ҚАЗАҚСТАН МЕН БЕЛАРУСЬ АГРАРЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТТЕРІНІҢ АРАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАР ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ ШЫҚТЫ
2022 жылдың 25 қарашасында Беларусь мемлекеттік аграрлық техникалық университетінің (БМАТУ) бастамасымен «Беларусь Республикасы мен Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы бизнес қызметкерлерінің ғылым және қосымша кәсіби білім беру саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастық тәжірибесі» атты тақырыпта оффлайн/онлайн форматта дөңгелек үстел болып өтті.
Оған Қазақстан жағынан Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеку университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университеті, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті, Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, А.И.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы, Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты және бірқатар жекелеген агроөндіріс өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы елшілігінің Бірінші хатшысы Манар Үсенова екі ел арасындағы ынтымақтастықтың барлық бағытта жүйелі дамып келе жатқанын атап өтіп, аграрлық саладғы білім беру және ғылыми ізденістер, өндірістегі интеграция негізіндегі жетістіктерге талдау жасап, жиынға қатысушыларға сәттілік тіледі.
БМАТУ ректоры Николай Романюк Қазақстандағы білім мен ғылым ордаларымен, агроөндіріс кешендерімен бірлесе қол жеткізілген инновациялық табыстарға кеңінен тоқталып, жаңа заманға лайықты кәсіби мамандар даярлау ісіндегі өзара іс-қимылды үйлестіру, одан ары бірлесе дамыту аспектілерін ашып көрсетті.
Беларусь Агроөнеркәсіптік кешені мамандарының біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының директоры Николай Яковчик, БМАТУ ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор Игорь Крук қазақстандық аграршы мамандар үшін ұйымдастырылып отырған кәсіби біліктілікті көтеру курстарының маңыздылығы мен бірлескен ғылыми жобалардың нәтижелерін ортаға салды.
Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ғалымдары да БМАТУ-мен арадағы жүзеге асырылып жатқан іс-шараларға лайықты бағасын бере отырып, білім беру мен ғылыми байланыстардың нәтижелілігін арттыру бойынша өз ұсыныстарын жеткізді. Мысалы, ІТ-технологиялар, автоматтандыру және агроөнеркәсіптік кешенді механизациялау факультетінің деканы Нұрлан Абдильдин БМАТУ-да тағылымдамадан өткен оқытушылар арнайы пәндер бағдарламаларына жаңа тақырыптар енгізіп, оқыту мазмұнын байытқанын атап өтті.
"Аграрлық техника және технология" кафедрасының меңгерушісі, Қазақстан-Беларусь агроинженерлік инновациялық орталығының жетекшісі Аманжол Тоқмолдаев білім алушылар Беларусь техникаларына негізделген инновациялық технологиялар мен техникалық құралдарды меңгеру барысында мол тәжірибе жинақтағандарына тоқталды.
"Аграрлық техника және технология"кафедрасының профессоры Серік Бекбосынов топырақ өңдеуді жақсарту аясында қолданыстағы технологиялар мен техникалық құралдарды жетілдіру бойынша ғылыми жобаларды бірлесіп атқаруды ұсынды.
ҚазҰАЗУ ғалымдарының ұсыныстары БМАТУ жағынан қолдау тауып, дөңгелек үстел шешіміне жеке мәселелер қатарына енгізілді. Сонымен қатар, келешекте қазақстандық ЖООлар мен БМАТУ арасындағы оқыту ісі, тәжірибелер алмасу, ғылыми ізденістер саласындағы бірлесе атқарылатын ортақ шаралар тізбесі бекітілді.
ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі.