KazNARU

Кәсіби мамандардың ынтымақтастығы

Бүгін, 2023 жылдың 26 қыркүйегінде Атакент көрме кешенінде Орталық Азия өсімдіктер тәлімбағы қауымдастығының алғашқы конференциясы өтті. Конференцияда саланың проблемалық мәселелері және тәлімбақтарды дамытудағы, Қазақстан мен Орталық Азияның қалалары мен елді мекендерін көгалдандыру мен абаттандырудағы соңғы техникалық жетістіктер мен инновациялар талқыланды. Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің атынан Басқарма төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары, профессор, ветеринарлық ғылымдар докторы Ибрагимов Пірімқұл Шолпанқұлұлы сөз сөйледі. Ол университетте білім, ғылым және өндірісті біріктіру процесіне баса көңіл бөлінетінін атап өтті. Мәселен, өндіріс қажеттіліктерін ескере отырып, 2022-2023 оқу жылы университетте «6B08304 – Ландшафт дизайны және көгалдандыру» деген білім беру бағдарламасы ашылғанын айтты. Бұл мамандыққа бірінші жылы 65 студент қабылданса, осы оқу жылында оқуға түсушілер саны 150 студентке дейін өскен екен. Аталмыш білім беру бағдарламасының мақсаты – елді мекендерді көгалдандыру және абаттандыру саласында білімі бар жасыл құрылыс қызметкерлерін даярлау.

✅Конференция жұмысы барысында «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті» КЕАҚ мен «Орталық Азия өсімдіктер тәлімбағы қауымдастығы» (ОАӨТҚ) заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер бірлестігі арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. ОАӨТҚ директоры Александр Губдулхакович Тайматов орман шаруашылығы және көгалдандыру саласында көптеген танымал мамандар дайындап шығарған жетекші жоғары оқу орнымен серіктес болуға мүдделі екенін білдірді. Ол студенттердің оқу және өндірістік практикадан өтуін ұйымдастыруды, кейін түлектердің бір бөлігін Қауымдастықтың тәлімбағына жұмысқа орналастыруды ұсынды. Сондай-ақ оқытушылар құрамын «Лукоморье» тәлімбағына (Панфилов кенті) таныстыру турына қатысуға және «GREEN EXPERT» практика және шеберлік сабақтары күніне қатысуға шақырды.

✅Пленарлық отырыста Орталық Азия өсімдіктер тәлімбағы қауымдастығы басқармасының білікті кадрлар дайындап шығару жөніндегі шешімімен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті «Орталық Азия тәлімбақтану кадрларының ұстаханасы» номинациясы бойынша «Алтын тамыр» марапатына ие болды.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник