ҚР ҰИА 2022 ЖЫЛДЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫН ШЫҒАРЫП, АЛДАҒЫ НЕГІЗГІ МІНДЕТТЕРДІ АЙҚЫНДАДЫ
2022 жылғы 25 қарашада Алматыда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында көрнекті қазақстандық ғалым-математик, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚР ҰИА президенті, академик Жұмағұлов Бақытжан Тұрсынұлының төрағалығымен Қазақстан Республикасы Ұлттық Инженерлік академиясының Жалпы жиналысының сессиясы болып өтті, онда 2022 жылдың қорытындысы шығарылып, инженерлік қоғамдастық алдындағы негізгі міндеттер айқындалды.
Офлайн және онлайн форматында өткен Сессия жұмысына ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Ахмед-Заки Дархан Жұмақанұлы, ҚР ҰҒА Вице-президенттері Темірбеков Нұрлан Мұқанұлы мен Төлешов Амандық Қуатұлы, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма төрағасы-ректордың орынбасары Ибрагимов Пірімқұл Шолпанқұлұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Баталов Амандық Ғаббасұлы қатысты.
Отырыс барысында жиынға қатысушылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық ғылымды дамыту және оның өндіріспен өзара іс-қимылын нығайтуға қатысты аса маңызды тапсырмаларын басшылыққа ала отырып, белгіленген міндеттерді іске асыруда ғылыми-инженерлік қоғамдастықтың рөлін арттыруға ерекше назар аударды.
– Техникалық саладағы ғылымдардың, инженерлік қызметтің даму деңгейі – адами капитал сапасының және жалпы экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің басты көрсеткіштерінің бірі. Бүгінде еліміздің тұрақты дамуы мен экономикалық қауіпсіздігі инженерлік қоғамдастыққа тікелей байланысты деп айту артық айтқандық емес, - деп атап өтті академик Бақытжан Жұмағұлов.
Кеңеске қатысушылар жалпы ғылым нәтижелерін іс жүзінде қолданысқа енгізуді түбегейлі жаңа деңгейге көтеру, оны өндіріспен, бизнеспен пәрменді интеграциялау, нарықтың перспективалық технологиялық талаптарын қанағаттандыру сияқты аса өткір міндеттерді жан-жақты талқылады. Атап айтқанда, өндірістің ғылыми-техникалық талаптарын орындау, ауыл шаруашылығындағы инновациялық технологияларды коммерцияландыру үшін консорциумдарды дамыту тәжірибесі терең талданды.
Атом саласының ғылыми-техникалық әлеуетін дамыту, Қазақстанның автожол саласының проблемаларын шешу жолдары туралы ұсыныстар да ортаға салынды.
Сондай-ақ, жиналысқа қатысушылар іргелі және қолданбалы зерттеулердің дамуы туралы баяндаманы тыңдап, талқылады.
Отырыс барысында Тәуелсіз Қазақстанның үздік инженері (2018), академик Амандық Баталов академияның бірінші вице-президенті болып сайланды.
ҚР ҰИА Батыс Қазақстан филиалының төрағасы, академик Ақсерік Әйтімов вице-президент болып сайланды.
Жалпы жиналыстың қорытындысы бойынша, еліміздің жетекші ғалымдары мен инженерлері 20 қарашада болып өткен ҚР Президентін сайлауда айқын басымықпен жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жаңа Қазақстанды құру бағытына бірауыздан қолдау білдіріп, ғылымның ел экономикасын дамытуға қосқан үлесін күшейту үшін барлық мүмкіндіктерді жасайтындарын атап өтті.
Сессияға қатысушылар белгілі ғалым-профессор, ҚР ҰҒА академигі, университет басшысы Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлына жиынды өткізуге қолдау жасағаны үшін рахмет айтып, университеттің ғылыми-инновациялық инфрақұрылымымен танысты. Олар Вагенинген университетімен жұмыс институтының жаңалығын, Микроклоналды көбею зертханасындағы инновациялық ғылыми жетістіктер және білім беру ізденісіндегі бастамаларын жоғары бағалады.
Айта кету керек, еліміздің аграрлық секторындағы жоғары оқу орындарының көшбасшысы ҚазҰАЗУ-дың басты мақсаты – білім мен ғылымды, өндірісті интеграциялау, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер мен ғылыми-техникалық жобаларға қатысу арқылы бәсекеге қабілетті жоғары білікті кадрлары даярлау болып табылады.
ҚР ҰИА баспасөз орталығы.
ҚазҰАЗУ баспасөз қызметі.