KazNARU

ҚАЗҰАЗУ БАСШЫСЫ ВЕНГРИЯНЫҢ АЛМАТЫДАҒЫ БАС КОНСУЛЫ ФЕРЕНЦ БЛАУМАННМЕН КЕЗДЕСТІ

Қазақстанның Венгриядағы елшісі Жәнібек Әбдірашов мырзаның Венгрияның жетекші ауыл шаруашылығы университетінің Қазақстандағы филиалын ашу мүмкіндігін қарастыруға орай, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры, ҰҒА академигі Ақылбек Күрішбаев 2022 жылдың 6 желтоқсанында Венгрияның Алматыдағы Бас консулы Ференц Блауманмен кездесіп, ҚазҰАЗУ базасында Венгрия ауыл шаруашылығы және жаратылыстану ғылымдары университетінің (МАТЕ) филиалын ашу мәселесін талқылады. 

MATE – бүгінде салалас төрт университет пен он бір ғылыми-зерттеу институтын біріктіріп отырған Венгриядағы ғана емес, Орталық Еуропадағы ең ірі және жетекші ауылшаруашылық жоғары оқу орны.

Ректор Ақылбек Қажығұлұлы МАТЕ филиалының ҚазҰАЗУ базасында ашылуы екі елдің ғалымдарына агроөнеркәсіптің өзекті мәселелері бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, жаңа технологиялар трансфертін жүзеге асыруға, бәсекеге қабілетті мамандарды бірлесе даярлауға жаңа мүмкіндік беретінін атап өтті. 

Сондай-ақ, халықаралық аренада танымал, бүгінде Алматы облысында фермерлер үшін жүгерінің сапалы тұқымын өсірумен шұғылданып отырған Lac-Holding Zrt компаниясымен қарым-қатынас орнату мәселесі сөз болды. Университет басшысы аталған компаниямен бірлесіп, ҚазҰАЗУ базасында ГМО-сыз жүгерінің жаңа сорттары мен будандарын өсіру жөніндегі жобаларды іске асыруға ықпал ететін Ғылыми-білім беру инновациялық орталығын ұйымдастыруды ұсынды. 

Сонымен қатар, еліміздегі ауыл шаруашылығын дамыту үшін қосымша білім беру және кадрлар даярлау мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында фермерлерге арналған Экстеншн бағдарламасын енгізу мәселесі ұсынылды.

 

ҚазҰАЗУ баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник