KazNARU

ҚазҰАЗУ студенттері Астанада өткен V республикалық жастар форумына қатысты

Бүгінде Тәуелсіз еліміздің талантты да, талапты көптеген жастары ел экономикасын дамытуға өз үлестерін қосу жолында алдыңғы лектен көрінуге атсалысып жүр. Жастар – тұтас қоғамның, әрбір әлеуметтік ортаның барометрі секілді.

Сезімтал, сергек, қырағы, қайратты жастар заманның талабына қарай бейімделгіш, алаулап алдыңғы сапта жүретін буын. Ерік-жігерін білім мен білік арқылы ұштап, осы қасиеттерін өмірдегі игілікті мақсаттарға жұмсай білсе, олардың алар асуы мен бағындырар белесі биік болары сөзсіз.

✅ Өткен аптаның 6-7 қазанында Елордаға еліміздің түкпір-түкпірінен осындай креативті жастар жиналып, «Ауыл» партиясының жастар қанаты мұрындық болған дәстүрлі V республикалық жастар форумында 4 маңызды бағыт бойынша тәжірибие алмасты.

Форумға қатысушылар алдында ҚР Парламенті Сенатының депутаты, «Ауыл» партиясының Төрағасы Әли Бектаев және Мәжілістегі «Ауыл» партиясы фракциясының депутаттары сөз сөйлеп, жастарды мемлекеттік қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар бағытымен таныстырып өтті.

✅ Осы екі күндік форумға біздің Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Зооинженерия және тағам өндірісінің технологиясы» факультетінің «Мал шаруашылығы өнімдерінің өндіру технологиясы» білім беру бағдарламасының 2-курс докторанты Уәлихан Ахметов пен 3-курс студенті Аружан Ибадулла қатысып қайтты.

Олар форум делегаттары қатарында танымал мамандар өткізген шеберлік дәрістерге белсене қатысып, көшбасшы жастардың аймақтарды дамыту жөніндегі тұшымды ойларын тыңдап, өздерінің тың ұсыныстарымен бөлісті. Сонымен қатар жиналған жастар Мәжіліс музейінде болып, тарихи экспонаттарды тамашалады, Парламент Палаталарының бірлескен отырысы өтетін залмен және Мәжіліс кітапханасындағы кітап қорымен танысты.

✅ Біздер осындай республикалық алқалы жиынға қатысып, өздерінің рухани күш-қуаты мен білім-білігін таныту арқылы университетіміздің мәртебесін арттырып жүрген білім алушыларымызды мақтан тұтамыз және оларға әрқашан сәттілік тілейміз!

Жұмағалиева Г.М., Құлатаев Б.Т.

ҚазҰАЗУ «Зооинженерия» кафедрасының профессорлары

 

---------Chatbot---------
виртуальный помощник