KazNARU

ҚАЗҰАЗУ МЕН АҚШ ЖЕТЕКШІ УНИВЕРСИТЕТТЕРІ АРАСЫНДАҒЫ ӘРІПТЕСТІКТІ ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы - Ректорының м.а., ҚР ҰҒА академигі, профессор Ақылбек Күрішбаев Қазақстандағы АҚШ елшілігінің Мәдениет және білім мәселелері жөніндегі атташесі Эмбер Ора ханыммен кездесті, онда ҚазҰАЗУ мен АҚШ-тың жетекші университеттері арасындағы әріптестікті дамыту мәселелері талқыланды.

● ҚазҰАЗУ-дың халықаралық бағдарламаларды дамыта алатын потенциалдық әлеуеті жеткілікті, соның нәтижесінде әлемнің белгілі университеттерінде оқитын түлектер қос диплом алу мүмкіндігіне ие болып отыр. Дегенмен, оқу гранттарын көбейтіп қана қоймай, АҚШ-тың жетекші жоғары оқу орындарының (мысалы, UC Davis, Penn State University, Cornell University, Arizona State University және т.б.) қатысуымен бірлескен ғылыми және білім беру бағдарламаларын іске асыру мүмкіндіктерін арттыра түсу қажет.

● Әлемнің жетекші жоғары оқу орындары қызметінің нәтижелері көрсеткендей, фермерлердің инновациялық технологияларды жедел енгізуі ғана елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады. Бірақ, өкінішке орай, Қазақстандағы көптеген ғылыми-зерттеу жаңалықтары аграрлық өндіріс саласына жетпейді. Extension-білім тарату жүйесі және фермерлермен кері байланыс дұрыс жұмыс істемейді. Ол үшін UC Davis тәжірибесін зерттеп, ендіру қажет.

● ҚазҰАЗУ басшылығы АҚШ пен Еуропаның жетекші университеттерінде академиялық және студенттік ұтқырлықты қолдау және дамыту жөніндегі Кеңес құруды ұсынды. Сондай-ақ, бірлескен ғылыми және білім беру жобаларын іске асыратын жас ғалымдар мен оқытушылар Клубын ашу да жоспарда бар.

● Су шаруашылығы бойынша мамандар даярлауға бейімділікпен АҚШ-тың жетекші жоғары оқу орындарының қатысуымен ҚазҰАЗУ базасында өзара тиімді халықаралық бірлескен жобаларды іске асыру қолға алынбақ. Бұл бағытта Valmont Industries компаниясымен Valley маркалы ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін басқару бойынша суару жүйелері мен қондырғыларының Демонстрациялық алаңын құру бойынша ынтымақтастық орнату қарқынды жүргізілуде. Бұл тұрғыда су шаруашылығы мамандары Nebraska University ғалымдарымен бірлесіп жұмыс істейтін болады.

● ҚазҰАЗУ-ға американдық жетекші ғалымдарды шақыра отырып, өсімдік шаруашылығы, ІТ, селекция және су проблемалары бағыттары бойынша Қазақстан мен АҚШ-тың аграрлық жоғары оқу орындары арасында онлайн-кездесулер өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Кездесу соңында тараптар жоғары оқу орнынан кейінгі білім және ғылым саласындағы ақпараттық және консультациялық сүйемелдеу бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдету туралы ортақ пікірге келді. Өз тарапынан Эмбер Ора ханым ҚазҰАЗУ басшылығына сындарлы және пайдалы кездесу үшін алғысын білдірді.

 

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник