KazNARU

ҚазҰАЗУ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МЕН СТУДЕНТТЕРІ АЛТЫН КҮЗДІҢ ЖЕМІСІН КӨРІП ОТЫР

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің  білім алушылары мен қызметкерлеріне арнап, биылғы 1 қыркүйектен бастап жұмыс істей бастаған «Студент» әлеуметтік дүкені арқылы  фермерлік қожалықтардан тікелей әкелінген жеміс-жидек, көкөніс, оның ішінде алма, таңқурай, пияз, картоп көтерме бағамен жеткзіліп келеді.

✅  Осы аптада Алматы облысының Шеңгелді ауылынан келген жаңа жиналған пияз – келісі 75 теңгеден, Павлодар облысынан келген картоп – келісі 140 теңгеден сатылымға түсті.  Келесі аптада Райымбек ауданынан келетін картоптың бағасы 100 теңгеден аспайды дейді өндірушілер. 

✅  «Бағадағы айырмашылық өнімді тасымалдаудың алыс-жақындығына байланысты болып отыр. Әсіресе жанар-жағар май бағасына тәуелділік бар. Соның өзінде де осы ұсынылған көкөністер мен азық-түлік түрлері басқа сауда орындарына қарағанда 15-20 пайызға төмен. Біз университет басшылығының әлеуметтік жеңілдік жасау шараларын күшейту туралы бастамасын қолдаймыз. Соның бір көрінісі, әр жұма күндері нан мен күлшені студенттер мен қарапайым қызмет көрсетуші жұмысшыларға, күзетшілер мен еден тазалаушыларға тегін беруге шешім қабылдадық, - дейді «Студент» дүкенінің сатушысы Руслан Асаубаев.

✅ Жаңа оқу жылында ҚазҰАЗУ-де қолға алынған жаңа бастаманың бірі – білім алушылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын нақты қолдау болатын. Осы мақсатта  арнайы әлеуметтік дүкен, аптека ашылып, жұмыс істей бастады. Алдағы 1 қарашадан бастап университеттің барлық қызметкерлерді Алматы қаласы ішіндегі қоғамдық көліктерде тегін жүру билетімен қамтамасыз етілетін болады.

✅ Осы игілікті істі қолдаған ұйымдар да аз емес. Мысалы, «Almaty clinic» медициналық орталығы университеттің ақылы бөлімінде оқитын, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған және мүмкіндігі шектеулі 5 студентке бір жыл бойы айына 50 мың теңге көлемінде стипендия тағайындап, сертификаттар табыс етті. 

✅  «Орталық Азия өсімдіктер тәлімбағы қауымдастығы» студенттердің оқу және өндірістік практикасын ұйымдастыруды, оқу бітіргеннен кейін түлектердің бір бөлігін Қауымдастықтың тәлімбағына жұмысқа орналастыруды ұсынды. 

✅ «Біздерге осындай жақсы жағдай жасап, алаңсыз оқу дәрістеріне қатысып, практикалық шеберлік сабақтарында шыңдалуымыз үшін және әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсетіп отырған ҚазҰАЗУ ректоры мен басшылыққа барша білім алушылар атынан ризашылығымызды білдіреміз», - дейді  Агробиология факультетінің 3-курс студенті, белсенді активист Саят Ергараев.

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник