KazNARU

ҚАЗҰАЗУ ҰЖЫМЫ ӨЗ ӘРІПТЕСТЕРІН ҚҰТТЫҚТАДЫ

2022 жылдың 31 қазанында Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ректорат отырысы болып өтті. Жиынды ашып жүргізген ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы – Ректордың м.а. Қанат Маратұлы Тіреуов халықаралық  жоғары білім және ғылым саласында айқын бағытымен танылған, тоқсан жылдан аса шежірелі тарихы бар университет бүгінде ерекше қарқынмен дамып, әлемдік технологиялық тегеурінге шыдас берер инновациялық ізденістерге, жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуде екенін атап өтті.

ҚазҰАЗУ еліміздегі білім беру мен ғылым саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп отырған жоғары оқу орны ғана емес, сонымен қатар АӨК инновацияларды құру және дамытудағы көшбасшы орталығы болып табылады. Қазіргі уақытта ҚазҰАЗУда әлемнің 137 жетекші жоғары оқу орындарымен және ғылыми орталықтарымен ынтымақтаса жұмыс жүргізеді.

Университет жоғары білім және ғылым бойынша 15 халықаралық қауымдастық пен ұйымның мүшесі болып табылады. Оқу процестерімен тікелей байланысты қызмет атқаратын 11 ғылыми-зерттеу институты, 49 зерттеу зертханасы, 18 халықаралық зерттеу орталығы жұмыс істейді. Олар отандық агрокешен жүйесінің бәсекелестікке қабілетін арттыру бағытындағы тың бастамалар мен ғылыми-практикалық жобаларды іске асыруда.

Міне, осы заманауи жоғары оқу орнының білім беру, ғылыми-зерттеу процестері мен инновациялық зерттеу орталықтары мен зертханаларының кешенді жұмыстарын, көрнекті оқымыстыларымыз бен ұстаздардың, жас ғалымдар мен студенттердің жеткен жетістіктері мен атқарған іс-шаралары қоғам тарапынан жақсы бағасын алуда.

«Ұлттық мереке – Республика күніне орай, ҚазҰАЗУ-дың Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры  Исламов Есенбай Исраилұлы ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталып, университетіміздің абыройын биіктетті. Ол ғылыми ортада беделді, аса танымал ғылым және қоғам қайраткері, ұстаз-ғалым, білікті де іскер ұйымдастырушы. Өзіміздің Алматы зооветеринарлық институтын үздік бітіріп, алғашқы еңбек жолыңызды білімнің осы қара шаңырағында кіші ғылыми қызметкерден бастап, ауыл шаруашылығы ғылымының докторына дейін өскен азамат», - деп атап өтті Қанат Тіреуов.
 Тәуелсіздігіміздің қалыптасу жылдарынан бері Қазақ ұлттық аграрлық университетінде Жануарлардың генетикасы мен биотехнологиясы кафедрасының доценті, Мал шаруашылығы технологиясы факультетінің деканы, "ҚазАгроИнновация" АҚ Ғылым және білім беру жүйесін дамыту департаментінің директоры, Республикалық Құрылыс және ТКШ істері агенттігі "ТКШ жаңғырту және дамытудың қазақстандық орталығы" АҚ білімді тарату департаментінің директоры, "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамытудың қазақстандық ғылыми-техникалық орталығы" ЖШС Бас директоры, "Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы" КеАҚ ғылым департаментінің директоры сияқты лауазымдарда абыроймен қызмет жасады.

Бүгінде ҚазҰАЗУ-дың проректор лауазымында жаңа заман талабына сай инновациялық жоғары оқу жүйелерін дамытудың басым бағыттарын айқындап, аграрлық білім мен ғылымның, өндірістің интеграциялануын, сапалы кадрлар даярлауды табысты жалғастырып келеді.

Отандық білім мен ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін Исламов Есенбай Исраилұлының «Құрмет» орденімен марапатталуы – осы ұйымдастырушылық және іскерлік қабілеттерінің лайықты бағалануы деп білеміз!
 

 

Сондай-ақ, университеттің барлық жеткен жетістіктерін Қоғаммен байланыс және редакциялық қызмет басқармасы еліміздегі және шетелдегі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы күнделікті кең аудиторияға тұрақты негізде үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) жеткізуді қамтамасыз етіп келеді.

Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Баспасөз қызметі қазіргі уақытта ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ құрамындағы 20 еншілес ұйымдардың баспасөз қызметінің көшін бастап келе жатқанын жоғары басшылық әртүрлі жиындарда бірнеше рет атап өтті.  

«Университеттің Баспасөз қызметіне белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, көрнекті журналист-жазушы, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Жастар одағы және Журналистер одағының лауреаты Табеев Қайым-Мұнар Тұрдақынұлы жетекшілік етеді. ЖОО-дағы ақпараттық және насихаттық сан-салалы негізгі қызметімен қатар, ол қоғамдық мәселелерге қатысты шығармашылық жұмыстарда да үлкен биіктерден көрініп, әріптестерінің құрметіне бөленіп келеді», - деді университеттің Аппарат жетекшісі Сихымбаев Серік Жолдасбекұлы.

Биылғы мамыр айында Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атағын иеленген Қайым-Мұнар Табеев жуырда Республикалық шығармашылық байқаудың жүлдегері атанды. Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына арналған «Ақиқаттың ақ туы» атты қаламгерлер байқауының жүлдесін қанжығасына байлады.
Абыройлы биіктерден көрінген әріптестерімізді жаңа мараптаттарымен құттықтаймыз!

ҚазҰАЗУ әкімшілігі.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник