ҚАЗҰАЗУ СТУДЕНТТЕРІ ӘДІЛЕТТІ УНИВЕРСИТЕТ ҮШІН
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма төрағасы-ректорының м.а., ҚР ҰҒА академигі, профессор Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлының студент жастармен бүгінгі кездесуі ашық және өзара сеніміді әңгіме түрінде өтті.
Студенттер – елдің ертеңгі болашағы. Қоғамның дамуы мен мемлекеттің күш-қуатының артуына алдағы уақытта барынша үлес қосатын, өркендететін бәсекеге қабілетті білікті мамандар да солар. Сондықтан студенттер қауымына қамқорлық жасау қоғам мен мемлекеттің ең басты міндетінің бірі. Ал, олардың бүгінгі білім алу деңгейі, әлеуметтік-тұрмыстық хал-жағдайы, тұлғалық мәртебесі, оқуға деген ынта-ықыласы қандай күйде?
Ашық әңгіме барысында студенттер өмірінде көптеген түйінді мәселелердің қордаланып қалғаны ортаға салынды. Ең алдымен, әрине жатақхана жағдайы талқыланды. Жылдар бойы күрделі жөндеу көрмеген ескі жатаққаналардың уақыт талабына сай еместігі қынжылтады. Ас дайындау, киім жуатын машиналары бар арнайы бөлмелер, қыздарға және ұлдарға арналған душ кабиналары жетіспейді. Су және жылыту жүйелері әбден тозған, жоғары қабаттарға су көтерілмейді
Университетке қарасты жатақханалардағы 60-қа жуық орында ҚазҰАЗУ-ға қатысы жоқ бөгде жандар тұрып жатқаны анықталды. Мысалы, №3 жатақхананың бірінші қабатында «Шах» деген мейрамхананың орналасқаны, оның жастарға кешкі уақытта тынығуына кедергі келтіретіні және тәрбиелік бағытта кері әсері тиетіні; №10 жатақханадағы Акт залының тозығы жетіп, істен шыққаны, спорттық және рухани шаралар өткізетін мәдени орындардың жетіспеушілігі; университет стадионының жекеменшікке өтіп кетуі; бөлмелерде теледидар мен мұздатқыштардың жоқтығы, интернет желісінің дұрыс істемейтіндігі, оқу корпустарындағы комьпютерлердің жетіспеушілігі; қолжетімді асхана мен дәріхананың жоқтығы – осының барлығы студенттердің жанайқайындай естілді.
Сонымен қатар, білім алушылардың әлеуметтік жағдайын тұрақты қадағалау және ішкі тәртіп ережелерін сақтау, санитарлық-гигиеналық нормаларды қамтамасыз етуге тиісті коменданттар мен басқа да техникалық персоналдардың қызметтері сынға ілікті. Осының нәтижесінде 4 комендантты жұмыстан босату туралы шешім қабылданды.
Өз сөзінде Басқарма төрағасы-ректор м.а. Ақылбек Күрішбаев студенттердің ұсыныстарын тыңдай келе, олардың білімді игеруі мен рухани тәрбие алу жұмыстарын жандандыру бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында проректорлар мен аппарат жетекшісіне, тиісті құрылым басшыларына нақты тапсырмалар берді.
ҚазҰАЗУ студенттері өздерімен ашық диалог ұйымдастырған университет басшылығына ризашылықтарын білдіріп, әділетті университет құру үшін ұстаздарымен бірге ынтымақтаса белсенділік танытатындарын және жақсы оқып, үлгілі студент атанып, елімізге адал қызмет етуге әрқашан дайын екендіктерін жеткізді.
Кездесу соңында студент жастар алдымыздағы аса жауапты науқан – Президент сайлауына ұйымшылдықпен қатысатындарын және Әділетті Қазақстан құруды мақсат тұтып, еліміздегі саяси-әлеуметтік жүйенің жаңғыруына, білім мен ғылым саласының үлкен қолдау көрсетіп отырған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кандидатурасын қолдайтындықтарын білдірді.
ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі.