасының көлемін ұлғайту қажет, 3 жетекші аграрлық жоғары оқу орындарында бакалавриат (70% дейін), магистратура, докторантура (100%) бойынша мемлекеттік тапсырысты орналастыру қажет. ЖОО-да аграрлық мамандықтар бойынша дайындық сапасына қатаң біліктілік бақылау жүргізу үшін Оқу әдістемелік бірлестік – Жобаларды басқару тобы өкілеттіктерін беру.
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма төрағасы-ректорының м.а. Ақылбек Күрішбаев өз сөзінде ветеринариялық мамандарды даярлауда жоғарыда аталған проблемаларды шешу, ең алдымен, ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті мал шаруашылығының экспортқа бағдарланған өнімін өндіруді ұлғайтуға мол мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Біздің университетте оқитындардың 90 пайызға жуығы ауылдық жерден келген өрендер. Олардың қатарын одан ары толықтыру үшін өте жақсы мотивация керек. Дәл қазіргі уақытта еліміздегі аграрлық университетте білім алушылардың стипендиясы педагогикалық және медициналық жоғары оқу орындарындағы студенттерден әлдеқайда төмен болып отыр. Мысалы, оларда айлық стипендия 58 800 теңгені құраса, біздегі жастарымыз 36 500 теңгемен шектеліп отыр. Сенаторлар мен министрлік өкілдерінен осы мәселеге ерекше назар аударып, үкіметтік деңгейде оң шешуге ықпал етулерін сұраймыз. Сондай-ақ, университет түлектерінің агроөнеркәсптік салаға көптеп баруы үшін әлеуметтік тұрғыдан нақты қолдауды күшейтіп, жас мамандарды үймен қамтамасыз етуді және лайықты жалақы тағайындауды заңдық тұрғыдан қамтамасыз етуді де ең басты мәселе ретінде қолға алуды ұсынамыз», - деді Ақылбек Күрішбаев.
Кеңес соңында қатысушылар осы іс-шараны өткізудің өзектілігін атап өтіп, ұйымдастырушыларға өздерінің инновациялық әзірлемелерімен бөлісуге, бар проблемаларды талқылауға, агроөнеркәсіп жүйесіндегі осы тәжірибені пайдалана отырып, болашаққа арналған идеялар мен жоспарлармен бөлісуге мүмкіндік бергені үшін алғыстарын білдірді.
Барлық айтылған ұсыныстар аграрлық ғылым мен білім беруді жетілдіруді, ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейтін шаралар кешенін қабылдау үшін Үкіметке жолданатын болады.
ҚазҰАЗУ баспасөз қызметі.